Облыс орталығында TEDx форматында жастармен кездесу өтті. Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыс туралы ақпарат берілді. Жиынға осы сала қызметкерлері, облыстың еріктілері мен белсенділері қатысты.
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Сондықтан, әсіресе, жастар арасында әңгіме жүргізіп, ашық, кәсіби және тиімді ақпарат беру маңызды. Бұл жолы кездесуге облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары келді.
– Бұның бәрі адамның өміріне әсер етеді. Жастар бұл туралы білуі үшін іс-шараларды оларға қызықты болатындай форматта өткіземіз. Шара барысында адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте қалай жұмыс істей бастағаны, қалай ерікті атанғанын және қоғам бұл кеселмен қалай күресіп жатқаны айтылды, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасы жастар бастамалары бөлімінің маманы Елена Скакунова.
Қатысушылар “Кедергісіз келешек” жобасына да тоқталды. Бағдарламаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту, қолайлы орта қалыптастыру мен азаматтардың түйткілді мәселерін шешуге көмектесу.
– Мен жастарға мүмкіндігі шектеулі адамдарға қалай қолайлы жағдай жасауға болатынын айттым және “Кедергісіз келешек” бағдарламасы жөніндегі көзқарасыммен бөлістім. Өңірімізде қандай кедергілер бар екенін және оларды қалай шешуге болатыны жайлы сөйлестік. Жалпы осындай кездесулердің барысында студенттермен қоғамдық мәселелерді талқылай отыра, көзінде оты барларды белсенді ретінде қатарымызға шақырамыз, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының маманы Сәлімхан Сәбитов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары өздерінің күнделікті атқарып жатқан жұмысы жайында баяндап, жемқорлықпен қалай күресіп жатқандары туралы ақпарат берді. Олардың айтуынша, облыста осы жылдың 9 айында 29 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркеліпті.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.