«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Байырғы атаулардың сыры

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дәстүрге сай оқырмандарымызбен кездесу үшін Айыртау ауданына арнайы бардық. Алғашқы кездесу Саумалкөл ауылындағы №2  мектеп ұжымымен өтті. Облыстық газеттің журналистерін құшақ жая қарсы алған білім ошағының ұстаздары мектептегі жақсы жаңалықтарымен бөлісті. Бұл мектептің аралас мектепке айналу тарихының куәгерімін деп әңгімесін бастаған директор Раушан Тілеубаева: “Әр қақпаны қағып жүріп, мектепке қазақ балаларын жинадық. Өз ана тілінде білім алғысы келетін бала көп болғанымен білім беру ошағы болмады. Біраз қиыншылықты бастан өткердік. Десек те мақсатымызға жетіп, қазір міне, қазақ тілінде білім беретін мектебіміз жұмыс істеп тұр. Оқушыларымыз түрлі спорттық, мәдени сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп, қуантуда. Мектебіміздің материалдық базасы мықты. Сонымен қатар дәл қазіргі кезде мектеп ғимаратының ішінде  балаларымыздың шынығып, шымыр болуына септігін тигізетін бассейн жұмыс істеп тұр”, – деген ол өз әріптестерінің “Soltüstık Qazaqstan” газетінің әр нөмірін асыға күтіп, бір де бір ақпаратын жібермей оқитынын жеткізді. Сондай-ақ Раушан Райымжанқызы өз ұжымының алдағы уақытта да облыстық газетпен байланысын жалғастырып, өзара ақпарат, хабар алмасуды тоқтатпайтынын тілге тиек етті.

Дәл осындай жылы лебіздерін Саумалкөл қазақ орта мектебінің ұстаздары да білдірді. “Әріптестерім республикалық газет-журналдан бөлек, өзіміздің облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетін арнайы жаздыртып алып оқиды. Газет беттеріне шығатын әдеби-тарихи материалдар мен өңіріміздегі жаңалықтар назардан тыс қалмайды”, – деген мектеп директоры Меңдігүл Олжабаева газет ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Саумалкөл ауылындағы агротехникалық колледж басшысы Берік Жанахметов те өзі басқарып отырған ұжымда облыстық газетті оқитындар бар екенін жеткізді.

“Қазіргі интернет заманында жаңалықтарды әлеуметтік желілерден оқып аламыз деген жаңсақ түсінік бар. Дұрыс-ақ. Көп жаңалық, ақпарат интернетке шығады. Алайда интернетке шықпайтын сараптамалық, танымдық мақалалар болатынын ескергеніміз жөн. Мысалы, облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетіне шығатын бүкіл мақаланы интернеттен таппауыңыз бек мүмкін. Бұдан бөлек, облысымыздағы ана тілімізде жарық көретін, өңір жаңалықтарын, осы аймаққа тиесілі тарихи-мәдени тың ақпараттарды тарататын газетіміздің тоқтамай шығуына ықпал ету – әрбіріміздің азаматтық міндетіміз емес пе?” – дейді Берік Жанахметов. 

Сырымбет ауылындағы орта мектеп мұғалімдері газетке игі тілектерімен қатар оның жеткізілуіне қатысты өтініштерін де ортаға салды. “Былтырға дейін газетті жаздыртып оқитынбыз. Алайда өткен жылдан бері ауылымызда поштаның жүйелі түрде жұмыс істемеуінен газет қолымызға уақытылы тимейді. Осы мәселені тиісті орындарға жеткізсеңіздер”, – деген өтініштерін айтты. 

Ал Дәуқара ауылындағы орта мектеп ұжымы “Газет бетінде ұстаздарға арналған арнайы беттер шығатыны, жолдаған әрбір хатымыздың жауапсыз қалмайтыны қуантады. Тарихы өткен ғасырдан бастау алған бұл газет біз үшін қымбат”, – деген жылы лебіздерін білдірді. 

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp