Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов журналистермен жүздесті. Бұл жолы өңірдің бас тәртіп сақшысы жергілікті полиция қызметінің жұмысына тоқталды.
– Ішкі істер органдары құрылымындағы маңызды бөліністің бірі жергілікті полиция қызметі болып табылады. Оның міндеті – құқық бұзушылық профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу мен жолын кесу, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 2023 жылғы он айдың қорытындысы бойынша мақсатты профилактикалық жұмыс нәтижесі қылмыс санын 21,0 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Қылмыстың ауыр түрі 15,8 пайызға төмендеді, – деді ведомство бастығы.
Жергілікті полиция қызметі жұмысының маңызды бағытының бірі – жасөспірімдер қылмысының алдын алу мен ескерту, балаларды қараусыз және қадағалаусыз қалдыру фактілерінің жолын кесу, оның ішінде оларға қатысты жасалған қылмыстарды анықтау болып табылады. Он айдың ішінде кәмелетке толмағандар 32 қылмыс жасаған. Оның ішінде елді дүрліктіргені №4 мектептегі жағдай бар. Кәмелеттік жасқа толмаған бала қатарластарына ауыр дене жарақатын салды. Қазір қылмыстық іс сотқа жолданды.
Өкінішке қарай, өңірде жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Соңғы он айда осындай 327 жағдай тіркелген. Салдарынан 39 адам қаза тапқан, 463 адам жарақат алған. Айдын Тоқтарұлы жалпыға ортақ ережені бұзушыларды атады.
– Жол қозғалысы ережелерін жаяу жүргіншілер, рөлге мас күйде отырғандар және жылдамдық режімін сақтамағандар бұзады. Бұл үшеуі жолдағы қайғылы оқиғаның негізгі факторы болып отыр. Біз жол-көлік оқиғасын азайту және оған жол бермес үшін заңнама аясында барлық қажетті шараларды қабылдауымыз қажет, – деді Айдын Қабдұлдинов. Жыл басынан бері өңірімізде 60 мыңға тарта адам жол ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылыпты. Олардың 25 мыңнан астамы өрескел құқық бұзушылыққа жол берген. Сонымен қатар 1 мыңға жуық адам мас күйде рөлге отырған.
Баспасөз мәслихаты барысында облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов журналистердің сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.