Облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын Ғалым Малдыбаевтың қаламы бар. Аталмыш жәдігерді қаламгердің баласы Шашубай Малдыбаев табыстаған.
Әкесінің жазу үстелі басында қалам ұстап, қағазға қарап отырған сәттері әлі күнге дейін Шашубай ағамыздың көз алдында. Өмірінің соңғы жылдарын Сергеевка қаласында өткізген Ғалым Рахметұлы бір бөлмені жеке жазу кабинеті етіп, шығармашылық кезеңдерін өткізді.
– Музейге 1984 жылы табыстаған қаламның ерекше тарихы бар. Жаз айларының бірінде Сәбит Мұқанов Қызылжарға келгенінде әкемді шақыртып алды. Сол кездесуге мен де еріп бардым. “Ленин туы” газетінің редакциясында кездесу ұйымдастырылып, ауылдардағы жас ақын-жазушылар, тілшілер жиналды. Редакторы Балтабек Асанов, облыстық партия комитетінің хатшысы Ілияс Омаров қатысып, алқалы жиын өткені әлі есімде. Бөлменің бір бұрышында үндемей, әңгімелерін тыңдап отырдым. Отыз жылдан астам достықты бағалаған Сәбең жиын барысында үстел үстінде жатқан қаламды редактордың рұқсатын алып: “Мен мына қаламды Ғалымға сыйлағым келіп отыр. Шалғайда жатқан ауылдағы ақынның қолына жақсы қаламсап түсе бермейді. Осыны ескеріп, осындағы қаламгерлердің, жерлестерінің атынан бұл бір ескерткіш болсын!” – деп әкемнің қолына табыстағанда жігіттердің бірі “Сауыты қайда?”, – дейді. Сонда Балтабек Асанов ағамыз үстелінде тұрған қоладан әлде, мыстан жасалды ма, нақты білмеймін, әйтеуір бір сауытты Ілияс Омаровтың қолына берді. Ілияс ағамыз: “Бізден де естелік болсын, Ғалеке! Елге ала кетіңіз!” – деген еді.
Сол қаламмен әкем очерктер, повестер, өлеңдер, поэмалар, естеліктер, хабарлар жазып, шығармашылық табыстарға қол жеткізді, – дейді Шашубай Ғалымұлы.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.