Қысы қытымыр теріскейде қар ерте жауатыны белгілі. Сондықтан коммуналдық кәсіпорындар мен құтқару қызметтерінің техникасы кез келген жағдайда тұрғындарға көмекке келуге әзір болуы тиіс. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аталмыш іске жұмылдырылатын көліктерді тексерді.
Петропавл қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта облыс орталығы көшелерін ақ ұлпадан тазалауға коммуналдық қызметтердің техникасы сақадай сай. Белгіленген аумақтарда кәсіпорындар қарды шығарып, құм-тұз қоспасы жолдың қауіпті аймақтарына себілуде.
– Қарды шығаруға жауапты мердігерлермен кездестім. Қыста көшелерді тазалау кезінде үйлесімді және жедел жұмыстың маңызы жоғары. Тұрғындардың қолайлығы мен қауіпсіздігі үшін көшелер мен жаяу жүргіншілер жолына құм-тұз қоспасы және реагенттер себуді ұдайы жүргізуіміз керек, – деді өңір басшысы Ғауез Торсанұлы.
Қыста қала көшелерін қардан тазалау жұмыстарына 300-ге жуық техника жұмылдырылатын болады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.