Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры “Кукарача” спектаклін көрермендер назарына ұсынды. Грузин жазушысы Н.Думбадзенің кейіпкерлерін қазақша сөйлеткен Барзу Абдураззаковтың режиссерлігімен сахналанған “Кукарача” қойылымындағы тоғыз әртістің өнері көпшіліктің көңілінен шықты.
– Осы жылдың шілде айында Грузия мемлекетінің Озургетти қаласында өткен Нодар Думбадзе атындағы IV халықаралық театр фестивалінде “Кукарача” спектаклімен қанжығамызды майлап, “Ең үздік интерпретация” аталымында үздік атандық. Инга рөлін сомдаған театр актрисасы Жанар Насырова қазылар алқасының шешімімен “Үздік шетел актрисасы” атанғаны белгілі. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Шетелдік өнер тарландарымен тәжірибе алмасып, еңбектері жоғары бағаланғаннан кейін әртістерімізде шығармашылық шабыт пайда болды, – дейді театр директоры Біржан Жалғасбаев.
Психологиялық қойылымның режиссерлік тұжырымы, ойды нақты жеткізуі мен актерлік шеберлігі көрермендерді бейжай қалдырмады.
– Өз рөлімді сахнаға шығару үшін алты-ақ күн дайындалдым. Қай рөл болмасын, өз ерекшелігімен ел есінде қалады. Инга – театр қоржынына олжа салған кейіпкер. Оны қалай ойнағанымды халық бағалай жатар. Өнерпаздың мақсаты – өнерсүйер қауымның қалағанын жеткізе білу, – деді Жанар Насырова.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.