Егемендігіміздің елең-алаң шағында бой көтерген Аққайың ауданындағы №3 Смирнов қазақ орта мектебінің қабырғасынан бір мыңнан астам түлек қанат қағып, бүгінде еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүр. Олардың қатарында Құртқа Мусинаның, Азамат Байғұнақовтың, Алмат Қонақбаевтың, Рүстем Ілиясовтың, Инесса Анарбаеваның, Арман Шамшитовтың тағы басқаларының есімдері мақтанышпен аталады. Инесса – Дебрецен университетінің (Венгрия) студенті, Арман Литваның ауыл және орман шаруашылығы ғылыми орталығына қарасты микробиология зертханасының белді қызметкері, бүгінде ол “Vytautas Magnus” университетінде PhD (докторантура) бағдарламасы бойынша білім алуда. Рүстем – жекпе-жектен спорт шебері, облыстағы “Өзін-өзі қорғау және балалар психологиясы” орталығының негізін қалаушы. Алмат – еркін күрестен халықаралық жарыстың жүлдегері, қоян-қолтық ұрыстан облыс чемпионы. Азамат – Ұлттық ұланның “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты №5510 әскери бөлім жасағы штаб бастығының орынбасары, “Ерлігі үшін” медалімен марапатталған. Құртқа – актриса, Грузияда өткен Нодар Думбадзе атындағы фестивальда үздік интерпретецияны жеңіп алған. Адамның жанын жадырататын мұндай мысалдар аз емес.
Аудан орталығындағы тұңғыш қазақ білім ордасының мерейлі белесінің шымылдығы “Отыз жыл, отыз белес, отыз асу” атты конференциямен ашылып, меймандар орындарына жайғасқаннан кейін мектеп директоры Райса Нұртазинова баяндама жасады. Білім ордасына тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан өрендерді білімнің қайнар бұлағымен сусындатқан, өмірдің қиясына самғатқан ұстаздар мен оларға қол ұшын беріп, көмегін аямаған ата-аналардың, жергілікті билік орындарының қажырлы еңбегіне лайықты баға берілді. Сөз алған аудан әкімі Рүстем Елубаев білім ошағы оқушылардың үлкен өмірге жол ашуына себепкер болғанын, осы кезең ішінде өзіндік үрдісі, дәстүрі берік қалыптасқанын, 243 бала оқитынын, оларға 32 білікті ұстаз тәлім-тәрбие беретінін айта келіп, келесі жылдан бастап жаңа ғимарат салу жұмыстары басталатынын жеткізді. Қазақ мектебінің құрылып, өркен жаюына бастан-аяқ белсене атсалысқан Сансызбай Жұмабек пен Еркін Жақыповтың кеудесіне арнайы төсбелгі тағылды. Қазақстанның болашақ азаматтарын тәрбиелеуге үлесін қосып жүрген мұғалімдерге, атап айтқанда, Күләндам Баймұқанова, Айгүл Әлібаева, Светлана Мейрамова, Қаламқас Малмасова, Айгүл Бекмүрзенова, Жайнагүл Үмбетоваға Құрмет грамотасы мен Алғыс хат салтанатты түрде табыс етілді. Роза Сәлімбайқызы, Қазинаш Бейсембекқызы, Нұрсұлу Төкенқызы, Мархаба Сәлімқызы “Аманат” партиясы аудандық филиалының Алғыс хатына ие болды.
Мектептің алғашқы директоры, бүгінде Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжіне жетекшілік ететін Еркін Жақыпов та өз сый-сияпатын ала келіпті. Бір кездері аудандық “Қазақ тілі” қоғамының ашылуына да көмек қолын созған Сансызбай ақсақалдың айтуына қарағанда, мектеп алғашында жылу жүйесі жоқ бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан. Мектеп табылдырығын аттаған бүлдіршіндерге Қамажай Ибраева мен Әсемгүл Кашенова сабақ берген. 2000-2003 жылдары көші-қон бағдарламасы шеңберінде жан-жақтан қандастарымыз көшіп келіп, ғимарат тарлық ете бастаған. Әсіресе сынып бөлмелері жетіспеген. Сол кездегі облыс әкімі Қажымұрат Нағыманов облыстық бюджеттен 12 млн. теңге бөлдірткен, “Батт-Агро” корпорациясы да демеушілік көрсетіпті. “Сыныпқа бала жинау үшін екі ай бойы үйлерді жалғыз аралағаным бар. Төрге шығарып, шәйін бергенімен, көбі балаларын қазақ тілінде оқытудан бас тартқан жайттар жиі кездесті”, – дейді өткенді еске алған еңбек ардагері.
Білім ошағына 2021 жылдан бері Райса Кеңесқызы жетекшілік етеді. 2022 жылы робототехника кабинеті, “Саржайлау” этноауылы құрылған. 2023 жылы жаңа модификациялық химия кабинеті жабдықталыпты. Тәрбие мен тағылымды бірге ұштастырып, шәкірттерін жоғары жетістіктерге жетелеп жүрген ұстаздар қауымы бүгінгі білім ошағының айнасы іспеттес.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.