«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мақсат – тұрғындар игілігіне қызмет ету

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президентіміз бір жыл бұрынғы Жолдауында “Келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырады”, – деп атап көрсеткен болатын. Шынында да Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы мемлекеттік саясатымыздың негізгі басымдықтарын айқындап берді. Оған сайлаушы ретінде тіркелген 12 млн. 32 мың адамның 6,5 млн.-ы қатысып, конституциялық реформалардың жалғасы ретінде қолдау білдіруі саяси ерік-жігерлерінің жоғары екенін айғақтады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы баға берген саяси аламанның басты ерекшеліктерінің бірі – бір мандатты мажоритарлық жүйенің енгізілуі. Мұның өзі бәсекелестікті арттырып, ашықтықты барынша қамтамасыз етті. Үміткерлер тек партиялық тізіммен ғана емес, сонымен бірге өзін-өзі ұсыну арқылы Парламент Мәжілісінің 29 мандаты үшін таласқа түсті. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауы аралас үлгімен өтсе, аудандар мен қалалар бойынша 100 пайыз өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ саяси партияларды тіркеу шарттары да біршама жеңілдетілді. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту мақсатымен заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп, мәселен, депутаттық мандаттың 30 пайызы әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлінді. Осылайша Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгімен жасақталып, рөлі мен дербестігі нығайтылып, азаматтық қоғамның демократиялық жолмен одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалды. Жергілікті жерлерде жұртшылықты толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, лайықты шешімін табуына өз үлестерін қосып жүрген халық қалаулылары тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болғандықтан, олардың бір мандатты округтерден сайлануы өте құптарлық қадам дер едік. Өйткені мәслихат депутаты жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіретін саяси тұлға болғандықтан, мәслихат сессиясы мен оның тұрақты комиссияларында және өзге де органдарда қарау үшін мәселелер ұсынуға, оларды қарауға, шешімдер қабылдауға қатысуға, өз округінің сайлаушыларымен, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және ұйымдармен кездесулер мен жиналыстар өткізуге, есептерін тыңдап, ұсыныстар енгізуге, азаматтардың қоғамдық маңызы бар өтініштерін жариялауға құқылы екенін ескерсек, жауапкершілікпен қоса жүктелетін талаптардың да сан-салалы екенін аңғару қиын емес. Сегізінші сайланған аудандық мәслихаттың бірінші ұйымдастыру сессиясында келтірілген мәліметтерге сүйенсек, мандат иеленген халық қалаулыларының 70 пайызы жаңартылды. Құрамына “Amanat”, Қазақстан халықты партиясы, “Ауыл” халықтық-демократиялық партиясы еніп, жас күштермен толықты. Тұрақты комиссиялар жетекшілігіне Әсет Қожахметов, Ирина Бурковская сияқты тәжірибелі депутаттар бекітілді.

Президенттің Жарлығымен мәслихаттың үлгілік регламентіне өзгерістер енгізіліп, оның бірінде “Осы мәслихаттың үлгі регламенті Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңның 9-бабына сәйкес әзірленеді және мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткізу, оларға мәселелерді енгізу және қарау, мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметі туралы есептерді, халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы және оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есептерді тыңдау, депутаттардың сауалдарын қарау тәртібін, мәслихаттағы депутаттық бірлестіктердің өкілеттіктерін, қызметін ұйымдастыруды, сондай-ақ дауыс беру, аппарат жұмысының тәртібін және басқа да рәсімдік және ұйымдастырушылық мәселелерді белгілейді”, – деп жазылған. Оның ішінде жергілікті қоғамдастық жиналысының аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастама жасауы мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылатыны, ол Заңның 39-3 бабы негізінде жергілікті қоғам жиналысының хаттамасымен расталатыны – айтулы жаңалықтардың бірі. Мәслихат депутаттарының жалпы санының бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру жөнінде мәселе қойылуы мүмкін. Егер бұл шешімге мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, жүзеге асты деп есептеледі. Бұл орайда өз өкілеттіктерін сессияларда тұрақты комиссиялар мен өзге де органдар, депутаттар және төраға арқылы жүзеге асыратын мәслихаттың рөлі зор әрі ықпалды. Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады. Жаңа шақырылымнан бері мәслихаттың 7 сессиясы өтіп, әртүрлі сипаттағы 83 мәселе талқыланды. Шешімдер қабылданып, нақты шаралар белгіленді.

Депутаттар жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін сайлаушылармен тұрақты байланыс орнатқан. Азаматтармен кездесулер бекітілген кестеге сай жүргізіліп, сайлау округтерінде қоғамдық қабылдаулар өткізіледі. Осы кезең аралығында жұртшылықтың коммуналдық қызмет, автомобиль жолдарын жөндеу, сумен жабдықтау, жұмысқа орналастыру, жалақыға қосымша ақы төлеу, ауылдарды жарықтандыру, көгалдандыру, жер қатынастары, интернет пен ұялы байланыс мәселелеріне қатысты 63 өтініші қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Бірер мысал келтіре кеткенім артық болмас. Саумалкөл ауылында жалпы ұзындығы 57, 677 шақырым магистральдық кәріз құбыры орналасқан. Өткен ғасырдың 70 жылдары пайдалануға берілген 3 кәріз сорғы стансасының, тазарту жүйелерінің тозығы жеткендіктен, күрделі жөндеуді қажет етеді. Мемлекеттік органдарға жолданған жобалық-сметалық құжаттамаға қаражат бөлу туралы ұсыныстарымыз қолдау тапты. Антоновка ауылын сумен жабдықтау жүйелерінің жиі істен шығатыны тұрғындарды әбден ығыр қылған еді. Тарату желілері бар жергілікті сумен жабдықтау желісін салу жөніндегі хат Парламент Сенатына жолданып, мәселе оң шешілетін болды. Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына, автомобиль жолдары мен мектептердің, аудан ауруханасының жөндеу жұмыстарының барысына мониторинг жүргізілді. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының қатысуымен Астанада өткен бірінші республикалық форумда аудан тұрғындарының карьерлерді және карьерлердің жер учаскелерін “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының құрамынан шығарып, ауылдық елді мекендерге беру мәселесі арнайы көтерілді. Өйткені қиыршық тас жетімсіздігінен жергілікті материалдарға деген сұраныс толық өтелмей келеді.

Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғау бірінші кезектегі міндет екенін айта келіп, депутаттар сайлаушылардың өзекті мәселелері бойынша күнделікті қажырлы жұмысқа көшуін, бұл ретте кәсібилік пен жауапкершілік көрсетуі тиістілігін алға тартқан болатын. Осы орайда халық қалаулыларының әлеуметтік жауапкершілігі жайлы ой қозғаудың реті келген сияқты. Ауыл шаруашылығы өндірісінің шебер ұйымдастырушысы Сырымбет Есенғалиевтың басшылығымен “Баянтай” ЖШС жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мұнда әлеуметтік салаға да жете көңіл бөлінеді. Қайрош ата атындағы мешіт салынды, “Самғат” ат спорты мектебі ашылды. Жетім және ата-анасыз қалған балаларға үнемі қолдау көрсетіледі. Воскресеновка негізгі мектебі, еңбек ардагерлері, жалғызілікті қарттар тұрақты қамқорлыққа алынған. Аудандық ауруханаға бірнеше медициналық жабдық табыс етілді.

“Гусаковка” серіктестігіне жетекшілік ететін Навои Сердалин де – белсенді депутаттарымыздың бірі. Ол Гусаковка ауылындағы демалыс орталығына асфальт төсеп, мектеп пен дәрігерлік емдеу мекемесін жөндеп берді. 40 балаға арналған шағын орталықтың құрылысына демеушілік көрсетті. Абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына да қол ұшын беруден тартынған емес. Шаруашылық есебінен су құбыры тартылып, жолдар қалпына келтірілді. Наубайхана, жастардың демалыс орталығы тұрғызылды. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатқа жүйелі түрде көмектесіп тұрады.

“Ключи” ЖШС-ның директоры Самат Қосжанов сегізінші шақырылымның халық қалаулысы ретінде Шалқар елді мекеніндегі демалыс орнын ретке келтіріп берді. Шатырлар, терезелер ауыстырылып, заманауи жиһаздар қойылды. Кей тұрғындар ауызсу жетіспеушілігіне тап болғанда үйлеріне дейін тасымалдауды ұйымдастырды. Оның бастамасымен тіршілік көзімен жабдықтау және автономды кәріз жүйесі тартылды. Шалқар ауылында наубайхананы пайдалануға беру жобасын жүзеге асырып, ол қазіргі таңда тиімді жұмыс істеп тұр. Сөйтіп, адамдардың сапалы өнімді тұтынуына қол жеткізді. Шалқарлықтарды қауіпсіздік шараларының дұрыс жолға қойылмауы қинайтын. Қазір бұл кедергі жойылды, жолға қозғалыс жылдамдығын төмендететін белгілер орнатылды. Самат Қайниденұлы сайлаушылармен әркез қоян-қолтық араласады, болашақ іс-қимыл жоспарларын жасаған кезде олармен ақылдасып, ой-пікірлерін ескеріп отырады.

Мәслихаттардың дербестігі мен рөлін арттыруға бағытталған шешімдер азаматтардың билікке деген сенімін нығайтып, қоғамды жаңғырту, еліміздің саяси даму бағытының жаңа моделіне көшу жолдарының дұрыстығын одан әрі дәйектей түседі.

Гүлмира ӘБІЛҚАЙЫРОВА,

Айыртау аудандық мәслихатының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp