«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Стратегиялық маңызы зор сала­лардың бірі – ауыл шаруашылығы. Мемлекет агроөнеркәсіп ке­шеніне озық технологияларды енгі­зіп, сек­тордың бәсекеге қабілетті­лі­гін арт­тыруға мүдделі. Президент Қасым-Жомарт То­қаев экономикалық ре­формаларға басымдық беріп, ішкі на­рықты халық тұтынатын бірін­ші қа­жетті азық-түлікпен, отандық тауарлармен қамтамасыз етудің бір­тұтас жүйесін айқындады. Осы ретте бүгінгі күні импортқа тәуелді­лікті азайтуға мүмкіндік беретін, жер­гілікті өнім үлесі жоғары өндіріс ке­шенін құру аса маңызды міндетке ай­налып отыр. “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінде серпіліс жасау қадамдары нақты қойылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан, сондықтан оның мүмкіндіктерін толық пайдалану, бұ­дан бөлек, Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айнала отырып, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшу нысаналы мақ­сат болмақ. Осыған орай алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңдел­ген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу, сондай-ақ жұртты өнім өндіруге ын­таландыру талабын жүзеге асыру ішкі әлеуетімізді нығайта түсері сөзсіз.

Алдымен малдың аманды­ғын сұ­райтын халқымыз күзді қа­шан­да молшылыққа, тоқшылыққа ба­лаған.  Елдігімізді еселейтін, диқан қауымы­ның маңдай терімен жина­лып, қамбаға құйылған мол ризық­таразыға салынар сәт. Өңір жұрт­шылығы әл-ауқатының көтері­ліп, өмір сүру сапасының жақсарып, кө­ңіл күйінің тоғаюының нышаны ауыл шаруашылығының өркендеуі­мен ты­ғыз байланысты екенін естен шы­ғар­маймыз. Ет, сүт, астық өнім­дерін тереңдетіп өңдеудегі азды-көпті жи­нақталған тәжірибеміздің Жолдауда өзгелерге үлгі етілуі біз үшін зор мақ­таныш, сонымен қатар үлкен жауап­кершілік жүктейді. Жүз­ден астам ірі сүт фермаларының пай­далануға берілуі тіршіліктің күре тамырында, еселі еңбек майданын­да жүрген май­талмандарымыздың қажырлы іс-қимылы арқасында дер едік. Астық жорығы жолында жарғақ құлағы жас­тыққа тимей, біліктілік пен кәсіби ше­берліктің өнегесін қа­лыптастырған ауылдықтар таңдаған мамандық­тары мен даңқты дәстүрге адалды­ғы, еңбексүйгіштігі мен та­бан­ды­лығы қандай да құрмет пен ма­ра­патқа әбден лайық. Табыстың ше­шу­ші кілті – нақ солардың қолында. “Қа­зақстан Республика­сындағы кәсіби мерекелер және атаулы күндер туралы” Жарлыққа сәй­кес, қараша айының үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылығы қыз­меткерлері күні­нің аталып өтілуінің мәні айрықша. Биылғы орақ науқаны өте қиын жағ­дайда жүргізілді. Негізгі астық өсіретін өңірлерде жаздың құрғақшылыққа, ал күздің жауын-шашынға ұласуы салдарынан күр­делі ахуалда жұ­мыс істеуге тура кел­ді. Арзандатылған дизель отынының тәуекелі мол клим­аттық жағдайдың есепке алынбай бөлінуі респуб­ликалық тиісті ведомстволар назарына ұсынылып, мәселе дер кезінде ше­шімін тапты. Агро­техникалық талап­тарды мұқият сақтап, озық әдіс-тә­сілдерді тиімді­лікпен пайдалана білген ауыл ша­руа­шылығы тауарын өндірушілер ұйымшылдықтың үлгі­сін көрсетіп, астықты уақытылы жинап алды. Гектар берекелігі 11,1 цент­нерден айна­лып, қамбаға 3,7 млн. тонна алтын дән құйылды. Бұл – республика бо­йынша жалпы өнім­нің төрттен біріне жуық. Мұның өзі ішкі қажеттілікті толық өтеумен бірге экспорттық әлеуетімізді арттыруға, Қа­зақстан­ның астық державасы мәр­тебесін сақтап қалуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да аграрлық сектор өңірдің әлеуметтік және экономи­калық дамуының маңызды бағыт­тарының бірі болып қала береді.

Жыл басынан бері салада 775 млрд. теңгенің өнімі өн­дірілді. Бұл республикадағы жалпы көрсеткіштің 10,3 пайызын құрайды. Бес мыңнан астам ауыл шаруа­шылығы тауарын өндіруші жұ­мыс істейді, яғни, 90 мың­ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Жол­дауда ауыл шаруашылығы тех­ни­касының 80 пайызы тозғаны, сон­дық­тан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажеттігі алға тар­тылды. Өңір фермерлері жылына 2 мыңнан астам заманауи, жоғары өнімді техникалар сатып ала­ды. Егіс танаптарына енгізілген тыңайт­қыштар көлемі бойынша елімізде же­текші орындамыз. Жыл сайын 180-200 мың тонна мөлше­рінде минералдық тыңайтқыш сіңірі­леді. 3-4 жыл бұрын 5-6 түрі ғана қол­данылып келсе, қазір 50-ден астам түрі бар. Бүгінгі таңда сұйық тыңайтқыш және макротыңайтқыш өндіре­тін 19 шағын зауыт жұмыс істейді. Суару жүйелерінің артықшылықтарын фер­мерлер жете сезініп отыр. Оның көлемі 4,7 мың гектарға жетті, 4,2 мың гектары жаңбырлатып, 500 гектары тамшылатып суарылады. Жоғары рентабельді дақылдар өсі­руге баса назар аударылады. Астық өндірісін әртараптандыру аясында жа­сымық, қыша, бұршақ, күнбағыс ал­қаптары ұлғайтылды. Мәселен, қарақұмық 24 мың гектар жерге өсі­ріледі. “Пе­терфельд Агро”, “Иван Зен­ченко” сияқты серіктестіктердің гектар шы­ғымдылығы 25-28 центнерден асып жығылады.

Мал шаруашылығы да да­мып келеді. 102 тауарлы және за­манауи сүт кешені бар. Оларда 52 мың бас сиыр сауылады. 2022 жылы респуб­ликадағы сүт өнімінің он пайызы (647,8 мың тонна) біздің облыста өн­дірілді. Биыл бұл көрсет­кішті 670 мың тоннаға дейін жеткізу белгіленген. 10 айдың қорытындысы – 600 мың тонна, демек меже орындала­ды деген сөз. 17 заманауи тауарлы сүт кешенінің құрылысы жүргізіліп, екеуі іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы алтауы пайда­лануға бе­ріледі. Бірінші рет өткізілген “Алғашқы сүт туры” республикалық семинар-кеңесінде соңғы жыл­дары 30 сүт фермасы салынғаны, оларда 16 мың бас ірі қара бағылатыны, бір мыңнан астам адамның жұмысқа орналастырылғаны, жоба­ларды жүзе­ге асыруға 40 млрд. тең­ге инвес­тиция тартылғаны жайлы фактілер келтірілді. Тауарлы-сүт фермасын ашуға ниетті шаруалар үшін рәсімделетін несие қомақты, ал пайызы төмен. 8 жылға 4 пайыздық үстемемен беріледі. Алған қарызды екі жыл­дан кейін қайтара бастайтын бағ­дарламалар да ұсынылады. Соңғы екі жылдың ішінде кәсіпкерлер 35 млрд. теңге несие алды. Аг­ро­өнер­кәсіптік кешеннің басқа ба­ғыттары бойынша да қанатқақты жобаларға қатысуға болады. “ЕМС Агро” ЖШС 100 мың бас шошқаға лайықталған кешенді кеңейтуді аяқ­тады. Қазір мұнда 200 мың басқа шақталған фер­маның құрылысы жүргізілуде. Қуат­тылығы 6,5 мың тон­на болатын 2 құс фабрикасы са­лынды. Бұдан бөлек, қуаттылығы 10 мың тонналық тағы бір құс фабри­касы тұрғызылуда.

Өңдеу саласында да бірқатар жаңғыртулар жүргізілді. “Масло-Дел” кәсіпорнында жаңа желілер іске қосылды, жылдық қуаттылық 150 мың тоннаға, өнім түрлерін жүз­ге дейін ұлғайтты. “Еуразиялық Сүт” ЖШС – облыста қатты ірімшік шыға­ратын жалғыз кәсіпорын, жылдық жобалық қуаттылығы – 2,5 мың тон­на. “Тезис” ЖШС жұмсақ ірімшік шы­ғаратын зауыттың тұсауын кесті. Бұл мақсат үшін инвестор 600 млн. теңгеден астам қаржы құйды. Еліміз бойынша өндірілетін сүт өнімінің бестен бірі Қызылжар өңіріне тие­сілі. 3,7 гектар аумаққа орналасқан “Жасыл Солтүстік” кешенді жылы­жайы пайдалануға берілсе, жылына 1319 тонна қияр, 1460 тонна қызанақ жиналып, қысы-жазы дастарқаннан үзілмейтін бо­лады. Осылайша жергілікті нарықты жоғары экологиялық таза көкөніспен қамтамасыз етуге игі әсері мол болмақ.

Облыс шаруалары мен қайта өң­деушілер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің, жаңа технологиялар енгі­зудің, инвестициялар құйып, бі­лікті кадрлар даярлаудың, ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдірудің жолдарын жетік меңгерген. Өңірде сапалы астық, сүтті бағыттағы ірі қара өсіруге қолайлы алқаптар, жайылымдық және шабындық жерлер мол.

Марат ТАСМАҒАНБЕТОВ,

облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp