18 қараша күні болған боранның салдарынан ондаған ауыл жарықсыз қалды. Дәл осындай жағдай Петропавлда да тіркелді.
“Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы” акционерлік қоғамының ақпаратына сүйенсек, боранда Аққайың, Қызылжар, Есіл, Мамлют, Шал ақын, Тимирязев, Мағжан Жұмабаев және Жамбыл аудандарындағы ауылдар электр қуатынсыз қалды. Қар мен қатты желдің салдарынан электр желілерінің сымдары қатып, кейбірі үзілген.
Қазіргі кезде арнайы бригадалар боран келтірген залалды анықтап, жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ең күрделі ақау Мағжан Жұмабаев ауданында тіркелді. Мамандар ВЛ-110кВ желісінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұмыс күшейтілген режімге көшірілген.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.