«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК ҚАЛАМГЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кіршіксіз рухани тазалығымен, адами болмысымен, шығармашылық шеберлігімен ғибратты өмір кешкен, елі үшін аянбай еңбек еткен Бақыт Мұстафиннің ғұмыр жолы – көпке үлгі. Біздің өңірімізде қаламгерді бiлмейтiн адам кемде-кем шығар.

Жерлесіміз Ербол Шәймерденов бір еңбегінде: “Бақыт Мұстафин – та­рихы 90 жылға таяп қалған “Сол­түстік Қазақстан” газеті эстафетасын жиыма бірінші ғасырға өз қолымен тапсырып, аманаттаған hәм басылымның жаңа ғасырдағы жаңа шежі­ресінің жаңа парағын өз қолымен ашқан бақытты редактор. Оның үстіне еліміз солтүстік өңірдегі тарихы тереңнен бастау алатын бағалы басылымның халқымыздың көп ға­сырлар бойғы арманы болған мем­лекеттік тәуелсіздігі жарияланғаннан кейінгі тұңғыш редакторы” – деп ағамыздың қажырлы еңбегіне әділ бағасын берген болатын.

Бақыт Мұстафин – өзiнiң шығар­машылық жолында қос тiзгiндi қатар ұстаған қаламгер. Ол саналы ғұмы­рын журналистика мен әдебиет са­ласына арнады. Көзі тірісінде бір­неше кітап шығарып, Қазақстан Жа­зушылар одағының мүшелігіне қа­былданды. Кестелi тiлiмен, орамды ойымен оқырмандарын баурап, олар­дың танымдық көкжиегін ке­ңейтуға күш жұмсады. Очерк пен пуб­лицистиканың шеберi жас журналис­тердің, жазушылар мен ақындардың ұстазына айналды.

 Қаламгер очерктеріндегі негізгі тақырып – еңбек адамдары. “Намыс” шығармасында диқандардың тұрмыс-тіршілігі, ел ырысы ысырап болмасын деп таңның атысы, күннің батысы маңдай терін төккен адал еңбектері жайлы сыр шертеді. Туынды Жамбыл ауданындағы Айымжан, Амангелді  ауылдарында болған оқи­ғалар негізінде өрбиді.

Жазушы қандай тақырыпты жаз­са да ерен еңбекпен байланыстыр­ды. “Балдырған” журналының сыйлы­ғына ие болған әңгімелерінің бірі “Керемет көктемде” деп аталады. Ол көктің шығуын, құстардың келуін көктемнің хабаршысы ретінде көрсе­теді де, керемет көктемнің келуін жер қайыстырған тракторлардың үні мен жүздері тотыққан диқандар еңбегімен үндестіреді. Әжесі мен неме­ресінің әдемі әңгімесі ретінде қара­пайым тілмен, баланың түсінуіне жеңіл болатын әсерлі диалогпен өрген. Кезінде ақын жерлесіміз Есләм Зікібаев: “Мен білетін Бақыт адамды сүйеді. Оның ішінде балаға деген мейірімі ерекше. Сәби сезімі, бүлдіршін жаны – оның ең осал тұсы”,  – деген екен.

Қаламгердің публицистикалық мақалалары мен ой-толғаулары да оқырмандарының жүрегінен орын алды.

“Ғұлама ғибрат” деп аталатын мақаласында данышпан ақын Абай­дың шығармаларының мәні мен маңыздылығына, ақынның ғибратты ойларына шолу жасаса, “Халқы сүйген ұлы жазушы” деген көлемді туындысында Сәбит Мұқанов жайында толғанады. Жазушы жайында айтылған пікірлерді саралап, өсу жолын, “Өмір мектебін” терең тал­дап, шығармашылығы жайында кеңі­нен сөз қозғайды. Жазушымен талай сұхбат жүргізіп, шығармаларын “Ленин туы” (қазіргі “Solüstık Qazaqstan”) газетіне үздіксіз жариялап отырған. С.Мұқанов кезінде жазған шығармаларының алғашқы бөлімдерін “Бостандық туы”, кейіннен “Ленин туы” газетіне шығарып оты­руды әдетке айналдырған екен. Әлем халықтарының 46 тіліне ау­дарылған том-том еңбектерін хал­қына ұсына алған Сәбит Мұқановтың бақытты жазушы екендігіне наза­рымызды аударады.

“Жаса, кербез кемеңгерім” деп аталатын мақаласының кімге арнал­ғанын көзі қарақты оқырмандар жақсы біледі. Ол сөз зергері, көр­кемсөздің майталманы Ғабит Мү­сірепов жайында өрбиді. Жазушыны алғаш рет студенттік шағында көріп, керемет әсер алған көрінеді. Ака­демик жазушы Зейнолла Қабдо­ловтың: “Ғабит Мүсірепов – ардақты ат! Мүсірепов туралы мың сөзден, “Мүсірепов” деген бір сөздің мағынасы әлдеқайда терең, мазмұны әлдеқайда бай. Демек, Мүсіреповті мақтаудың қажеті жоқ. Мүсіреповпен мақтану керек!”, – деген сөзін мақ­танышпен жазады. Осы мақала­сында жазушының шығармашылық жолының басталуына шолу жасап, “Тулаған толқында” деген тырнақ­алды туындысы жайында Бейімбет Майлиннің жылы пікір білдіргені оны шабыттандыра түскенін, болашақ жазушының дарынына шоқ тастап, талант көзін ашқандай болғанын баяндайды. Ғабит Мүсіреповтің терең ойлы, кең құлашты жазушы ғана емес, халқының адал перзенті, батыр ұлы екендігін де айшықтайды. 30-шы жылдардың басында қазақ еліне қырғын әкелген аштықтың зобалаңы туралы Сталинге жазған “Бесеудің хаты” туралы білеміз. Ол ерлікпен пара-пар еді. Халқы үшін жан пида етер батырдың ғана батылы жетер өжеттік десек болады. Сол сияқты партия жиналысында өзінің пір тұтқан досы Бейімбет Майлинді қаралап жатқанда “Бейімбет жау бол­са, мен де жаумын”, – деп қасқайып тұрып, ашына сөйлеуі Ғабит Мү­сіреповтің ұлы жүректі ел перзенті екендігін сөзсіз танытады. Ел басына күн туғанда адамды тек бір ғана әрекетінен тани алатын болсақ, Ғабеңді біз толық таныдық деп айта алар едік. Бақыт ағай осы мақаласында жазушының шығармала­рымен қоса, аңызға айналған ірі істерінен де сыр шерткен.

Бақыт Мұстафин ағамыздың құнды мақалаларының бірі – “Батыр Баян”. Абылайдың оң қолы болған батыр жайлы Шоқан Уәлихановтың зерттегенін, Ілияс Есенберлиннің шығармаларына арқау еткендігін, Мағжан Жұмабаевтың жыр жазға­нын тілге тиек етеді. Міне осындай батырымыздың бүгінде аты атала қоймайтындығына қынжылады. Ке­зінде “Қарағанды” кеңшарына Батыр Баянның атын беруге ұсыныс жа­салғанда “өзіміздің қазақтарымыз одан басқа да батырлар да болған, Баян батырды білмейміз” деп келіс­пеген көрінеді. Академик Манаш Қозыбаев Батыр Баян туралы үлкен әңгімені төменнен бастау керек дегенді айтқан екен. Бақыт ағай осы мақаласында үлкен проблемалық сұрақты көтереді. Мақалада: “Батыр Баян туралы фильм түсірілді, кере­мет поэма жазылды, енді облыстық тарихи-өлкету мұражайына, ау­дандағы, мектептердегі мұражайларға Батыр Баянды “біриықтатып” кіргізу керек. “Батыр біриықтап кірсе, арғы жағындағы орынды өзі табады”, – деген жолдар кездеседі.

Журналист “Ақынның көз жасы” деп аталатын мақаласында қаламы жүйрік әдебиетші, бірақ тағдыры өте ауыр Хамза Абдуллин жайында қалам тербейді. Қатаң цензура, қасаң идеология талабына тағы да Ғабит Мүсірепов қарсы шығып, осы Хамза Абдулиннің “Жолбарыс тонды жихангез” деген дастанын “Жоқ, бұл өте көркем дәрежеде жазылған тамаша еңбек”, – деп арашалап ал­ғанын және Хамза ақынның әде­биетке қайтып оралуына даңғыл жол ашқандығын кестелейді.

“Ыстық жүрек” туындысын жа­зушы Сафуан Шәймерденовтің 70 жасқа толуына орай жазған. Жазу­шының туған жеріне келгендегі тебі­реніске толы сәттерін әдемі әңгі­мелеп жеткізеді. “Болашаққа жол” романының аяқ алысынан Мұхтар Әуезовтің жазушының талантын бірден танып, болашақта ту ұстау­шылар қатарынан табылатындығын айтқандығын еске салады. Кейін жазушының “Жыл құсы”, “Марғау”, “Мәжнүн тал” повестерінің көркем­дігін, шыншылдығын тамсана оты­рып баяндайды. Пьесалары мен естеліктер жинағы да назарынан тыс қалмайды. Сафуан ағамыздың аза­маттық тұлғасын, үлкен әріптермен жазылған кесек тұлғасын сомдап береді.

“Жусан исі жырында” деп ата­латын мақаласында жырлары жез­киіктей сұлу, жезкиіктей нәзік, кербез ақын Кәкімбек Салықов туралы сыр шертеді. Ақынның жырларынан дала жусанының ғажап исі аңқып, туған жерге деген махаббат шалқып тұ­ратынын мақтанышпен кестелейді.

Бақыт Мұстафиннің балалар мен жасөспірімдерге арнап жазған шы­ғармалары балалар әдебиеті қоры­нан ойып тұрып өз орнын алды. Оның “Тазабек”, “Алғашқы қадам”, “Керемет көктем” деген сияқты әңгімелері мен “Досыңды шақыр” “Өзгерген өлке”, “Тәтті сәбіз”, “Да­лаға алғыс” т.б. кітаптары елдің аға­сына да, баласына да рухани азық болары сөзсіз. Тағылымдық, тәр­биелік маңызы зор шығармалары ешқашан құндылығын жоймайтын рухани қазына болары hақ.

Жанар ТАЛАСПАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың  басқарма төрайымы-ректордың кеңесшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp