«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАМУ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылы Ақжар ауданын­да 2 млрд. 701 млн. теңгеге жол жөн­деліп, әлеу­меттік нысандар абаттандырылып, елді мекендердің бірқатар мәселе­лері шешілді. Бұл туралы аудан әкімі Қанат Қалиев өңірлік коммуника­циялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баяндады.

Ауданда тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтасыз ету жайы ше­шіліп, 24 елді мекен тұрғындары талапқа сай тіршілік көзін тұтынып отыр. Мал жайылымы қатысты мәсе­ле де әңгіме өзегіне айналды.

– Соңғы 3 жылда мемлекет мен­ші­гіне 92750 га, ал биылдың өзінде 29011 га жер кері қайтарылды. Соның не­гізінде халықтың жайылым жерлер­ге қатысты сұраныстары біртіндеп ше­шіледі. Мал жайылымы ке­ңейтіліп жатыр. Тұрғындар үшін мал өсіруге барынша жағдай жасалуда. Алдағы уақытта 29 786,2 га жерді мемлекет меншігіне кері қайтару жос­парланған, – деді Ақжар ауданының әкімі Қанат Қалиев.

Ауданда медицина саласында мамандар тапшы. Әсіресе тіс, көз дә­рігері жетіспейді. Ау­дан­дық аурухана­ларға соңғы 5 жылда 378,4 млн. тең­генің құрал-жабдықтары орнатылған. Мәселен, 2023 жылы 13,5 млн. тең­гелік биохимиялық және гемотологиялық анализаторлар мен науқастар мониторингі орна­тылды. Ленинград ауылындағы амбу­латория ғимараты 52 млн. теңгеге күр­делі жөндеуден өтті. Ал 2024 жылы “Ауылдағы денсау­лық сақтау мо­дерни­зациясы” жоба­сы бойынша 4 медициналық пунктің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі – 33567,5 млн.теңге. Биыл­ғы жылы егіс алқабы 285,4 мың гектарды құрады. Оның ішінде 242,7 мың гектар алқапта дәнді – дақылдар мен 35,8 мың гек­тарға майлы дақылдар егілді. Өнімділік гектарынан 5,8 цент­нер. Сон­дай-ақ 3312 тонна элиталық тұқым әкелінді, сортты жаңарту 9,6 пайызға артты. Майлы дақылдар бойынша жал­пы өнім көрсеткіші 8,6 мың тоннаны құрады. Жыл басынан бері 1,9 млрд. тең­геге 220 жаңа тех­ника мен құрал­дар сатып алынған.

Тау-кен өнер­кәсібі саласында ауданда жоғары са­палы қиыршық тас өндіретін 7 кәсіп­орын және кварц құ­мын өндіретін 2 кә­сіпорын жұмыс істейді. Осы жылы өнеркәсіп көлемі 892,6 млн. теңгені құрады.Тау-кен өнеркәсібінде 2023 жылғы қаңтар-қазанда тауар өн­діру көлемі – 497,1 млн. теңге. Келесі жылы қуаттылығы жылына 36 мың тонна зығыр майын өңдейтін “Flax­seed Oil KZ” зауытын салу жоспарлан­ған. Жобаның құны – 3 млрд. теңге.

“Ауыл аманаты” бойынша кәсіп­керлер 14 жобаны жүзеге асыру үшін 85 млн. 200 мың тенге көлемінде несие алды. “Ауыл – ел бе­сігі” бағ­дарламасы аясында жалпы со­масы 79956565,47 теңгеге Талшық, Дәуіт және Ащыкөл ауылдарында электр желілерін жаңарту бойынша ке­лісімшарт жасалды. Бүгінгі күні бар­лық құрылыс-монтаж жұмыстары аяқ­талды. 2023 жылдың қазан айынан бері аудандық электр жүйесіне қо­сылуға 75 өтініш түсті, олардың ішін­де 30 пәтер электр жүйесіне қосыл­ды”, – деді аудан тұрғындарының әлеу­мет­тік жағдайына тоқталған Қанат Қайыр­жанұлы.

Сонымен қатар биыл “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында Тал­шық ауылындағы Бестерек орта мек­тебінің шатырын қайта жаңарту бо­йынша тиісті жұмыс жүргізілді. Тал­шық ауылында 215,9 млн. теңгеге жа­бық хоккей кортын салу жобасы іске асырылған.

Ауданда қазіргі кезде құны 50 млн. теңгені құрайтын 1,8 км жол жөндеу жұмысы басталып, 2024 жылы толық қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Президенттің жүктеген негізгі тапсырмасының бірі – халықты жұ­мыс­пен қамту. Ауданда 1451 адам мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған, олардың 23-і үйде күтім алса, 324 адам атаулы әлеуметтік кө­мекпен қамтылған. 38 жұмыс беруші­нің қатысуымен 8 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Екі қолға бір күрек іздегендерге 375 бос жұмыс орны ұсынылды.

Еңбек нарығында сұранысқа ие “Біліктіліктер мен дағдылар” бойын­ша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту ша­ралары жүргізіліп, биыл жұмыс бе­рушілердің өтінімдері бойынша 20 адам жіберілді. Олардың 18-і жұ­мыс­қа орналастырылды.    

– Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 155 адам қамтылды. “Бірінші жұмыс орны” бойынша – 20 адам, “Ұрпақ келісімшарты” аясында – 1 адам, “Күміс жас” бағдарламасы шеңберінде 22 адам жұмысқа орна­ластырылды. Сонымен бірге жалпы саны 413 адам тұрақты жұмыс тапты, – деген Қанат Қалиев білім беру, ден­саулық және дене шынық­тыру сала­ларында атқарылған жұмыстарға да тоқталды.

– Аудан мектептеріне жөндеу жүргізуге 7 млн. теңге жұмса­лыпты. Ал 26 млн. теңгеге 7 қазандық сатып алынды. Сонымен қатар 3 мек­тептің ғимаратына күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілген. “Биыл Киев, Бес­те­рек, Горький мектептерінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Тал­шық, Бестерек, №1 Ленинград мек­теп­теріндегі жиһазды жаңарту үшін 11 млн. теңге бөлінді. Ауданның 24 мек­те­біне 12 млн. 800 мың теңге бөлініп түрлі спорттық жабдықтар сатып алынды. Ал Еркетай балабақшасы­ның жиһа­зын жаңарту үшін 3 млн. 100 мың теңге бөлінді. Талшық, Ленин­град, Киев орта мектептеріне 3 пәндік ка­бинет сатып алу үшін 24 млн. теңге бөлінді, – деген Қанат Қайыржанұлы мә­дениет саласы бойынша атқарыл­ған жұмы­стар жайында да сөз қозғады. Аудан бойынша 30 мәдениет ны­саны бар. Бұған дейін Мәдениет үйі болмаған Горький елді мекенінде ауылдық клубтың құрылысы баста­лып, оған 137 млн. теңге бөлінген. Одан басқа Восход ауылдық Мәде­ниет үйінің ғимаратын күрделі жөн­деуден өткізуге облыстық бюджеттен 87 млн. ​645 мың теңге бөлініпті.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp