Өңірімізге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов келді. Ол қоғам, бизнес, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті. Алқалы жиынға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Бұл күні сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселелер талқыға түсті.
Биыл мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдауға 81,2 млрд. теңге бөлінген. Бұдан басқа бизнес негіздеріне үйрететін көптеген бағдарламалар жұмыс істейді. Бүгінде бизнестің үлесі – өңірлік өнімнің кем дегенде 30, ал түскен салықтың 60 пайызы шамасында.
“Кәсіпкерлік – экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Президент отандық бизнесті қолдау және дамыту мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Бүгінгі таңда облыста кәсіпкерлікті дамытудың оң нәтижелері байқалады. Мәселен, 2021 жылдан бастап кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 мыңға өсті, олардың әрқайсысы кем дегенде 2-3 жұмыс орнын ашты. Мемлекет те өз кезегінде кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіп отыр”, – деді жиынға қатысқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жиында сөз болған негізгі мәселе – сыбайлас жемқорлық. Саян Ахметжанов облысымызда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы бойынша мониторинг жұмысы жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
“Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру мақсатында еліміздің барлық облыстарында 156 әлеуметтік нысан қамтылды. Солтүстік Қазақстан облысында 4 әлеуметтік нысан бақылауға алынды. Бұл нысандарға 1,4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді”, – дейді елордалық мейман.
Сондай-ақ Саян Ахметұлы елімізде “Бизнеске жол” жобасы жұмыс істеп жатқандығын айтты. Оның басты мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою. Бүгінде бұл жоба аясында 580 мәселе шешіліп, 25 мың кәсіпкерге көмек көрсетілген.
“Биыл департамент мамандары 20-дан астам кездесу өткізді. Кәсіпкерлермен кездесу үшін барлық ауданды араладық. Осы жылдың 23 қаңтарында “Бизнеске жол” жобасы іске қосылған болатын. Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып 26 мәселенің шешімін таптық. 1300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды”, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.
Кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау – кәсіпкерлер палатасы қызметінің негізгі міндеттерінің бірі. Осы жылы өңірлік кәсіпкерлер палатасына кәсіпті қорғау бойынша 114 өтініш келіп түскен екен. Оның 51 пайызының, яғни 59-ының нәтижесі оң. Қорғалған меншік құқығының сомасы – 267 млн. теңге. Бірақ әлі де шешуді қажет ететін мәселелер бар.
“Жедел шешуді қажет ететін мәселе – қосымша құн салығы. Облыстың өзінде 4,5 млрд. теңге қосымша құн салығы мемлекетке қайтарылмаған. Екінші мәселе – кадр тапшылығы. Қазіргі заманда техникалық мамандықтарға сұраныс артқан. Ауыл шаруашылығына қажетті дәнекерлеуші, мал дәрігері, қасапшы, бағбан секілді мамандар аздық етуде. Жұмыс күшінің тапшылығы бүкіл саланың дамуына кері әсерін тигізіп жатыр”, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.
Кеңейтілген отырыс барысында кәсіпкерлер де сөз алып, өз мәселелерімен бөлісті. Кәсіпкер Әйгерім Керейбаева өңірде ерекше күтімді қажет ететін балалардың реабилитацияға мұқтаж екенін айтты. “Бізге мамандар қажет. Оларды Астанадан арнайы шақыртуға болады. Бірақ олар айына бірнеше күнге ғана келуі мүмкін. Бұл науқас сәбилерге аздық етеді. Олар көрсететін қызмет құны біздің ауруханалардағыға қарағанда арзандау. Менің өзімнің жеке орталығым бар. Бірақ дамытуды қажет етеді. Арнайы орын жалдау қиын. Петропавлда қараусыз қалған үйлер, ғимараттар аз емес. Оларды жөндеп, орталық ашуға болар еді. Осы орайда маған қандай көмек көрсете алар едіңіздер?” – деді ол.
Бұл сұраққа облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев жауап беріп, бұл мәселені назарға алатынын жеткізді. Жиын соңында өңір басшысы Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлердің қатарына кіретінін айтып, жауапты мамандарға бұдан да үздік нәтижеге қол жеткізу міндетін жүктеді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.