Емхана есігінен сыртқа қалай шыққаны есінде жоқ. Есін жиғанда, мұның қолын Көркем кіп-кішкентай саусақтарымен сипалап, көздері жаутаңдап қарап тұрғанын көрді. Жаратушы сұлулықты аямай берген Көркемнің мойылдай қара көздері мөлдірей, анасына сұраулы жүзбен қарап тұр. Бетін жуған жасты апыл-ғұпыл сүртіп, “жоқ, олай болуы мүмкін емес, диагноз қоюда дәрігер де қателеседі” деп, қызы Көркемді құшағына алып, барынша қатты қысып сүйе берді, сүйе берді.
Екі апта бұрын ғана ойнап, шауып жүрген екі жасар Көркем аяқ астынан мұрны қанап, мазасы кетті. Бір жерге ұрып алған болар деп Маржан аса мән бере қоймады, үй шаруасымен айналысып жүре берді. Алайда арада бірер сағат өткенде, мұрнын ұстап жанына келген қызының дене қызуы да көтеріліп тұрғанын байқады. Екі күндей үйде Көркемге дене қызуын түсіретін шәрбат беріп, өз бетінше ем-дом жасап бақты. Алайда мұрнының қанауы тоқтамай, үдей түсті. Ертесіне бар тірлігін жинастырып қойып, қызын көтеріп емханаға барды. Екі жасар қыздың мұрнынан қан сауғалауы жиілегенін естіген дәрігердің сол сәттегі жүзі Маржанның есінде. “Қалайша? Жиі-жиі қанап жатыр ма? Жақын арада қатты тұмау болып ауырмап па еді? Дене қызуы қанша күн көтерілді?” , – деп сұрақты төпелеткен дәрігер шұғыл түрде жалпы қан талдауын жасатуға жолдама берді. Жолдама беріп тұрып өзінің жеке нөміріне күн-түнге қарамай хабарласуды тапсырды. Ойында ештеңе жоқ Маржан дәрігердің айтқандарының барлығын орындап үйіне қайтты. Алайда ертесі таңғы тоғызда дәрігер емханаға шақыртып, Көркемді тағы дәрігерлік тексерістен өткізуге кеңес берді. Тексерістердің бұлай күрт көбеюінен секем алса да, Маржан миына әр тараптан шыңылдай келіп жатқан жаман ойлардың өзін жеңуіне жол бермеуге барынша жанталасты.
Тексерістен тексеріс. Аудандық емханадан қалалыққа, қалалықтан облыстыққа шапқылап жүргенде екі апта да сырғып өтіпті. Енді міне, бүгін дәрігерлер Көркемнің қанына тексеру жасап, қорытындысын жолдапты. “Маржан, мұндай ауру кішкентай балаларда өте жиі кездеседі. Иә, аты жаман. Алайда қазір медицинаның дамыған заманы. Бұл аурудан жазылып, аттай шауып кеткен балалар да бар. Емдеу шараларын неғұрлым ертерек бастасақ, соғұрлым сауығуға мүмкіндік болады”, – деп алыстан орағытқан дәрігердің соңғы сөзі Маржанның құлағында жаңғырып тұрып қалды. Лейкоз. Көркем ел ішінде ақ қан аталып кеткен қатерлі дертке шалдығыпты.
Қызын көтеріп, дәрігердің бөлмесінен қалай, қашан шығып кеткені есінде жоқ. Қорқыныш пен шарасыздық есінен адастырып жібергендей. Автобуста келе жатып та, үйіне келген соң да Көркемінің жүзіне қараудан қорықты. Қызының көздерімен өз көздері түйісе қалса, аспан айналып, жер төңкеріліп кетердей қорқыныш сезімнен тізесі қалтырады. “Лейкоз деді. Ақ қан ауруы. Лейкоз. Қатерлі дерт. Көркемім үш жасында өліп қала ма?” деген суық ойдың басына келгені сол екен, тұла бойы дірілдеп, тістері сақылдап, қалшылдап кетті. Ойыншықтарымен ыңылдай ойнап отырған қызының ту сыртынан қапсыра құшақтап қыстыға жылады. Қызы қорқып қалмасын деп дыбысын шығармай, тұншыға жылады. Жылап отырса да іштей өзін жігерлендіріп “дәрігер де қателесуі мүмкін” дей берді.
Өкінішке қарай, дәрігердің тексеру қорытындысы жаңылыс шықпады. Көркем – сирек кездесетін ақ қан дертіне ұшыраған екен. “Қалай ғана мән бермедік? Көркемнің үнемі аяқтары көгеріп жүруші еді ғой!? Тіпті кейде беті, кейде маңдай тұсы көгеруші еді. Ойнап жүріп бір жерге соғып алған болар деп, еш елең қылмадық қой”,– деген жұбайы Еркіннің үні ысылдай шықты. Өз-өзін әрең ұстап, тістеніп отыр. Егер қазір осылай барынша тістенбесе, қызы мен келіншегінің алдында ботадай боздап жылайтынын біледі. Аурухана дәлізінде әр қадамын еркелей басып, әрі-бері жүрген Көркемге қарап отырған Еркін мен Маржанның қазіргі халі тілмен жеткізіп айтуға келмейді. Бір-бірінің қолдарын қыса ұстаған күйі сілейіп отыр.
Ауруханаға жатқан алғашқы сәттен-ақ Маржан өзімен тағдырлас жандардың аз емесін көрді. Бірі ұлын, бірі қызын жетектеп жүр. Палатадағы көршілес кереуеттегі Нинаның ұлы Максимнің лейкоз дертімен алысып жатқанына бір жылға жақындапты. Екі рет “химия” алған. Бес жасар Максимнің басында бір тал шаш жоқ, түсіп қалған. Ал терезе тұсындағы кереуетке жайғасқан Махфузаның үш жастағы қызы Айлин әр екі аптада бір келіп қан құйдырады екен. Қайғысы ортақ мұңлы келіншектер оны-мұны сөз еткенімен, ешбірі жадырап күле алмайтын күйге түскен. Палатадан мынау қатыгез әлемнен бейхабар үш баланың ғана былдырлай шыққан шынайы үнінен басқа дыбыс тек көкіректі кере шыққан ауыр күрсініс қана. Баласының ертеңін ойлаған, әр сәтте ішін күйдіріп бара жатқан қорқыныш, үрей, шарасыздық бұл палатадағы үш келіншектен аһ ұрған ауыр күрсініс болып сыртқа шығады. Күрсіне отырып, әлдебір ғажайып орнап, перзенті бұл дерттен құлан-таза айығып кетер деген көмескі үміттің әлсіз жарығы да жылт етеді.
Ауруханада алған екпелері мен құйдырған қаннан кейін секундтар сағатқа татитын сәттер сырғиды. Палатаға кірген дәрігерге үлкен үмітпен қарайтын үш әйелдің естігісі келетін бір ғана сөз. “Нәтиже өте жақсы”. Өкінішке қарай, күн өткен сайын дәрігердің айтқан ем-дом шаралары күрделене берді. Бірінші болып Максимді Астанаға жіберуге шешім қабылданды. Оның жілік майын (костный мозг) ауыстыруға донор табылыпты. Емделуі екіталай екенін білсе де, Нинаны шығарып салып тұрған Маржан мен Махфуза “Аттай шауып, сауығып кетіңдер, бұл жерге қайта келу бұйырмасын”, – деп тілек білдірді. Алайда бұл жүректің түкпірінен жарып шыққан, ешбір жасандалығы жоқ шынайы тілек еді.
Көркем ауырған сәттен бастап Маржанның телефонына үздіксіз қоңыраулар келетін болды. Танысы, туысы Көркемнің дертіне ем болатын дәрменді іздеп шабылуда. Қазақстанның оңтүстігінен солтүстігіне, батысынан шығысына дейін сұрау салудың салдарынан “лейкозды емдеймін”, “пәленше емдепті”, “түген деген шөп бар” деп мүлде танымайтын кісілер қоңырау соғатын болды. Мұндай шарасыз халде адамның кез келген қадамға барарын жақсы білетін алаяқтар да бұл мүмкіндікті қалт жіберсін бе?! Келе-келе шетелден хабарласып, өзінің “сиқырлы өнімдерін” ұсынғандардың қатары көбейді.
Жанындағы Махфузаны қызымен үш күннен соң үйлеріне шығарды. Дәрігерлер біраз уақыт үйде болып, тағы қайта келуді тапсырды. Алайда дәрігер осы сөздерді айтып тұрғанда Маржанның ішін алапат сезім қарып өтті. Әлдебір жамандықты сезгендей. Күн сайын хабарласып тұруға уәделескен екі келіншек перзенттерінің сауығып кетуіне тілекші болып қоштасқан. Арада үш күн өткенде Махфузадан хабар кесілді. Маржанның қоңырауына да, жазған хабарламасына да жауап болмады. Мұңы мен қасіреті ортақ келіншектен хабар болмаған соң көңілі алаңдаған Маржан сол күні Көркемін құшағынан босатпай, таңды көзімен атырды. Сағат тілі таңғы жетіні соққанда телефонына “Айлинді жер қойнына тапсырдық” деген қысқа хабарлама келді.
Қаншама литр құйылған қаннан Көркемнің жағдайы түзеліп кетпеді. Дәрігер тек химиялық жолмен емдеуден басқа шара жоғын айтты. Кішкентай қызын ауыр дәрімен емдеуге беруге қимаған Маржан мен Еркін жан-жақтан сұрастырып, іздестіріп дертке шипа табуға жанталасты. Көз алдында қызының ақырындап солып бара жатқанын көру Маржан мен Еркінге оңай емес еді. Екеулеп сұрастырып, лейкозды емдейді деген түрлі ақпараттарды жинақтап, алыс-жақынға хабар салдырды. Қаланың шетінде қатерлі дерттің кез келгенін емдеп жазатын молда кісі бар екен дегенді естіп, сонда барды. Қағазға әлдебір жазуларды жазып беріп, суға езіп ішкізген молда Көркемнің айналасы бір ай ішінде жазылып кететінін айтып сендірді. Үміт шіркін адамзаттың ең соңғы сөнетін шырағы емес пе? Молданың ішірткісі ем болмағанын іштей сезген тұста таныстарының бірі “Лейкоз балаларға арналған шөп дәрі жасайтын орталық бар” деп Маржан мен Еркінге Жамбыл облысына баруға кеңес берді.
Сол орталықтан кейін “Көркемді емдейміз” дейтін түрлі емшілер бұлардың телефондарына күн сайын хабарласатын болды. Сондай күндердің бірінде өзін ресейлік онколог деп таныстырған келіншек бұл дерттің емін тапқанын айтып, дәрі-дәрмегін сатып алуды ұсынды. Үмітін үкілеп отырған Маржан мен Еркін миллиондаған теңге тұратын сол дәріні алдырту үшін жанталасты. Туған-туыс, дос-жараннан қарызға ақша алып, әлгі дәріге тапсырыс берді. Мәскеуден жеткізілген сол дәріден кейін де Көркемнің әке-шешесі қаншама жарнамасы жер жарған кісілердің “лейкозды емдейтін” заттарын сатып алды. Өкінішке қарай, Көркемнің жағдайы күн санап нашарлай бастады. Отандық медицина химиялық емдеу жолынан басқа емдеу түрін ұсына алмады.
Әлемді “COVID” пандемиясы жайлаған сол бір ауыр жылы Маржан қызын құшақтап, Алматыға жол тартты. Соңғы алты ай бойы жанынан бір елі ажырамаған қызы екеуін алматылық аурухана карантин талаптарына сәйкес екі бөлек палатаға жатқызды. Маржан үшін ең ауыр күндер осы палатада басталып еді. Қызын көру үшін дәрігерге, мейірбикеге жалынумен қасіреттің азабын екі есе тартты. Баласы басқа, өзі бөлек палатада жатқан жанындағы екі келіншек те мазасыз күйде. Олардың қатарына үшінші болып қосылған Маржанның да күн ұзақ жылаудан көзі құрғамады.
Таңды жылаумен атырған ол сүйретіле тұрып, келесі корпустағы қызын көруге бір сағат бұрын ерте келді. Дәліздегі терезенің жақтауына сүйеніп тұрған Маржан қос қолымен құлақтарын жапты. Әр палатадан шырылдай шыққан балалардың жан даусын тыңдап тұру мүмкін емес. Қызын бір көруге бұйыратын 10 минуттық кездесуді сағаттап күткен оның телефонына да еш тыным болмады. Әлі күнге “пәлен жерде түген кісіден ем алып, баласы аттай шауып кетіпті” деген түрлі хабарламалар әр минут сайын келіп жатыр. Бір уақыт ойланып, “бәлкім, Көркемге осы емді жасатсақ, сауығып кетер” деп, жанталаса келген ақпараттарды ақтарады. Атырауда бір апта телефонмен дұға оқып, талай баланы сауықтырған ата бар екен. Ауруынан жазылған балалардың алғыс айтқан видеоларын қарап шығып, Маржан көрсетілген нөмірге хабарласты. Күн сайын таңертең, кешке дұға оқитынын, әр оқыған дұғасына 50 мың теңге алатынын айтқан атаның сөзі сенімді шыққаны сондай, Маржан қалай келісім бергенін аңғармай қалды. “Бүкіл медицина жемқорлыққа батқан. Ешбір ауруды емдей алмайды. Бекерге ауру адамды шығынға батырады. Мен Құранның сырлы аяттарының әрбір әрпіндегі сиқырларды оқып меңгерген адаммын. Бүкіл дертке дауа – Құранда”, – деп тоқтамай сөйлеген атаның есепшотына Маржан айтқан ақшасын салды.
Емші ата дұғасын оқып бастағанда, Көркем жатқан палатаға кірді. Телефонның арғы бетінде тоқтаусыз аят-сүре оқыған емшінің үні мен өзіне жалынышты қарап жатқан қызының ыңырсыған үні астасып, араласып кеткендей. Екі қолы мен екі аяғын төсекке таңып, байлап тастаған қызын көргенде, шыбын жаны шырқырап шығып кетердей болды. “Ине салулы тұруы керек. Көркем қимылдап, инесін шығарып тастай берген соң, амалсыз осылай еттік”, – деді медбике. Ілби басып, қызының жанына кеп отырды. Телефонынан шыққан “емші атаның” дұға оқыған даусы естіліп тұрсын деп, Көркемнің қасына қойды. Бар күші “мама” деуге әрең жеткендей, Көркем қыстығып жылай бастады. Қызының көзінен толассыз аққан жасын сүрткен Маржан “ботам, әлі-ақ жазылып, шауып кетесің. Балапаным, Көркемім” дей берді. Көркемнің аурухана иісі сіңген шаштарынан құшырлана иіскеп отырып, өзі де еңкілдеп жылады. Перзентінің жаны қиналып, жанталасып жатқанын көруден асқан ауыр қайғы бар ма? Қолынан ештеңе келмейтін шарасыздығына ызаланған Маржан тамағына қадалған ащы өксікті сыртқа шығарғысы келгендей өкіре жылады. “Қазір бас дәрігер келеді. Бүгін ем шарасын бастаймыз. Көркем сіздің бұл күйіңізді көріп, күшін жоғалтып алмасын” деген медбике палатадан шығуды өтінді. Қызының қасында бірер минут болуды сұрап жалынғанына қарамады. Кетіп бара жатып Көркемге қарағаны сол екен бүкіл жан дүниесі үгітіліп, паршаланып бөлінгендей астан-кестеңі шықты. Есікке дейін жас толы көзімен шығарып салған қызының жанарынан “мені тастамашы, жәрдем берші” деген сөзді анық оқыды. Шығуға бет алып, есікке таяған сәтте Көркем бар даусымен “мамааа”, – деп бақырды. Қызының мына даусы есінен адастырып жібергендей күй кешкен Маржан әрі қарай не болғанына есеп берер халде емес еді.
Босағаға сүйенген күйі қанша уақыт тұрғаны белгісіз, Көркемнің палатасына дәрігерлер кіріп бастағанда есін жиды. Қолына сығымдай ұстаған телефонында “емші атаның” дұға оқыған даусы әлі шығып тұр екен. “Аллам, жәрдем етші! Қызымнан айырмашы!” деп жалынды.
Өз палатасына қалай жеткені есінде жоқ. Төсегіне құлай кетіп, өксігін баса алмай, тоқтаусыз жылады. Жылап жатып, талықсып көзі ілініп кетіпті. Қол созым жерде қызы жәудіреп қарап тұр. Қос жанары жасқа толы. Өкпелі сияқты. “Келе ғой” деп қолын созғаны сол екен, Көркем кері шегінді. Бір адым аттады, қызы тағы да кері шегінді. “Көркемтай, балапаным, келші маған” деп ұмтылғаны сол екен, басын шайқаған күйі қызы теріс бұрылып, ұзай берді. Селк етіп оянғанында, қара терге түсіп жатыр екен. Телефоны безектеп тұр. “Емші ата” екен. Телефонын ашып, дұға оқу басталғанда есін әрең жиған Маржан қалбалақтап Көркем жатқан палатаға қарай жүгірді. Қызы жатқан екінші корпустың есігін аша бере, алдынан медбике шықты. “Мен де сізге келе жатыр едім” деп күмілжіген оның даусынан бір жамандықтың болғанын іші сезді. Көркемі мойыл қара көздерін мәңгілікке жұмыпты. Келмеске кетіпті.
Телефонынан сұңқылдап шыққан “емші атаның” үні миын тесіп жатқандай. Маржан телефон түймесін басты. “Лейкоз қызды емдеймін” деп өзіне соншалықты сенімді “емші ата” дұғасын үзіп жібергеніне ашуланып, қайта қоңырау шалды. “Әй, қызым, мың рет телефон соқтым. Неге жауап бермейсің?” деп айғайлаған “емші атаға” “қызымнан айырылдым” деп зорға айтты. “Алдынан жарылқасын. Дұғаны соңына дейін тыңдаса, сауығып кетер еді, әттең үлгермепті. Ажалға амал бар ма, көнесің”, – деген “емші ата” “Сол күнгі оқыған дұғамның ақшасын салып жібер енді. Еңбегім ғой”, – деді. Адам жанынан ақша, дүние, мүлікті артық санайтын мына әлемге, бұл әлемдегі пендешілікке қарғыс жаудырған Маржан аңырап жылай берді.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.