40 жылдық мерейтойында еліміздің осынша қаласын аралауды жоспарлаған Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры Қызылжар өңіріне келді. Өнер ордасының репертуарында отандық және шетелдік авторлардың қазақ және орыс тілінде 180-ге жуық спектаклі бар.
Қазақстанда бар-жоғы мемлекеттік атауы бар жеті-ақ қуыршақ театры жұмыс істейді. Демек елдің көп өңірінде мұндай өнер ордасы жоқ. Қуыршақ театры адам баласының санасына театр мәдениетін сіңіріп, өнерге құштарлығын оятатыны белгілі. Сол себепті қуыршақ театрлары гастрольдік сапарға жиі-жиі шығып тұруы қажет.
– Жұмыс сапары кезінде сахнада өнер көрсетіп, қонақ болып қана кетпейміз. Солтүстік Қазақстанның бетке ұстар рухани шаңырағы – қуыршақ театрымен тәжірибе алмасамыз. Білгенімізбен бөлісіп, өзіміз де үйренсек деген ниетпен келдік, – деді театр басшысы Самат Алтай.
Қуыршақ театры 1983 жылы ашылған екен. Театр шымылдығы Г.Ландаудың “Ку-ка-ре-ку!” спектаклімен түрілген. Оның ізімен Н.Гернеттің “Гусенок”, “Волшебная лампа Алладина”, Н. Оспановтың “Мұңлық – Зарлық” спектакльдері сахналанды. Ал 2018 жылы Шымкент қалалық қуыршақ театрына “жасөспірімдер” деген статус қосылды.
Үнемі гастрольдік сапарларға шығатын театрдың Тараз, Астана, Байқоңыр қалаларындағы көрермендері өнер ордасының жетпістен астам спектаклін тамашалапты. Сонымен қатар театр аудандарға барып, балалар үйлерінің жеткіншектерін қайырымдылық спектакльдерімен қуантып жүр.
2017 жылы бесінші халықаралық “Ортеке” қуыршақ театрлары фестивалінде Бекболат Пармановтың “Алпамыс” қойылымын ұсынып, “Үздік актер жұмысы” және “Үздік режиссер жұмысы” аталымдары бойынша марапат алған. “Театрлық көктем – 2018” фестивалінде Антонина Малюченконың “Бақыт құсы” спектаклімен “Актерлік ансамбль бірлігі” аталымын жеңіп алды. Ал былтыр “Ассалаумағалейкум” алтыншы халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде “Балаларға арналған үздік спектакль” аталымы бойынша марапатталған.
– Театр ұжымы өсіп, жетілу үшін ел аралап, өнер көрсеткені дұрыс. Шымкенттік әріптестеріміздің қызырлы Қызылжарға келіп, кішкентай жерлестерімізге қонақ кәде көрсетіп отырғаны қуантады. “Шымкенттен шашу” бағдарламасы – кез келген театрға қажет дүние. Өйткені әр жердің салт-дәстүрлерін көрген кезде ойдан ой туады, тәжірибе жинақталады. Кәсіби тұрғыдан алсақ, өзіміз де олжалы болып, рухани демалдық, – деген Солтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Айбол Қасым шымкенттік қонақтарға теріскей өңірдің тарихы тұнған энциклопедиясын сыйға тартты.
Демалыс күндері шымкенттік қуыршақ театры қызылжарлық бүлдіршіндерге “Полторы горсти”, “Үй таңдаған лақ”, “Маша мен аю”, “Кел, бірге ойнайық” қойылымдарын қойып, кішкентай көрермендердің көңілін көтерді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.