Адамның иммун тапшылығы вирусының алдын алуға болады, бірақ әзірге одан толық жазылып кету мүмкін емес. Өкінішке қарай, бүкіл әлемде бұл қауіпті дерт әлі де емі жоқ аурулар қатарында. Облыстық ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес орталығының директоры Айман Сыздықованың айтуынша, антиретровирустық терапия – ВИЧ жұқтырған адамның қанында вирустың мөлшерін азайтады, оның өмір сүру сапасын жақсартады.
“Облыстық ЖИТС орталығы мамандарының маңызды міндеттерінің бірі – АИТВ-мен өмір сүретін тұрғындарды емделуге бейімдеу. Антиретровирустық терапия вирустың көбеюіне жол бермейді. Бұл иммундық жүйені қалпына келтіруге, инфекциялармен күресуге және ЖИТС-тің әрі қарай асқынбауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл ем профилактикалық әсерге ие. Егер ВИЧ жұқтырған адам антиретровирустық препараттарды қабылдаса, дерттің қаупі айтарлықтай төмендейді. Алайда емдеудің тиімділігін арттыру үшін осы терапияны бастаған адам дәрі-дәрмектерді күнделікті және өмір бойы қабылдап, дәрігердің барлық нұсқауларын қатаң ұстануы керек”, – дейді Айман Сыздықова.
Бүгінгі таңда өңірде ВИЧ-пен өмір сүретін 1,5 мыңға жуық адам есепте тұр. Осы жылдың 10 айында қауіпті вирусты жұқтырудың жаңа 116 жағдайы анықталды. Олардың 64 пайызы – ерлер. Есірткіні инъекция арқылы қолдану салдарынан ВИЧ жұқтыру 5,2 пайызға төмендеген.
“АИТВ инфекциясын емдеудің тиімділігі қандағы вирустың деңгейімен анықталады. Егер қанда вирус анықталмаса, пациент вирустық супрессияға қол жеткізді деп есептеледі, яғни АИТВ инфекциясының өршу ықтималдығы және вирустың таралу қаупі өте аз. Антиретровирустық терапия препараттарын қабылдаудың маңыздылығын түсіндіру үшін пациенттермен жұмыс жүргізіледі. Осының арқасында емделуге деген ұмтылыс жыл сайын артып келеді. Әрі қазіргі препараттардың ағзаға жанама әсері аз. Бүгінгі таңда облыста АИТВ жұқтырған, есепте тұрған адамдардың 87 пайызы антиретровирустық терапиядан өтіп жатыр. Бұл республикалық көрсеткіш деңгейіне сәйкес келеді. 2022 жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш өңір бойынша 83 пайыз болатын”, – дейді орталық директоры.
Биыл ЖИТС орталығына үш жас маман жұмысқа қабылданды. Инфекционист дәрігерлер өңірімізге Астана мен Шымкенттен келген.
Өзектілігін жоғалтпайтын тағы бір маңызды міндет – АИТВ-ның таралуын азайту. Бұл мақсатта биыл ұйымдар мен ведомстволарда 70 семинар өткізілді; бизнес-құрылымдарда АИТВ-инфекциясының алдын алу мәселелері бойынша 85 ақпараттық білім беру іс-шаралары ұйымдастырылды. АИТВ-ға тестілеуден өтуге мүмкіндік беретін екі акция орталық базарларда өтті. Сондай-ақ, “дөңгелек үстелдер”, викториналар, тақырыптық ойындар, мектептерде, колледждерде, кітапханаларда дәрістер өткізіліп, жасөспірімдер мен жастарға арналған ақпараттық материалдар үнемі таратылып тұрады.
20 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Қазақстанда Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес науқаны аясында онкүндік өтеді. Осыған орай Петропавлдағы қалалық Мәдениет үйінде, сондай-ақ өнер колледжінде және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Көшбасшылық – қауымдастықтарға” атты іс-шара ұйымдастыру жоспарланған.
Ал АИТВ-ға тестілеуден өткісі келген адам оны тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаларда, ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықта және жеке зертханаларда тапсыра алады. Бұл процедура тегін, әрі құпия түрде жүргізіледі.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.