«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕМІР ЖОЛМЕН БӨЛШЕК ЖЕТКІЗУДЕГІ ТҮЙТКІЛДЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге жұмыс сапарымен кел­ген өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков “ПАМЖЗ” акционерлік қоғамының жұмысы­мен танысты. Министрлік өкі­лі мен зауыт басшылығы кәсіпорын­ды дамытудың 2024 жылға арналған стратегиялық бағытын және жаңа тапсырыстарды орындауды талқы­лады. Вице-министр жұмыс­шы­лар­мен сөйлесіп, оларды қандай проблемалар қызықтыратынын және кәсіп­орынның табысты дамуы үшін не қажет екенін сұрап, өзара пікір ал­масты. Сондай-ақ Азамат Бейісбе­ковке зауытта өндірілетін өнім­дер, мырыштау, хромдау, хи­мия­лық то­тығу және тағы басқа гальваникалық өңдеудің түрлері көрсетілді. “Петро­павл ауыр маши­на жасау зауыты темір жол саласы мен азаматтық сек­тор үшін өндірі­летін бөлшектердің санын көбейтуді жалғастыруда және бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамауы тиіс”, – деп атап өтті вице-министр.

Бұдан кейін вице-министр Аза­мат Бейісбеков өңірдегі зауыттардың өкілдерімен кездесіп, түрлі мә­селелерді талқылады. Бірнеше жыл бұрын Петропавлда “CLAAS” неміс ауыл шаруашылығы техникасын құ­рас­тыратын зауыт салынған. Бөл­шек­тері Еуропаның әртүрлі елдері­нен жеткізіледі. Темір жол стан­циясы Ресейге қарайтындықтан, қазір бөлшек­терді жеткізу қиынға со­ғуда. “Бұл біз үшін үлкен проблемаға айналды, өйт­кені санкцияларға бай­ланысты қажетті бөлшектерді Пет­ро­павл стансасына жеткізу мүмкін болмай отыр. Көбі тауарларды тасы­малдаудан бас тартты. Өйткені біз Ресей темір жолдарына тиесіліміз. Сырттан жеткізілетін бөлшек­тердің Қазақстан аума­ғында, атап айтқан­да Солтүстік Қа­зақстан облысында қолданылаты­ны­на ешкім назар ау­дармайды”, – дейді “СТ Эсэмбли” ЖШС-ның директоры Сергей Жо­лик.

Бұл мәселе басқа ведомствоның құзыретіне кіргенімен вице-премьер әріптес елдердің үкіметтерімен ке­ліссөздерде бұл проблема міндетті түрде талқыланатынын айтты. Со­нымен қатар “QYZYLJAR” арнайы экономикалық аймағы­ның дамуына байланысты да түйінді мә­селе бар. Жа­қында облыс орта­лы­ғын­дағы кә­різ коллекторының бірінде болған апат салдарынан “Atameken-Agro Oils” мұнай экстракция зауыты жұмы­сын тоқтатуға мәжбүр болды.

“Егер аймақ жаңадан құрылса, онда ол жердегі барлық инфрақұры­лым да жаңалануы керек еді. Келесі жылы жаңа су құбырын жеткізу жос­парланған. 60 жыл болған кәріз кол­лек­торын қалдырып, тек жаңа су құ­бырын тарту қордаланған мәселені шешпейді. Біз азық-түлік шығара­тындықтан оның қауіпсіздігіне жауап­­тымыз. Егер тағы да бір апат орын алса, кәсіпорындар үлкен шы­ғынға ұшырайды”, – деп атап өтті “Atameken-Agro Oils” мұнай экстрак­ция зауытының директоры Сер­гей Фурсов.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp