Өңірімізге жұмыс сапарымен келген өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков “ПАМЖЗ” акционерлік қоғамының жұмысымен танысты. Министрлік өкілі мен зауыт басшылығы кәсіпорынды дамытудың 2024 жылға арналған стратегиялық бағытын және жаңа тапсырыстарды орындауды талқылады. Вице-министр жұмысшылармен сөйлесіп, оларды қандай проблемалар қызықтыратынын және кәсіпорынның табысты дамуы үшін не қажет екенін сұрап, өзара пікір алмасты. Сондай-ақ Азамат Бейісбековке зауытта өндірілетін өнімдер, мырыштау, хромдау, химиялық тотығу және тағы басқа гальваникалық өңдеудің түрлері көрсетілді. “Петропавл ауыр машина жасау зауыты темір жол саласы мен азаматтық сектор үшін өндірілетін бөлшектердің санын көбейтуді жалғастыруда және бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамауы тиіс”, – деп атап өтті вице-министр.
Бұдан кейін вице-министр Азамат Бейісбеков өңірдегі зауыттардың өкілдерімен кездесіп, түрлі мәселелерді талқылады. Бірнеше жыл бұрын Петропавлда “CLAAS” неміс ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын зауыт салынған. Бөлшектері Еуропаның әртүрлі елдерінен жеткізіледі. Темір жол станциясы Ресейге қарайтындықтан, қазір бөлшектерді жеткізу қиынға соғуда. “Бұл біз үшін үлкен проблемаға айналды, өйткені санкцияларға байланысты қажетті бөлшектерді Петропавл стансасына жеткізу мүмкін болмай отыр. Көбі тауарларды тасымалдаудан бас тартты. Өйткені біз Ресей темір жолдарына тиесіліміз. Сырттан жеткізілетін бөлшектердің Қазақстан аумағында, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан облысында қолданылатынына ешкім назар аудармайды”, – дейді “СТ Эсэмбли” ЖШС-ның директоры Сергей Жолик.
Бұл мәселе басқа ведомствоның құзыретіне кіргенімен вице-премьер әріптес елдердің үкіметтерімен келіссөздерде бұл проблема міндетті түрде талқыланатынын айтты. Сонымен қатар “QYZYLJAR” арнайы экономикалық аймағының дамуына байланысты да түйінді мәселе бар. Жақында облыс орталығындағы кәріз коллекторының бірінде болған апат салдарынан “Atameken-Agro Oils” мұнай экстракция зауыты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
“Егер аймақ жаңадан құрылса, онда ол жердегі барлық инфрақұрылым да жаңалануы керек еді. Келесі жылы жаңа су құбырын жеткізу жоспарланған. 60 жыл болған кәріз коллекторын қалдырып, тек жаңа су құбырын тарту қордаланған мәселені шешпейді. Біз азық-түлік шығаратындықтан оның қауіпсіздігіне жауаптымыз. Егер тағы да бір апат орын алса, кәсіпорындар үлкен шығынға ұшырайды”, – деп атап өтті “Atameken-Agro Oils” мұнай экстракция зауытының директоры Сергей Фурсов.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.