Өңірде қызылша жұқтырғандардың 60 пайызы – 17 жастан асқан ересектер. Ауырғандардың басым бөлігі Петропавлда тіркеліп отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев айтты.
Жыл басынан бері облыста қызылшаға шалдығудың 77 жағдайы тіркелді, оның 49-ы зертханалық тексеру барысында расталған. Сырқаттанғандардың 86 пайызы дертке қарсы екпе алмаған. Петропавлдағы әскери академияда оқып жүрген курсанттардың біреуі қызылшамен ауырған. Кейін ол басқаларына жұға бастаған.
“Бүгінде ауырғандар саны 15-ке жетіп отыр. Әлі де инфекцияны жұқтыруы мүмкін күдіктілер бар. Ауру ошағы анықталған жағдайда 72 сағат ішінде мекеме мамандарының күнтізбеге сәйкес егілді деген құжаттары тексеріледі, болмаған жағдайда біз ол адамдарға қосымша екпе егеміз”, – дейді Әсет Жұматаев.
Маманның айтуынша, бүгінгі таңда қызылшаға шалдыққан 8 адам ауруханада ем алып жатыр. Ол мұндай ауру анықталған жағдайда мекемелер карантинге жабылмайтынын жеткізді. Егер де ауырған адаммен байланыста болған жан қызылшаға қарсы егілмесе, онда оған вакцина қойылады. Десек те емдеу мекемелері, стационарлар басқа сырқаттарға жұқтырмау үшін карантин енгізе алады.
“Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жөн. Қызылшаны алдын алудың бірден-бір сенімді жолы – вакцина. Дерттің одан әрі таралуын болдырмау үшін қосымша екпе егу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды. Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамық және паротитке қарсы жаппай иммундау жүргізу басталған. Вакцина 1661 балаға қойылды”, – деді Әсет Жұматаев.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.