«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сандық статистика

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттық статистика бюросы “Demo day” іс-шарасын өткізіп, цифрлық трансформацияның нәтижелерін таныстыр­ды. Бюро жоспарлаған цифрлық трансформация портфелі 71 жобадан тұрады. Бұл межелі міндеттің 23-і биыл орындалса, басқа жобалар 2026 жылға дейін толық іске асады деп жоспарлануда.

Мұнда цифрландырудың негіз­гі жобаларының бірі – цифрлық ста­тистикалық тіркелімдер. Транс­формацияның алғашқы жылында білім беру, денсаулық сақтау жəне ауыл шаруашылығы салаларында үш цифрлық статистикалық тірке­лім енгізілген. Мысалы, денсаулық жөніндегі тіркелім Денсаулық сақ­тау министрлігінің деректерін бі­рың­ғай жүйеге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Осылайша па­циенттер, медициналық мекеме­лер дəрілік заттар бойынша статистиканы бір жүйеден біле алады.

Сол секілді білім беру тіркелімі бойынша мектепке дейінгі оқыту, жоғары білім беру, “Болашақ” бағ­дарламасы бойынша деректерді көруге мүмкіндік бар. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы басшы­сының орынбасары Жаннат Дүбі­рова жан-жақты айтып берді.

– Статистикалық тіркелімдер егжей-тегжей статистика жасауға жол ашады. Мысалы, оны облыс­тар, аудандар, экономикалық қыз­мет түрлері, меншік нысандары жəне басқа да бөліністе көрсетуге болады. Осылайша біз мемлекет­тік органдардың 150 дерек базасы­на жəне 3 мыңнан аса анықтама­лық пен классификаторлардың құ­рылымдарына талдау жасап, “Smart Data Ukimet” арқылы инте­грациялау жұмыстарын жүргіздік. Тіркелімдер респонденттерге түсе­тін салмақты азайтуға септігін тигі­зеді, – деді Жаннат Дүбірова.

Бүгінде Ұлттық статистика бю­росының сайтында елдегі инфля­ция деңгейінен бастап, басқа да мəліметтерді оңай білуге болады. Соған үңіліп айтар болсақ, был­тыр­ғы қазан айынан биылғы қазан­ға дейін елдегі инфляция 10,8 пайызды құраған. Мұны есептеу үшін ел бойынша 508 тауар мен қызмет түрі ескерілген. Яғни халық жиі тұтынатын азық-түлік, азық-түлік емес тауарлардың жəне ақы­лы қызметтердің құны қаралған.

Енді статистика бюросы инф­ляцияны есептеу үшін деректерді жи­наудың жаңа əдістерін енгізіп отыр. Жаңа қосымша арқылы ста­тистика мамандарына сол баға­ларды анықтап, есептеу жеңілірек болады. Бұл қосымша туралы бю­роның баға статистикасы депар­таментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы хабарлады.

– Бүгінге дейін біз инфляцияны есептеу барысында бағаларды қағаз түрінде жинайтынбыз. Ха­лық­аралық тəжірибені ескере келе, мобильді қосымша құру тура­лы шешім қабылдадық. Бүгінде статистика мамандарына арнал­ған мобильді қосымша онлайн, офлайн режімде жұмыс істейді. Енді олар дүкен, базарларды ара­лағанда штрих-кодты сканерлеу арқылы бағаны онлайн тіркейді. Осылайша біздің баға жинаушы мамандардың жұмысы біршама жеңілдеді. Айта кету керек, мұндай мобильді қосымша бірнеше Еуро­па елдерінде бар. Қосымшаны елде жасап шығуға жарты жылдай уақыт кетті. Нəтижесі жақсы, – дей­ді Қуанышбек Жақыпбекұлы.

Іс-шара барысында “Ұлттық анықтамалық ақпарат” жобасының таныстырылымы өтті. Бұл – əр­түрлі азаматтық қоғам ұйымда­ры мен жергілікті өзін-өзі басқару ор­гандарының анықтамалық деректерін құруға, құрылымдауға жəне басқаруға арналған кешенді жүйе.

Әсет ҚАНАФИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp