«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сөз-мұхиттан маржан сүзген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аспанмен астасқан қайыңдарымен ажарлы, ән-күйімен базарлы, елдің шетіндегі, суық желдің өтіндегі қасиетті Қызылжар – небір дара сайыпқырандарды құндақтаған, сан алуан жүйріктердің томағасын сыпырып бәйгеге қосқан алтын тұғыр. Бұл өлкеден талай-талай ел бастаған көсемдер, от ауызды, орақ тілді шешендер, найзалы батырлар мен намысты ақын-жыраулар шыққан. Қазақ әдебиетінің алтын қазынасын кестелі туындыларымен байытқан Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов сынды қаламгерлердің салған сара жолын жалғағандардың қатарында журналист, жазушы Бақыт Мұстафиннің есімі ерекше ілтипатпен аталады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, “Soltüstık Qazaqstan” газеті мен облыстық ішкі саясат басқармасы бірлесіп ұйымдастырған еске алу кеші қаламгердің өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауды көздеді.

Өңір журналистикасының да­муы­на сүбелі үлес қосқан жерлесіміз көзі тірі болғанда биыл 86 жасқа то­лар еді. “Сөз-мұхиттан маржан сүз­ген қаламгер” деген атаумен ұйым­дастырылған шараға қатысқан ға­лым­дар мен еңбек ардагерлері Ба­қыт Мүтәллапұлының адами қасиет­те­рі, балаларға арналған туынды­лары туралы әсерлі сөз сабақтады. Іс-шара аясында қаламгердің шы­ғармашылығына арналған “Досың­ды шақыр” байқауында бірнеше аталым бойынша үздік шыққан қатысу­шыларға сый-сияпат табысталды.

Сөз өнері әлемінде ойып тұрып орын алған қаламгерді еске алу ке­шіне облыстық әкімдіктің қызмет­керлері, өңірдің зиялы қауым өкіл­дері, ақсақалдар, замандастары, туған-туыстары, университеттің оқы­тушылары, студенттер мен оқушы­лар жиналды. Іс-шараға журналистің тағдыр қосқан қосағы Дәмелі Мұс­тафина да қатысты.

Бақыт Мүтәллапұлы қазіргі Есіл ауданындағы Еңбек ауылында дү­ниеге келген. 1959 жылы Киров атын­дағы қазақ мемлекеттік универ­ситетінің журналистика факультетін біті­реді. Еңбек жолын облыстық “Ленин туы” газетінде әдеби қыз­меткер болып бастаған.

“Бұл – Бақыт Мұстафиннің құр­метіне өткізіліп жатқан бірінші іс-шара емес, осыдан 5 жыл бұрын ағамыздың туғанына 80 жыл толуы­на орай конференция өткізген бола­тынбыз. Бақыт Мұстафин журналис­тік қызметте, жазушылық жолда ар­тына үлкен еңбек қалдырды. Сон­дықтан оның әңгімелерін, очеркте­рін, публицистикалық туындыла­рын жастар арасында дәріптеу – мін­детіміз деп білемін. Балалар жа­зушысы болу – үлкен жүректі, зор мейірімді талап ететін қасиет. Сөзді көркем жазатындар көп шығар, бірақ балалар тілімен тәрбиелік маңызы терең сөз саптау – екінің бірінің қолы­нан келмейтін іс. Ол қасиет Бақыт ағамыздың бойынан табылды”, – дейді жоғары оқу орнының аға оқы­тушысы Гүлгүл Төлешова.

Бақыт Мұстафин қарашаңырақ – облыстық “Soltüstık Qazaqstan” га­зетінде еңбек жолын қатардағы тілші болудан бастап, басылымның бас редакторы ретінде қалтқысыз қыз­мет етті. Жазушы­лық талап, жур­налистік қызмет, қаламгерлік қа­сиетпен қоғамның біртұтас кірпіші болып қаланған тұлға осы салада жарты ғасырға жуық қызмет атқарып, артына өшпес із қалдырды. Өңі­ріміздің еңбек адамдарының пор­третін сомдаған публицистикалық туындылары, қо­ғам­ның түйткілді мәселелері жайлы мақалалары оқырман тарапынан жоғары баға­ланған.

Бақыт Мұстафин – очерк жанры­ның хас шебері еді. Оның “Жайнаған жер”, “Диқан жолы”, “Далам – дәулет ордасы”, “Жәлел Қизатов”, “Құрман­ғали Сұрағанов” атты көркем туын­дылары – туған өлке және сол то­пырақта туып өнген еңбек адамдары жайлы өшпес мұра.

“Мағжан Жұмабаевтың есімін алғашқылардың бірі болып ауызға алғандардың бірі – Бақыт Мұстафин. Мен аға­мызбен бірінші рет 1992 жылы кез­дестім. Мағжан ақын ту­ралы сөй­лестік. Ол кезде Жамбыл ау­дандық мәдениет бөлімін басқа­ратын едім. Благовещенка елді ме­кенінен Алаш ардақтысының суреті табылды. Сол фотосурет туралы біраз материал әзірледік”, – деді Дәс­тен Баймұқанов.

“Досыңды шақыр” байқауы қала­мыздың дарынды оқушылары мен студенттері арасында ұйымдасты­рылған. Оның аясында студенттер эссе жазып, оқушылар Бақыт Мұста­финнің шығармаларын мәнерлеп оқыды. “Үздік жазылым” аталымы бо­йынша бірінші орынды университет­тің журналистика кафедрасының студенті Саламат Серікхан иеленсе, оқушылар арасында мәнерлеп оқудан Әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы Мәлика Жиенбай жеңімпаз атанды. Үздіктерге қаламгердің інісі Жасұлан Ахметовтің атынан сый-сияпат табысталды. Сондай-ақ, байқауға қатысушылардың барлығы облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газе­тіне 2024 жылдың бірінші жарты жылдығына тегін жазылу серти­фи­катына ие болды.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры Зарқын Тайшыбай Бақыт Мұстафин­нің журналистика кафедрасында қызмет атқарған кезін еске алса, фи­лология ғылым­дарының канди­да­ты Жанар Талас­паева оның бала­лар әдебиетінде сіңірген еңбегі жайлы сөз қозғады. “Қызылжар-Ақпарат” жа­уапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ербақыт Амантайұлы қаламгердің басылымның сарғайған беттерінде айшықты орны сайрап жатқанын, журналистика мен жазу­шы­лық тіз­гінді қатар ұстай жүріп, ар­тына мол мұра қалдырғанын жет­кізді.

Еске алу кешінде сөз алған өзге де азаматтар Қызылжардан шыққан кес­телі сөздің зергері Бақыт Мұста­финнің мол мұрасын жинап, наси­хаттап жүрген зайыбы Дәмелі Бүр­кенқызына алғыстарын білдірді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp