Аспанмен астасқан қайыңдарымен ажарлы, ән-күйімен базарлы, елдің шетіндегі, суық желдің өтіндегі қасиетті Қызылжар – небір дара сайыпқырандарды құндақтаған, сан алуан жүйріктердің томағасын сыпырып бәйгеге қосқан алтын тұғыр. Бұл өлкеден талай-талай ел бастаған көсемдер, от ауызды, орақ тілді шешендер, найзалы батырлар мен намысты ақын-жыраулар шыққан. Қазақ әдебиетінің алтын қазынасын кестелі туындыларымен байытқан Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сафуан Шаймерденов сынды қаламгерлердің салған сара жолын жалғағандардың қатарында журналист, жазушы Бақыт Мұстафиннің есімі ерекше ілтипатпен аталады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, “Soltüstık Qazaqstan” газеті мен облыстық ішкі саясат басқармасы бірлесіп ұйымдастырған еске алу кеші қаламгердің өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауды көздеді.
Өңір журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосқан жерлесіміз көзі тірі болғанда биыл 86 жасқа толар еді. “Сөз-мұхиттан маржан сүзген қаламгер” деген атаумен ұйымдастырылған шараға қатысқан ғалымдар мен еңбек ардагерлері Бақыт Мүтәллапұлының адами қасиеттері, балаларға арналған туындылары туралы әсерлі сөз сабақтады. Іс-шара аясында қаламгердің шығармашылығына арналған “Досыңды шақыр” байқауында бірнеше аталым бойынша үздік шыққан қатысушыларға сый-сияпат табысталды.
Сөз өнері әлемінде ойып тұрып орын алған қаламгерді еске алу кешіне облыстық әкімдіктің қызметкерлері, өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, замандастары, туған-туыстары, университеттің оқытушылары, студенттер мен оқушылар жиналды. Іс-шараға журналистің тағдыр қосқан қосағы Дәмелі Мұстафина да қатысты.
Бақыт Мүтәллапұлы қазіргі Есіл ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіреді. Еңбек жолын облыстық “Ленин туы” газетінде әдеби қызметкер болып бастаған.
“Бұл – Бақыт Мұстафиннің құрметіне өткізіліп жатқан бірінші іс-шара емес, осыдан 5 жыл бұрын ағамыздың туғанына 80 жыл толуына орай конференция өткізген болатынбыз. Бақыт Мұстафин журналистік қызметте, жазушылық жолда артына үлкен еңбек қалдырды. Сондықтан оның әңгімелерін, очерктерін, публицистикалық туындыларын жастар арасында дәріптеу – міндетіміз деп білемін. Балалар жазушысы болу – үлкен жүректі, зор мейірімді талап ететін қасиет. Сөзді көркем жазатындар көп шығар, бірақ балалар тілімен тәрбиелік маңызы терең сөз саптау – екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Ол қасиет Бақыт ағамыздың бойынан табылды”, – дейді жоғары оқу орнының аға оқытушысы Гүлгүл Төлешова.
Бақыт Мұстафин қарашаңырақ – облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінде еңбек жолын қатардағы тілші болудан бастап, басылымның бас редакторы ретінде қалтқысыз қызмет етті. Жазушылық талап, журналистік қызмет, қаламгерлік қасиетпен қоғамның біртұтас кірпіші болып қаланған тұлға осы салада жарты ғасырға жуық қызмет атқарып, артына өшпес із қалдырды. Өңіріміздің еңбек адамдарының портретін сомдаған публицистикалық туындылары, қоғамның түйткілді мәселелері жайлы мақалалары оқырман тарапынан жоғары бағаланған.
Бақыт Мұстафин – очерк жанрының хас шебері еді. Оның “Жайнаған жер”, “Диқан жолы”, “Далам – дәулет ордасы”, “Жәлел Қизатов”, “Құрманғали Сұрағанов” атты көркем туындылары – туған өлке және сол топырақта туып өнген еңбек адамдары жайлы өшпес мұра.
“Мағжан Жұмабаевтың есімін алғашқылардың бірі болып ауызға алғандардың бірі – Бақыт Мұстафин. Мен ағамызбен бірінші рет 1992 жылы кездестім. Мағжан ақын туралы сөйлестік. Ол кезде Жамбыл аудандық мәдениет бөлімін басқаратын едім. Благовещенка елді мекенінен Алаш ардақтысының суреті табылды. Сол фотосурет туралы біраз материал әзірледік”, – деді Дәстен Баймұқанов.
“Досыңды шақыр” байқауы қаламыздың дарынды оқушылары мен студенттері арасында ұйымдастырылған. Оның аясында студенттер эссе жазып, оқушылар Бақыт Мұстафиннің шығармаларын мәнерлеп оқыды. “Үздік жазылым” аталымы бойынша бірінші орынды университеттің журналистика кафедрасының студенті Саламат Серікхан иеленсе, оқушылар арасында мәнерлеп оқудан Әл-Фараби мектеп-лицейінің оқушысы Мәлика Жиенбай жеңімпаз атанды. Үздіктерге қаламгердің інісі Жасұлан Ахметовтің атынан сый-сияпат табысталды. Сондай-ақ, байқауға қатысушылардың барлығы облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетіне 2024 жылдың бірінші жарты жылдығына тегін жазылу сертификатына ие болды.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры Зарқын Тайшыбай Бақыт Мұстафиннің журналистика кафедрасында қызмет атқарған кезін еске алса, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласпаева оның балалар әдебиетінде сіңірген еңбегі жайлы сөз қозғады. “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ербақыт Амантайұлы қаламгердің басылымның сарғайған беттерінде айшықты орны сайрап жатқанын, журналистика мен жазушылық тізгінді қатар ұстай жүріп, артына мол мұра қалдырғанын жеткізді.
Еске алу кешінде сөз алған өзге де азаматтар Қызылжардан шыққан кестелі сөздің зергері Бақыт Мұстафиннің мол мұрасын жинап, насихаттап жүрген зайыбы Дәмелі Бүркенқызына алғыстарын білдірді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.