Ұлттық статистика бюросы “Demo day” іс-шарасын өткізіп, цифрлық трансформацияның нәтижелерін таныстырды. Бюро жоспарлаған цифрлық трансформация портфелі 71 жобадан тұрады. Бұл межелі міндеттің 23-і биыл орындалса, басқа жобалар 2026 жылға дейін толық іске асады деп жоспарлануда.
Мұнда цифрландырудың негізгі жобаларының бірі – цифрлық статистикалық тіркелімдер. Трансформацияның алғашқы жылында білім беру, денсаулық сақтау жəне ауыл шаруашылығы салаларында үш цифрлық статистикалық тіркелім енгізілген. Мысалы, денсаулық жөніндегі тіркелім Денсаулық сақтау министрлігінің деректерін бірыңғай жүйеге шоғырландыруға мүмкіндік береді. Осылайша пациенттер, медициналық мекемелер дəрілік заттар бойынша статистиканы бір жүйеден біле алады.
Сол секілді білім беру тіркелімі бойынша мектепке дейінгі оқыту, жоғары білім беру, “Болашақ” бағдарламасы бойынша деректерді көруге мүмкіндік бар. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Жаннат Дүбірова жан-жақты айтып берді.
– Статистикалық тіркелімдер егжей-тегжей статистика жасауға жол ашады. Мысалы, оны облыстар, аудандар, экономикалық қызмет түрлері, меншік нысандары жəне басқа да бөліністе көрсетуге болады. Осылайша біз мемлекеттік органдардың 150 дерек базасына жəне 3 мыңнан аса анықтамалық пен классификаторлардың құрылымдарына талдау жасап, “Smart Data Ukimet” арқылы интеграциялау жұмыстарын жүргіздік. Тіркелімдер респонденттерге түсетін салмақты азайтуға септігін тигізеді, – деді Жаннат Дүбірова.
Бүгінде Ұлттық статистика бюросының сайтында елдегі инфляция деңгейінен бастап, басқа да мəліметтерді оңай білуге болады. Соған үңіліп айтар болсақ, былтырғы қазан айынан биылғы қазанға дейін елдегі инфляция 10,8 пайызды құраған. Мұны есептеу үшін ел бойынша 508 тауар мен қызмет түрі ескерілген. Яғни халық жиі тұтынатын азық-түлік, азық-түлік емес тауарлардың жəне ақылы қызметтердің құны қаралған.
Енді статистика бюросы инфляцияны есептеу үшін деректерді жинаудың жаңа əдістерін енгізіп отыр. Жаңа қосымша арқылы статистика мамандарына сол бағаларды анықтап, есептеу жеңілірек болады. Бұл қосымша туралы бюроның баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы хабарлады.
– Бүгінге дейін біз инфляцияны есептеу барысында бағаларды қағаз түрінде жинайтынбыз. Халықаралық тəжірибені ескере келе, мобильді қосымша құру туралы шешім қабылдадық. Бүгінде статистика мамандарына арналған мобильді қосымша онлайн, офлайн режімде жұмыс істейді. Енді олар дүкен, базарларды аралағанда штрих-кодты сканерлеу арқылы бағаны онлайн тіркейді. Осылайша біздің баға жинаушы мамандардың жұмысы біршама жеңілдеді. Айта кету керек, мұндай мобильді қосымша бірнеше Еуропа елдерінде бар. Қосымшаны елде жасап шығуға жарты жылдай уақыт кетті. Нəтижесі жақсы, – дейді Қуанышбек Жақыпбекұлы.
Іс-шара барысында “Ұлттық анықтамалық ақпарат” жобасының таныстырылымы өтті. Бұл – əртүрлі азаматтық қоғам ұйымдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының анықтамалық деректерін құруға, құрылымдауға жəне басқаруға арналған кешенді жүйе.
Әсет ҚАНАФИН.