«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алпыс сегізінде асық ойнайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында Астана қаласында еліміз бойынша асық ойынының шеберлерін марапаттауға арналған “Жыл үздігі – 2023” шарасы өтіп, “Үздік ардагер асықшы” номинациясында Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Әсет Рамазанов жеңгенін естігенде төбем көкке бір елі жетпей қалды.

Теңге ілу, бәйге, жамбы ату, аударыспақ, көкпар, тоғызқұмалақ, құсбегілік және асық ату сияқты 9 ұлттық спорт түрінен федерацияларды біріктірген Ұлттық спорт қауымдастығы соңғы уақытта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Соның ішінде асық ату федерациясының аяқалысы қуантады. Бұл федерация 2010 жылы құрылған. 2018 жылы Ұлттық спорт федерациясы ретінде Ұлттық олимпиада комитеті тарапынан танылды. 2023 жылдың тамыз айында федерацияның президенті болып елімізге танымал кәсіпкер Аслан Сұлтанов сайланғанын айта кеткен жөн.

Жеңіс тұғырынан көрінген жерлесіміз Әсет Рамазанов жайлы айтатын болсақ, ол – Жамбыл ауданы, Талпын ауылының тумасы. Бала кезінен сурет салу, қардан мүсін жасауға әуес болған, асық атып, бокспен де айналысыпты. Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін тамамдаған. Еңбек жолын 1980 жылы Жамбыл ауданына қарасты Амангелді ауылының сегіз жылдық мектебінде оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі болып бастап, 1986-2000 жылдар аралығында Талпын орталау мектебінде директор, 2006-2018 жылдары Благовещенка №2 орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болған.

Сабақ бере жүріп, балаларды сурет салуға, шахмат ойнауға баулуды да ұмытпады, өзі де теннис, волейбол ойындарына қатысты. Соңғы жылдары асыққа баса көңіл бөліп, түрлі жарыстарға барды. Аудандық, облыстық додаларда жүлделі орындарға ие болып, 2020-2021 жылдары Алматы, Ақтау, Павлодар қалаларында өткен асық атудан республикалық жарыстарға қатысты. 2023 жылы Балқаш қаласында өткен ардагерлер арасындағы ел чемпионатында 3-ші орын иеленді. Биылғы жылдың 14 қарашасында “Үздік ардагер ойыншы” аталымын иеленіп, өңірімізге кубокпен оралды.

– Бұрын үлкендер “асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар” деуші еді. Қазіргі кезде керісінше, доп тепкендер де, асық ойнағандар да озып тұр. Осы ұлттық ойынның арқасында Қазақстанның түкпір-түкпірін араладым. Жасыма байланысты 60-тан асқандардың арасындағы жарыстарға қатысамын. Катон-Қарағай, Алматы, Ақтау, Баянауыл, Балқаш сияқты еліміздің әсем жерлерінде жылда ардагерлер арасында чемпионат ұйымдастырылады. Қазір асық атудың ережесі, шарттары мен талаптары, арнайы шеңбері бекітілді, кілемшенің үстінде ойнатылады, тіпті ережелер жазылған кітапша да бар. Осы жолы “Үздік ерлер құрамасы”, “Үздік әйелдер құрамасы”, “Үздік федерация”, “Үздік ерлер құрамасының жаттықтырушысы”, “Үздік әйелдер құрамасының жаттықтырушысы”, “Асық атудан үздік төреші”, “Бес асықтан үздік төреші” сияқты аталымдар қатарындағы “Үздік ардагер асықшы” сыйлығының жеңімпазы атанғанда қуанғанымды жасырмаймын. Ақшалай сертификат пен кубок табысталды, – дейді Әсет Жасұланұлы.

Жамбыл ауданындағы қазақ күресі мен бес асық, асық ату үйірмесінің жетекшісі Сәлімбай Садуовтың айтуынша, Әсет Рамазанов – ауданда алғаш болып асық атуды дамытқандардың бірі. 2011 жылы бұл ойынды Талпын, Амангелді ауылдарында қолға алған екен. Кейін Мерген Қайнетов екеуі шеберлік сағаттарын өткізген.

– Алдымен аудан көлемінде жарыс өткіздік. Ал 2014 жылы Уәлиханов ауданындағы жарысқа құраманы бастап барып, екінші орын алдық. Сол жылдан бастап облыста өткізілген ұлттық ойындарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрміз. Әсет Рамазанов, Жанай Рсаев үшеуіміз облыстың құрама командасындамыз. Әсет Жасұланұлының еліміздің үздік асық атушысы атанғаны – үлкен жетістік. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткерінің жүлдесі үшін турнир өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Сәлімбай Садуов.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp