Мамлют ауданында “Қазақстанның әйелдер күштерінің альянсы” мен іскер әйелдер қауымдастығының филиалы ашылды. Аудандық деңгейдегі ұйымға мүшелік ететін нәзік жандардың саны әзірге көп емес. Дегенмен алдағы уақытта қатары қалыңдай түсетіні айдан анық. Осы ретте аудандағы іскер әйелдерге белсенді қыз-келіншектер барынша қолдау танытпақ.
– Осы ауданда ашылып жатқан “Қазақстанның әйелдер күштерінің альянсы” мен іскер әйелдер қауымдастығының өкілдерін тағайындап жатырмыз. Біз осы ауданның әйелдерін қолдаймыз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жатқан әйелдерге біз ерекше сыйлықтар табыс етеміз, – деді “Қазақстанның әйелдер күштерінің альянсы” облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Гүлбақша Мұсабаева.
Аудан өміріндегі маңызды жиынға 30-ға жуық белсенді қыз-келіншек қатысты. Олардың арасында Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненко да бар. Елена Федоровна облыс тарихында бірінші әйел әкім атанып отырғаны белгілі. Осы орайда оған іскер әйелдер құттықтау хат табыс етті.
Белсенді қыз-келіншектер қатарларына қолынан іс келетін, ерік-жігері мықты әйелдерді жинап жатыр. Аудандық ұйымға жетекшілік етуге жергілікті мәслихаттың төрайымы Жанар Кәрімова ұсынылды.
– Маған зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Өз міндетімді сапалы орындауға тырысамын. Ауданда іскер әйелдер баршылық, солардың басын қосып, елдің дамуына жан-жақты үлес қосуға әзірміз, – деді “Қазақстанның әйелдер күштерінің альянсы” мен іскер әйелдер қауымдастығының Мамлют аудандық филиалының төрайымы Жанар Кәрімова.
Мәдина ҚАБИ.