Петропавлда қоғам қайраткері, саясаткер, агроном Сайлау Өтеевтің құрметіне орай мемориалдық тақта ашылды. Ескерткіш тақта бұрын Сайлау Ғаббасұлы тұрған үйдің қабырғасына орнатылды.
Салтанатты іс-шараға еңбек ардагерінің туған-туысқандары, өңірдің зиялы қауым өкілдері, замандастары мен облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Сайлау Өтеев 1939 жылы Есіл ауданындағы Өрнек ауылында дүниеге келген. 1964 жылдың қыркүйегінде Алматы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолын қарапайым көлік жүргізушісі болып бастап, 1990 жылы 12 шақырылымдағы Жоғарғы кеңестің депутаты болып сайланған. Жаңадан құрылған кеңшарды басқарып, 1994 жылы “Колос” акционерлік қоғамының президенті қызметіне тағайындалады. Облыстық өсімдіктерді карантиндеу бойынша шекаралық мемлекеттік инспекцияны басқарған. 1999 жылдан Ауыл шаруашылығы министрлігі Петропавл аумақтық басқармасына жетекшілік етіп, 2007 жылы зейнетке шығады.
“Сайлау Ғаббасұлы өте еңбекқор, жарқын мінезді адам болды. Үлкенді ерекше құрметтейтін, кішіге қамқор бола білді. Оның жүріп өткен жолы өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі-өнеге, көзі тірісінде атқарған істерінің тәлім-тәрбиелік мәні зор”, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.
Сайлау Өтеевке арналған мемориалдық тақта Петропавлдағы 314-ші атқыштар дивизиясы көшесіндегі үйге орнатылды. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына еңбек ардагерінің інісі Қайрат Евниев те келді. “Ол маған ғана емес, бүкіл кеңшардағы жұмысшыларға аға бола білді. Оның жетекшілігімен салынған мектеп, клуб пен медициналық пунк тұрғындарға бүгінге дейін қызмет етіп келеді”, – дейді Қайрат Евниев.
Көзі тірісінде Сайлау Өтеевтің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол “Құрмет белгісі” ордені, “Еңбектегі ерлігі үшін”, “Тыңайған жерлерді игергені үшін” сияқты бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.