Қазақстанның құрметті журналисі, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, марқұм Амандық Жантеміровтің есімі өңірімізге жақсы таныс. Қаламгердің “Жеті атаңды білесің бе?”, “Доктор от Бога”, “Қапсыт (Аткелтір)”, “Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі”, “Атақоныс – Ақтомпақ”, “Сағындырған ауылым” кітаптары көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандардың сүйікті туындысына айналған.
Жуырда журналистің көзі тірісінде туған жері – Қарақамыс ауылының тарихы туралы жазған мақалалары, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Қайсенов сынды қазақтың тұғыры биік тұлғалары жайлы естеліктері топтастырылған “Қарақамыс – Қапсыттар мекені” кітабы жарыққа шықты. Өкініштісі – көзі тірісінде туындыны әзірлеп қойған автор бұл еңбекті оқырмандарына өз қолымен табыстай алған жоқ. Оның бұл аманатын туған інісі Амантай Жантеміров орындады.
– Ағам бала күнінен бойына дарыған жазу өнеріне адал болды. Өз ісіне мұқият болғаны соншалық баспаға әзірлеп жүрген туындысының жоба-жоспарын, материалдардың рет-ретімен бәрін қағаз бетіне түсіріпті. Сол туындыны баспадан шығаруды міндетім деп білдім. Бұл ретте маған ағам ғұмырының басым бөлігін арнаған облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің ұжымы көп көмектесті, – дейді Амантай Мырзахметұлы.
Жинаққа қаламгердің бұрын баспа бетін көрген туындыларымен қатар Жарасбай Сүлейменов, Нұрсайын Шәріп, Өмір Есқали сынды ағаларамыздың Амандық Жантеміров туралы жазған мақалалары топтастырылған.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.