«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ САПАСЫ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыста биыл республикалық маңызы бар 24 жолда 420 сынама жасалды, соның 121-і нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сай болмай шықты. “Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы жанындағы сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің басшысы Арман Тұрасимов жолдың сапасыз салынуының себептерін айтып берді.

Өңірде салынған жолдардың сапасы көңіл көншітпейді. Мамандар биыл республикалық, облыстық, аудандық маңыздағы жолдар мен елді мекендер, қала көшелеріне 434 инспекциялық тексеріс жүргізді. Нәтижесінде талапқа сай келмейтін 190 олқылық анықталды, олардың 112-сі қазіргі уақытта жойылды және 78-і бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ал жол-құрылыс материалдарының 1555 сынамасы іріктеліп алынса, соның  559-ы (сыналған сынамалардың 36 пайызы) нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмейді.

“Облыстық автожолдар бойынша атқарылған жұмыс пен материалдардың сапасын тексеру мақсатында 14 нысанды іріктеп алдық, нәтижесінде 331 сынама алынды, олардың 121-і нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сай емес. Атап айтқанда, параметрлері бойынша негізгі сәйкессіздіктер: суға қанығуы, тығыздық коэффициенті, сығымдау беріктігінің шегі сынды олқылықтар орын алды. Инспекциялық тексеріс нәтижелері бойынша 79 ақау анықталды. Бүгінгі таңда оның 47-сі бойынша олқылық жойылды”, – дейді Арман Тұрасимов.

Көше-жол желісі бойынша сәйкессіздік анықталған. Маманның айтуынша, Петропавлда және елді мекендерде жөнделген көшелерден алынған 502 сынаманың жартысына жуығы нормадан алшақтап кеткен. Ал инспекциялық тексеру кезінде 26 олқылық анықталды. Оның негізгілеріне асфальттің сапасыз төселуі, үстінен басу технологиясының бұзылуы, жаңадан төселген жабынның тегіс болмауы, шөгуі және басқалары жатады. Бүгінгі таңда барлық 25 ескерту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Маманның айтуынша, нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкессіздік көбіне қажетті техника мен жабдықтардың болмауынан, білікті мамандардың жетіспеушілігінен, мердігер ұйымның бұл салада тиісті тәжірибесінің жоқтығынан орын алып жататын көрінеді.   Құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде нормативтік-техникалық құжаттама талаптарының сақталуын техникалық қадағалау инженерлік қызметі бақылауы тиіс. “Мұндағы мамандар операциялық бақылауды да жүзеге асырады. Алайда инженерлердің дені әрдайым өз орындарында бола бермейді, өйткені олар бірнеше ұйымда жұмыс істейді, мұның бәрі инженерлік қызметтің сапасыздығына әкеліп соқтыруда. Биыл филиал осы фактілер бойынша құзырлы мекемелермен бірге 1 531 500 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза қолданды”, – дейді бөлім басшысы.

Жолдың сапасына бірінші кезекте материал әсер етеді екен.  Жұмыс талапқа сай орындалуы үшін фракциялық қиыршық тас, битум, цемент және т. б. сапалы инертті материалдар болуы керек.

“Асфальт-бетон қоспасын жасауда ең маңызды материал – битум. Битум Қазақстанда да, ТМД елдерінде де шығарылады. Осы құрылыс материалын шығаратын Қазақстанның барлық зауыттары кедендік стандарттарды ұстанады. Ол асфальт-бетон қоспасының негізгі құрамдас бөлігі болғандықтан, сапасына байланысты битум параметрлеріне қатаң бақылау жүргізіледі. Осы жылы біздің филиал жергілікті асфальт-бетон зауытынан 9 сынама алды, оның 7-еуі талапқа сәйкес келмейді”,  – дейді Арман Тұрасимов.

2019 жылдан бастап осы күнге дейін филиалда ескірген аспаптар ауыстырылды, сондай-ақ жол белгілерін тексеру және таңбалау үшін жаңа пресс жабдықтар, ретрорефлектометор сатып алынды.

Сонымен қатар мекемеде жылжымалы жол зертханасы бар, ол камералармен және компьютермен жабдықталған, бұл техника автожолдың геометриялық параметрлері бойынша жұмысты орындайды, соның ішінде жолдың тегістігін, ұзындығын, беріктігін анықтап, олқылықтың бейнежазбасын жүргізеді. 

“Автомобиль жолдары туралы” Заңға сәйкес филиалға республикалық, облыстық, аудандық жолдарды, қалалар мен елді мекендердің көшелерін орташа жөндеу жобаларының нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкестігіне ведомстволық сараптама жүргізу өкілеттігі берілді. Бүгінге дейін 97 өтінім орындалды. Осылайша филиал нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сай келмейтін жобаларды ведомстволық сараптама барысында анықтап, 6,5 млрд. теңге үнемдеді. Жобалаушылар көлемді негізсіз  ұлғайтып жіберген”, – дейді Арман Тұрасимов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp