М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде білім, мәдениет және спортты дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан педагогика факультетінің 45 жылдық мерейтойы аталып өтті. Арнайы ұйымдастырылған кешке факультет ардагерлері, түлектер, әріптестік байланыс орнатқан білім, спорт, мәдениет саласы ұйымдарының өкілдері, оқытушылар және студенттер жиналды.
Салтанатты іс-шарада факультеттің жұмысын жандандыруда елеулі еңбек етіп жүрген оқытушылар – Елена Гумель, Алиса Сбитнева, Мнира Куспанова, сондай-ақ, педагогика және психология кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Әсем Белгібекова облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
– Өткен 45 жыл ішінде факультеттің білім беру бағдарламасы кеңейді. Бұл факультетте білім мен ғылым, бүкіл қоғам мен мемлекет үшін болашақ мамандар даярланады. Ең бастысы, рухани-адамгершілік құндылықтарды дамытуға үлес қосып жатыр. Осы ретте педагогика саласында еңбек етіп жүрген әріптестеріме ерекше алғыс айтқым келеді, – деді құттықтау сөзінде университеттің басқарма төрағасының Ректор міндетін атқарушы Рената Апергенова.
Сахна төрінен жылы лебіздер айтылып, дарынды студенттер мен қаламыздың шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынды. Бүгінгі таңда аталған факультетте 28 білім беру бағдарламасы бойынша 1000-ға жуық студент пен магистрант білім алуда. Сонымен қатар Аризона университетімен халықаралық және қос дипломдық бағдарлама жүзеге асырылуда.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың медиаорталығының бас редакторы.