Өмірлік қиын жағдайларға тап болған азаматтардың кредиттері бойынша берешекті реттеуді қамтитын қаржылық қызметтерге жүгінетін тұтынушылардың құқығын қорғау жүйесін дамыту өте маңызды.
Биылғы 10 айда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне азаматтардан 49,8 мың өтінім келіп түскен. Азаматтар мен ұйымдар өтінімдерінің негізгі үлесі банк секторына тиесілі.
Кредиттерін өтеуде қиындыққа тап болған қарыз алушылардың проблемаларын шешу үшін депутаттар “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына түзетулер енгізу туралы бастама жасаған еді.
Әлеуметтік инженерияның түрлі тәсілдері мен әдістерін қолдану нәтижесінде алаяқтардың ақша қаражатын ұрлауы – азаматтардың агенттікке жүгінуінің тағы бір себебі. 2022-2023 жылдары банктерде 14,6 млрд. теңге сомаға алаяқтық тәсілмен ресімделген 7 759 кредит берілген. Бұл ретте мұндай кредиттердің 82 пайызын азаматтар алаяқтардың ықпалымен банктердің мобильді қосымшалары арқылы ресімдеген. 2022 жылдан бастап банктер 111,9 млн. теңге сомаға алаяқтық кредиттерді есептен шығарды. Клиенттердің карточкалық және депозиттік шоттарынан 6,1 млрд. теңге заңсыз алынған, банктер азаматтарға 343 млн. теңге өтемақы төледі.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тағы бір маңызды бағыт – қаржылық инклюзия. 2023 жылы агенттіктің бастамасы бойынша Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті “Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызметтер ұсыну бойынша қаржы ұйымдарына қойылатын талаптар” Ұлттық стандартын бекітті. Аталған құжат мүгедектігі бар адамдардың жеке санаттары үшін қаржы ұйымдарының бөлімшелері мен филиалдарының нақты қолжетімділігіне, ақпараттық ресурстарды – сайттар мен мобильді қосымшаларды бейімдеуге қойылатын талаптарды айқындайды.
Әсет ҚАНАФИН.