«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бауырмалдық – береке бастауы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымызда бауырмалдық дейтін тамаша қасиет бар. Адамдардың бір-біріне жаны ашып, жәрдем беріп, жылы сөз айтып, қолдау көрсетуі ата-бабаларымыздың күнделікті өмірін­де көрініс тауып жатқан. Сол сияқты дінімізде де бауырмалдық тақырыбына ерекше көңіл бөлінеді.

“Мұсылман – мұсылманның бауыры, ол оған ешуақытта тілімен де, қолымен де зиян тигізбейді, ке­леке етпейді, малына, арына сұқ­танбайды”. Бұл иләһи қағида, ис­ламдағы ең ұлы ұғымдардың бірі.

Исламдағы бауырмалдық сезім – Алла Тағала ықыласты, та­қуа мұсылман құлдарының бойына дарытатын ерекше қасиет. Алла Тағала Құран кәрімде:

“Және ол мүміндердің жүректе­рін қосты. Егер сен, жер жүзіндегі нәр­селерді тұтас сарп қылсаң да олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла, олардың араларын біріктірді. Расында ол, өте үстем, аса дана”, – деген.

Шынайы ізгілік нұрына суарыл­ған қоғамды адамдар арасындағы өзара бауырмалдық сезімінсіз елестету мүмкін емес. Мұндай се­зімдегі бауырлар ағаштың бұтақта­ры іспеттес саны көбейген сайын қуат­ты бола түседі. Бұтағы көп мықты ағашқа қатты жел әсер ете ал­мағандай ауызбіршілігі, бауырмалдығы мығым елге ешқандай қара пиғылды күштер зиянын тигізе алмайды. Әлбетте бұл ағаштың қажетті жеміс беруі имандылыққа тікелей байланысты. Алла тағала Құран кә­рімде: “Шын мәнінде мүміндер бауыр”, – деген. Алла тағаланың адам баласына берген бұл ұлы нығметі иманнан кейінгі қасиетті ұғым.

Пайғамбарымыз (с.а.у) Мекке­ден Мәдина қаласына һижрет жаса­ған кездегі ең алғашқы әрі ең маңызды амалдарының бірі – Мәдина мұ­сылмандарын татуластыруы, бір-біріне бауыр қылуы. Пайғамбары­мыз­дың (с.а.у) бұл әрекетінен мұсыл­ман арасындағы бауырмалдық­тың мұсылман мемлекетінің іргесі­нің мығым болуына негізгі шарт екенін көруге болады. Сонда ғана бір жеңнен қол, бір жағадан бас шы­ғарған ынтымағы жарасқан қоғамның пайда болуына апарады.

Денені құраған ағзалар бірігіп жұмыс жасаған уақытта дене сау бо­латыны сияқты қоғамның мүшесі са­налатын адамдар да бауырмалдықта болса, өркендеп гүлденеді.

Пайғамбарымыздан Құран аят­тарын қуаттайтын, бірлікті, ынты­мақты үндейтін, бөлінуге, ажырауға тыйым салатын көптеген хадистер жеткен.

“Шын мәнінде Алла үш нәрсе үшін сендерге риза болады және үш нәрсені жек көреді. Алланың риза болатыны: Аллаға құлшылық қылу, оған серік қоспау, Алланың дініне жармасып бөлінбеу, Алланың жек көретіні: өсек тарату, орынсыз көп сұрақ қою, малды ысырап ету”.

Бұл хадис жайында Имам ән-Науауи: “Бөлінбеңдер” деген әмір мұ­сылман арасындағы ауызбіршілікті меңзейді”, – деген.

Басқа бір хадисте: “Жамағатпен бірге болыңдар, бөлінуден аулақ болыңдар, шын мәнінде шайтан жал­ғызбен бірге, екі адамнан алыс, кімде-кім жәннаттың рақатын қаласа, жамағатпен бірге болсын” деген.

Адамдардың бір-бірімен бауыр­мал болуының мынадай шарттары бар:

Біріншіден – шынайы Алла ра­зы­лығы үшін бауырмал болу. Егер бір мұсылманды жақсы көргенде Алланың разылығы емес, адамның биік мансабы, абыройы, байлығы себеп болса, ол Алла қалаған бауырмалдыққа жатпайды.

Екіншіден – бауырмалдық имани жолда, тақуалықта байла­нысу. Бауырмалдықтың шартта­рының бірі – имани жолда байланы­суы, азғындық жолда болмауы.

Үшіншіден – бауырмалдық­тың ислами шеңберде болуы. Ис­лам шеңберіне керағар әрекетте бай­ланыспау, Аллаға серік қосудан, исламнан шығаратын амалдардан алыс болу. Егер бауырлар арасында теріс жолға түсіп, ауытқығандар кездессе, оған насихат айтылуы ке­рек. Насихат пайда бермеген жағ­дайда күнә амалдарда ортақ болмас үшін адамдар онымен байла­нысын үзеді.

Төртіншіден – өзара кешірімді­лік­те болу.

Бесіншіден – қиыншылық пен кеңшілікте ортақтасу.

Алла тағала бір-бірін шынайы жақсы көрген бауырларға есепсіз сауаптар жазады. Оның қайтарымы бұл өмірде де, ақыретте де болады. Басқалармен бауырмал болған адам Алла тағаланың махаббатына бөленіп, құрметіне ие болады. Со­нымен қатар ондай мұсылмандар­дың қиямет күні Алла аршысының көлеңкесінде болатыны (Әбу Хурай­ра­дан жеткен хадис бойынша Пай­ғамбарымыз (с.а.у) айтты: “Алла тағала қиямет күні айтады: “Менің разылығым үшін бір-бірін жақсы көргендерге ешкімге көлеңке нә­сіп етпеген күні оларға көлеңке нә­сіп болады”), жәннатқа кіретіні жайлы хадистер бар (Әбу Хурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у) айтты: “Иман келтірмейінше, жәннәтқа кірмейсіңдер және бір-бір­леріңді жақсы көрмейінше, толық иман келтірмейсіңдер, бір-бірлеріңді жақсы көруге апарар жолды көрсетейін бе? Араларыңда сәлем жайыңдар”).

Мұсылмандардың бірлігіне те­жеу болып отырған бірнеше фактор бар, егер олардың түйіні шешілсе дүниеде нағыз ауызбіршілік, сүйіспеншілік орнар еді. Мұсылмандар­дың бірлігіне кедергі болатын жайт­тардың алғашқысы қате ақида. Мұсылманның бұл фәни дүние мен о дүниедегі жағдайы оның ұстанған ақидасына байланысты. Аллаға де­ген сенім дұрыс болса, пенденің жүрегінде тыныштық орнап, көңілі жай табады. Ал ақидасы қате болса, тура жолдан ауытқығаны, оның Алла разылығы үшін жасап жатқан амалдарынан еш пайда болмағаны. Сол себепті сенім ілімі ең маңызды ілімдердің қатарында. Сол сияқты мазһабсыздық та халықтың бауыр­малдығына сызат түсіреді. Ислами білім азайған уақытта дінді қабылдаған мұсылмандардың бір ғалымның артынан еріп, оның айтқа­нына жүгінуі міндетті амалдардан. Исламның алғашқы дәуірлерінен бастап, ислам мазһабтары мұсылман арасындағы бірліктің, ынтымақтың негізгі факторы ретінде қарал­ған.

Кейбір жат ағым өкілдері дінге жаңа бет бұрған мұсылмандарға кей­бір парыз емес, абзал болған амалдарды (сақал өсіру, мисуак қолдану, балақ қысқарту) міндеттеп, діннің негізі ретінде көрсетеді. Дінге жаңа ғана бет бұрған ол діннің негізі осы екен деп ол амалдарды жасамаған мұсылмандардың әрекетін жат көреді, оларды пасыққа шығарады. Осылайша, мұсылман қоғамын жік-жікке бөліп, бөлінуіне апарады. Сөй­тіп, қарапайым халықтың алдында Пайғамбарымыздың (с.а.у) абзал болған сүннеті тұрпайы көрінуде.

Егер мұсылман емес басқа дін өкілі болатын болса, ол сен үшін мұсылман бауырыңнан төмен болға­нымен, онымен қарым-қатынаста шектен шығып астамшылдық жасауға болмайды. Пайғамбарымыздың (с.а.у) кезінде де, одан кейінгі алтын ғасырларда да мұсылмандар мен басқа дін өкілдері тату-тәтті бейбітшілікте өмір сүріп келген. Оларды діндері үшін қудалау, байлықтарына қол сұғу кездеспеген.

Мұсылмандар арасына жік са­луды мақсат ететін кейбір жат ағым өкілдері осы ұстанымды негізге ала отырып, Аллаға құлшылық жасап, бес парызын орындап жүрген, алайда олардың ұстанымымен санаспайтын мұсылмандарды шектеп, Алла разылығы үшін “жек көру” ке­ректігін алға тартады. Бұл ұстанымды қолдайтын жат ағым өкілдері өзге мұсылман топтармен байла­ныспай исламдағы бауырмалдық­қа балта шабуда. Олар үшін бірінші болып амандасуға, қандай бір қиын жағдайда көмек қолын ұсыну, рұқсат етілмейді. Осы жолға шақырып жүр­ген кейбір уағызшылар өздерінен бөлек бағыттағы мұсылман­дармен қыз алысып, қыз берісуге де қарсы. Мүшрік, кәпірлерге қатысты түскен аяттарды өздеріне қарсы бағыттағы мұсылмандарға қолдануда. Бұл надандықтың, білімсіздіктің белгісі.

Жоғарыдағы аталған себептер ислам үмметін жегідей жеп, іштей құлдыратуда. Құран аяттарында, пайғамбар (с.а.у) хадистерінде келген тікелей әмірге қарсы келуде. Мұсылман үмметінің осындай кедергілерді ысырып, нәпсінің айдағанына ермей, таза ақыл-ойға жүгініп, пікір қылатын кезі келді. Еліміз өркендеп, кең даламыздың үстінде бақытты қоғам орнау үшін, ең алдымен, өз жақындарымызға бауырмал болуы­мыз керек.

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp