«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАПА ШЕККЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жазушы, публицист Әбдірахман Айсарин 1898 жылы бұрынғы Ақмола губерниясы, Петропавл уезі, Аққұсақ болысы, Шоға ауылында туған. “1916-1918 жылдары Троицк қаласындағы “Уазифа” медресесінде оқып, ол жабылып қалған соң ауыл мұғалімдерінің курсын бітірген (1919 ж.) 1919-1921 жылдары Орынборда шығып тұрған “Ұшқын” және “Еңбек туы” газеттерінде әдеби қызметкер, 1921-1922 жылдары Ә.Жангелдиннің басқаруымен Орынбордан Семейге дейін Қазақстанның солтүстік облыстарын түгел аралаған “Қызыл керуеннің” хатшысы, 1922-1923 жылдары Семей губерниялық комсомол комитетінде қызметкер, 1923-1926 жылдары Петропавл уезінде халық соты болған.

Ол 1926-1932 жылдары “Бостандық туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan” газеті), “Еңбекші қазақ” газеттерінде журналист, 1932-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Петропавл бөлімшесінің басшысы болған. 1938 жылы жазықсыз тағылған жаланың құрбанына айналып, атылып кетеді.

Әбдірахман Айсарин 1919 жылдан шығармашылықпен айналыса бастайды. “Айжанның азабы”, “Мәжен”, “Той тарқар”, “Бәсекелестер жиыны”, “Жол айырығы”, “Мырзалар”, “Жүрек жұмбағы” және тағы да басқа әңгімелері, “Алма өз түбінен аулаққа түспейді” (1927-1928 ж.), “Көн құрысса, қалпына барады” (1928 ж.) атты повестері жарық көрген.

Есімі өңір жұртшылығына белгілі ғалым Зарқын Тайшыбай “Қызылжардағы жергілікті билік” деп аталатын еңбегінде 1921 жылдың 21-ші сәуірі күні Петропавл қаласындағы Луначарский атындағы театр үйінде Петропавл уездік ІІ партия конференциясы болғанын, конференция төралқасына сайланған жеті адамның ішінде Әбдірахман Айсариннің де болғанын жазады.

Қазақстанның Халық жазушысы Дихан Әбілев “Зергер” естелік әңгімесінде Әбдірахман Айсариннің Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне ұйымды көркемсөз зергері Ғабит Мүсірепов басқарып тұрған кезде қабылданғанын жазған.

“Көркем әдебиеттің ең көрнекті сұңқарлары Мағжан, Сәбит, Мәжит, Әбдірахман Айсарин бастаған ақын, жазушылар тобы ой толғаған, өлең-жырларын өрнектеген шаһар – Қызылжар. Бұл жылдарда да Әбдірахман Айсарин, Ғалым Малдыбаев, Абдолла Сәдуақасов, Жүсіп Алтайбаев облыстық газетте (“Ленин туында”), баспада қызмет етіп жүріп көркем сөз көрігін суытқан еместі”, – дейді Дихан Әбілев.

Осыдан-ақ Әбдірахман Айсариннің өз қатарының алды болғанын байқауға болады. Алаштың қай қайраткерінің тағдыр жолын алып қарамаңыз, Әбдірахман Айсаринмен байланысты. Оның есімі қазақтың заңғар жазушысы Сәбит Мұқановтың шығармаларында да кездеседі. “Әбдірахман менімен бір әкімшілік болыстың ішінде туды. Бала кезімізден бірге өсіп, біте қайнаған, советтік дәуірдің таңы атқан шақта, әлеуметтік, партиялық қызмет майданына ауылдан бірге аттанған, жеке және қоғамдық тұрмыста шын көңілден сеніскен жандай жолдасым еді ол”, – дейді Сәбең.

С. Мұқанов мақаласында Әбдірахманның жазушылық, журналистік қызметін толық баяндамай, Баймағамбет Ізтөлин, Хамза Жүнісов, Баязит Жантұрин, өзі және досы Әбдірахман партияға тілеулес (кандидат) болып мүшелікке алынғанын, Ә.Айсаринның бес болыс Керей-Уақ еліне халық судьясы болғанын тиянақты жазады. Аракідік Әліби Жангелдин басқарған “Қызыл керуенмен” Торғай, Ақмола, Семей өңірлерін аралағанынан (1921 ж). мағлұмат береді. “Ғажап бай материалдары бар еді. Әттең, не керек, құрып кетті!” – дейді Сәбең өкінішпен.

Әбдірахманның тілі өткір, қаймықпайтын турашыл, сөзі ашық, сол себепті басшыларға ұнамағаны Сәбең қаламынан тыс қалмаған.

Жазушы Сейтен Сауытбеков өзінің ақын Баймағамбет Ізтөлиннің өміріне арнаған “Өртенген өлең” деректі повестінде “Бойы сорайып, өзі зіңгіттей жігіт болыпты!” деп Әбдірахман Айсариннің ұзын бойлы, денелі кісі болғанынан хабар береді. Оның “Ақжал” деген атының болғанын, Баймағамбетпен жақсы араласқанын, оны Пресногорьковкадан Тройцкідегі “Уазифа” медресесіне бірге оқуға алып кетіп, жатақханада Хамза деген жігіт пен (Баймағамбет) үшеуі бір бөлмеде тұрғанын, Қайранкөлдің көк құрақты жағасында Қанапияның Баймағамбеті, Жаншораның Баязиті, Арбабайдың Мағзұмы, Сәбиттермен кездесуін суреттеп жазады.

Өз басым асыл тұлғаның өмірімен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, “Soltüstık Qazaqstan”облыстық қоғамдық-саяси газетінің ардагер журналисі, марқұм Зейнолла Әкімжановтың “Әйгілі Әбдірахман Айсарин”, “Озбыр заманның отына күйген”, “Қастандығым жоқ еді халық үшін”, “Нағыз ерлік” зерттеу мақалаларын оқып, жақынырақ таныстым. Зейнолла Әкімжанов – Ә.Айсариннің зайыбы Мәдина Қостанкелдіқызының екінші күйеуі Рамазаннан туған баласы. Рамазан да – Әбдірахманның туған бөлесі екен. Рамазан мен Мәдина 1947 жылы қосылыпты. Сол жылдары Рамазанның да бірінші әйелі дүниеден өткен.

“Ult.kz” сайтында жарық көрген “Egemen Qazaqstan” тарихы: қуғын-сүргін жылдары басылымның 18 редакторының 12-сі атылған” деген материалда (авторы Бекен Қайратұлы – С. Қ.) Әбдірахман Көшерұлының 1938 жылдың 9 наурызында құрбан болғаны жазылған.

“Газет 1919-1938 жылдары “Ұшқын”, “Еңбек туы”, “Еңбекшіл қазақ”, “Еңбекші қазақ”, “Социалды Қазақстан”, “Социалистік Қазақстан” аталған шақтарда редактордың орынбасары Рахым Сүгіров, бөлім меңгерушісі Хамза Абдуллин, Әбдірахман Айсарин, меншікті тілші Мүтәліп Ахметов, Ғазиз Исмағұлов, фототілші Макс Шохор, газетке автор болған мәдениет, ғылым, өнер қайраткерлері Темірбек Жүргенов, Нәзір Төреқұлов, Дінмұхаммед Әділов, Қоңырқожа Қожықов секілді ондаған арыс оққа байланды”, – деген жолдар кездеседі. 1957 жылы Кеңес одағының жоғарғы соты әскери коллегиясының шешімімен тағылған жаза алынып, Ә. Айсарин толық ақталған.

– 2005 жылдан бері өңірімізге белгілі ақсақал Болат Сағындықовтың бастамасымен құрылған саяси қуғын-сүргiн құрбандарына арналған ескерткiшке келіп, зиярат ете бастадық. Сол кісінің арқасында ел қамын ойлаған азаматтардың есімдері ұмыт қалмады. Бүгіндері ескерткіш тақтадан 8 мыңнан астам солтүстікқазақстандық боздақтың аты-жөнін кездестіруге болады. Олардың арасында нағашы ата-әжем Әбдірахман мен Мәдина да бар, – дейді Әбдірахманның Айман деген қызынан туған жиені Зияда Базарбаева.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp