Сүрінгенді демеп, құлағанға қайта тұруға жәрдемдесу – халқымыздың қанында бар қасиет. Көңілі даладай дархан бабаларымыз қай кезде де жомарттықтың үлгісін көрсетіп, қиналғанның қасынан табылған. Сан ғасырлар бойы салтымыздан ажырамай келген осындай игі дәстүрлер қазақ ортасындағы қоғамдық қатынастардың негізі болған. Жетімі мен жесірін жылатпай, жарлысын далада қалдырмай, қол жайғаннан көмегін аямайтын көшпенділердің бойындағы жанашырлық, қамқорлық, мейірімнің үзігі күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Ал ата-бабаларымыздың қоршаған ортаға, табиғатқа деген қамқорлығы – бөлек баяндауды қажет ететін тақырып. Осындай қасиеттердің арқасында әр адам қоғам дамуына өз үлесін қосып, ұжымдық игілік үшін қолда барымен бөліскен. Бүгінгі “асар” сияқты асыл дәстүрлеріміз осындай игі қасиеттерді үндеу нәтижесінде қалыптасқан.
Осыдан мың жыл бұрын бақытты мемлекеттің үлгісін жасап, ережесін жазған әл-Фараби де кемел қоғамның басты шарты адамдардың бойындағы мейірімділік екенін жазып кетті. Арада мың жыл өтсе де, бұл қағида әлі де өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, қазіргі әлем қайырымдылық пен мейірімге бұрынғы заманға қарағанда аса мұқтаж. Мұндайда көне дәстүрдің жаңа сипат алып, қайта жаңғырып жатқаны көңіл қуантады. Осындай игі істердің басында белсенді жастардың тұрғаны ертеңімізге үмітпен қарауға жетелейді. Осы күні қайрымдылықтың жалаушысы болып, айналаға мейірім шуағын шашып жүрген еріктілердің қоғамдағы маңыздылығына ешкімнің таласы жоқ. Еріктілердің таза ниеті мен жылы жүрегінен туындап жатқан оң істер бірқатар мәселелерді шешіп, халықтың өмірін жақсартуға айтарлықтай оң ықпал етуде.
Елімізде 5 желтоқсанда Халықаралық еріктілер күнінің аталып өтіле бастағанына көп бола қойған жоқ. Аталған мереке қоғамдық өмірге белсенді араласып жүрген еріктілердің еңбегін паш ету мақсатында БҰҰ бастамасымен 1985 жылы қабылданғанымен, оның Қазақстанда атаулы күнге айналғаны соңғы бірнеше жылдың айналасы ғана. Десе де халықаралық еріктілер күні кең сипат алып, жыл сайын әр өңірде аталып өтіліп, жұртшылық еріктілерге алғыстарын білдіреді.
Өңіріміздегі еріктілдердің саны жыл өткен сайын артып, түрлі жаңа ұйымдар ашылуда. “Birgemiz” еріктілер фронт-кеңсесінің жетекшісі Анастасия Волкованың сөзінше, осыдан 4 жыл бұрын өңірде 19 мың ерікті болса, бүгінде олардың саны 30 мыңнан асады.
– Өңір еріктілері қоғамдық өмірдің әр саласында еңбек етіп, өңіріміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Олар денсаулық сақтау, экология, мәдениетке қатысты шараларды қалт жібермейді. Шағармашылық шаралар мен патриоттық тәрбиеге қатысты істердің де басы-қасында еріктілер жүреді. Тұрғындарға алғаш болып құқықтық, психологиялық көмек көрсететін де – осы жастар. Жалпы жыл басынан бері еріктілер облыста ірілі-ұсақты 1800-дей іс-шара ұйымдастырды, – дейді кеңсе жетекшісі.
Бүгінде өңірдегі 14 жастар ресурстық орталығының әрқайсысының жанынан еріктілер кеңсесі ашылған. Әр ауданда осындай кеңселерде бас қосып жұмыс істейтін мыңдаған ерікті бар. Бұдан бөлек жұмыс бағыттары, аудиториясы әртүрлі өзге де еріктілер ұйымдары мен қозғалыстары аз емес. Жыл басынан бері еріктілер жүздеген қайырымдылық акциясын өткізіп, мыңға жуық зейнеткерге көмек көрсеткен. Одан бөлек, бүлдіршіндер мен мектеп оқушыларына арналған шаралар өткізіп, жылу жинап жатқандары қаншама.
Экологиялық акциялар, экомарофондар, сенбіліктер – өңірдегі еріктілер қозғалысының басым бағыттарының бірі. Мұндай бағыттағы шараларға атсалысқан еріктілердің саны мыңнан асып жығылады. Табиғатқа қамқор, тазалыққа құмар жандар жыл басынан бері 100 тоннадан астам қоқыс жинапты.
Әдетте еріктілер дегенде көз алдымызға қоғамдық жұмыстарға белсенді кірісетін жастар елестейді. Алайда игі іс жас талғамайды. Қаласа, жасы елуден асқан жандар да мұндай ұйымдарға мүше бола алады. Белсенді өмір сүруді қалайтын аға буын өкілдері үшін өңірде “Күміс еріктілер” ұйымы жұмыс істейді. Ондағы кей еріктілердің жасы жетпістен асып жығылады.
Еріктілер ұйымдары күн өткен сайын кеңейіп, толығып келеді. Ондағылардың сөзінше, өмірінде бір рет мұндай қоғамдық жұмыспен айналысқан жан оны өмір салтына айналдырады екен. Еріктілер ертеңгі күні бұл жұмыстан қол үзгенімен бәрібір де айналасына қамқорлықпен қарап, кезі келгенде өзгелерге көмек беруін жалғастыра береді.
Әр адамның еріктілер қозғалысына қосылуына түрлі жайттар себеп болады. Мысалы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Алихан Мұратқазы қоғамдық жұмыстарға мектепте өтетін іс-шаралар арқылы қызыққан.
– Мектебімізде “Береке” еріктілер қозғалысы бар. Біз өмірлік қиын жағдайда қалған, науқас балаларға жәрдем беруге тырысамыз. Оларға арнап шеберлік сағаттарын ұйымдастырамыз. Табиғатқа да жанашырлықпен қарап, сенбіліктерді қалт жібермейміз. Қарттар үйіне барғанда ондағы аға буын өкілдері қуанып, алғыстарын білдіріп жатады. Енді міне, мереке қарсаңында волонтер куәлігіне ие болып отырмыз,– дейді жас ерікті.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.