Дүниедегі қандай нәрсе болсын тек өз сыңарын тапқанда ғана толық ашылып, өз болмысын танытады. Сол сияқты адам табиғаты да өзіне серік болар екінші жартысын іздейді. Махаббат – күллі дүниенің тірегі мен бастауы. Адам ата мен Хауа анадан бастап жер бетінде махаббат салтанат құрып келеді. Жүрегіміздегі осы асыл сезім тұрғанда ұрпағымыз ізімізден еріп, тарихымыз жалғаса бермек. Кей ойшылдар аңыздағы Адам ата ақыл мен күш қайраттың, Хауа ана сезім мен махаббаттың символы дейді. Яғни ақыл мен күш-қайрат таза сезім махаббатпен ұштасқанда ғана толық тұлға қалыптасады.
Адамзаттың өркениетке ұмтылысының нәтижесінде осыдан мыңдаған жыл бұрын неке ұғымы пайда болды. Некелесу – өмірдің жаңа кезеңінің бастауы. Адам өз жаратылысынан махаббатқа, сезімге ынтық болғандықтан некеге тұру да өмірге мән беретін ұғым саналады. Өкініштісі, қазіргі қоғамымызда үйленіп, үй болуға, жеке отау құрып, шаңырақтың шаттығын асыруға асықпайтындар көбейіп барады. Өткен жылы ел аумағында 128 мыңнан астам неке тіркелген. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға аз. Ал биылғы жылдың 9 айында 90 мыңдай жұп ресми некеге тұрған. Жүз мыңдаған некеге тұру деректеріне қарамастан біздегі отау құру коэфиценті жыл өткен сайын төмендеп келеді. Соңғы он жыл бойы қазақстандықтар аталған коэфицент бойынша айтарлықтай артқа кеткен. Мәселен, 2012 жылы бұл көрсеткіш 9,81 болса, бүгінде небәрі 6,54. Демек соңғы онжылдықта неке саны шамамен 40 мыңға азайған. Бұл үрдістің жақын уақытта оңала қояр түрі байқалмайды.
Сонымен қатар елдегі бойдақ жандардың статистикасы да миллиондап саналады. Ұлттық статистика бюросы таратқан деректерге сүйенсек, бүгінде бізде ешқашан некеде болмаған 1,9 млн. ер адам мен 1,8 млн. әйел бар. Ал өңірімізде бойдақ 60 мың ер адам мен 45 мың қыз тұрып жатыр. Бұл – шамамен өңір тұрғындарының алтыдан біріне жуық көрсеткіш. Осындай жайттардың бәрі облыстағы демографияның кері кетуіне, халық санының азаюына әсер етуде. Некеге тұрушы жұптар азайған сайын бала туу көрсеткіші де төмендей бермек.
Халқымызда “екі жарты – бір бүтін” деген сөз бар. Бұл нақылды көбіне енді отау құрып жатқан жас жұбайларға айтып жатамыз. Жаратылыстың заңдылығын терең түсінген бабаларымыз қалай дәл тауып айтқан! Екі адам тек бірге болғанда ғана бір бүтінге айналатынын осы күнгі зерттеушілер мен психологтар да растайды. Жеке адамның болмысы өз жартысын таппайынша толыққанды бола алмайды. Дүние-мүлікке, атақ-даңққа жалғыз қол жеткізуге болар, алайда біз үшін одан да биік тұлғалық, рухани даму тек жүрегіміз басқа адаммен үндестік тапқанда ғана жүзеге асады. Оның өзінде мұның бәрі екі жастың арасындағы неке бақай есеп пен пенделік құмарлықтан биік болғанда ғана мүмкін. Екі адамның арасындағы махаббатқа қос тарап та барынша үлес қосып, ортақ құндылықтар, арман, мақсаттар жолында қол ұстасып бірге болғанда ғана өмірде мән пайда болып, болмысымыз ашыла түседі.
Бір өкініштісі осыны түсінбеген көп жастар салт басты, сабау қамшылы жүріп қалып, ақыры өмірден мән таба алмай баз кешеді. Бұған қазіргі буынның бойындағы өзімшілдік сезімі де себеп. Ата-анасының әлпештеуінде болып, басынан құс ұшпай ерке өскен бозбала мен бойжеткеннің есейгенде де өзіне мінсіз жар іздейтіні тағы бар. Алайда табиғатта ештеңе де мінсіз емес. Әр нәрсенің толып жатқан артықшылықтарымен қоса әттеген-айы да болады. Біздің ерекшелігімізді танытып, тұлға ретінде даралайтын да осы кемшіліктер емес пе? Жер бетіне келген жанның періштедей пәк болып, мінсіз өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан да әр адам өзімшілдікке бой алдырмай, қандай жағдайдың болсын өмірдің мәнін ашар ажырамас бөлігі екенін түсінуі керек. Осы жайында жазушы Әзілхан Нұршайықов “Өмірде мінсіз кісі болмайды. Қызға жігіт 100 пайыз жақсы боп ешқашанда кездеспейді. Жігітті 100 пайыз жақсы ететін əйел ғана. Сондықтан қыз балалардың дап-дайын күйеуге шыға қоямын деуі қиын. Ол жігіттердің де кінəсі емес. Олардың бұл істе тəжірибелері жоқ. Келіншекті қалай алу керектігін білсе де, онымен қалай өмір сүру керектігін білмейді. Оны жүре-жүре жігітке өмір үйретеді”, – деп жазады.
Жастарымыздың шаңырақ көтеруге асықпауына бүгінгі әлеуметтік жағдайлар да бірінші кезекте әсер етуде. Көп жағдайда қалаға енді келген қыз-жігіттер осындағы өмірге тез бейімделіп, өз орнын табу үшін мансап пен байлықтың соңына түседі. Бұл бір жағынан жастардың ішіндегі аңғалдықтан туындаса, екінші жағынан қоғамдық пікірдің әсерінен болып отыр. Жақсы жұмысқа тұру, үй, көлік алу, кәсібін дөңгелетудің соңында жүргендер отыздың бел ортасына қалай жетіп қалғандарын да байқамай қалады. Кейін осы дүниенің бәрі бақытты отбасысыз түкке де жарамайтынын түсініп, басын тасқа соғады. Егер үлкен өмірдің есігін енді ашқан жастар үшін тұрмыстық мәселелер тұсау болмаса, бәлкім ертерек екеу болып, түтін түтетіп отырар ма еді.
Бүгінде отау құру, қол ұстасып отбасы болу жайлы әңгіме айтыла бастаса, жігіттер желкесін қасып, арулар тыжырына қарайтыны бар. Бұл тағы да отбасы мен қоғамдағы тәрбиенің ақсап тұрғанын көрсетеді. Қазір жастар арасында “жастық шақтың қызығын құр жібермейік”, “өмір әлі алда, асығудың керегі жоқ” деген сияқты көзқарастар тамыр жайып барады. Өз жарының, туған-туыстарының алдында жауапкершілік арқалай алмайтындар жас кезінде өздерін осылай алдағандай болады. Алайда жастық шақ мәңгі тұрмайды. Адам неғұрлым егде тартқан сайын өз сүйгенін тауып, үйлесімді өмір сүруі қиындай түседі.
Бұрында “үйлену – оңай, үй болу – қиын” десек, бүгінде осының екеуі де қиын. Өңірде мыңдаған жас қосағын таппай бойдақ жүргенде үй болу жайлы әңгіме айтып жатудың өзі артық. Біздегі бойдақтар көп болған соң, бала туу көрсеткіші де төмен. Халық саны азайса басқа көрсеткіштер де құлдырап, экономика кері кетеді. Бүгінгі неке институтының бұзылуы осылайша қоғамның барлық саласына өзінің кері әсерін тигізуде.
Некеге тұру – бақытты, алаңсыз өмірдің кепілі емес, керісінше үлкен жауапкершілік. Некеге тұрған адам өз жарынан бастап, бар тұтас ұлтқа дейін бәрінің алдында жауапкершілік арқалайды. Осындай жауапкершілікті белі бүгілмей көтере алатын жастардың аз болып тұрғаны өкінішті.
Гүлназ БАҒДАТҚЫЗЫ,
қала тұрғыны.