«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Туған жердің төл перзенті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ермек сомдаған бейнелер нанымды да шынайы, бедерлі де шымыр болып келеді. Бірін-бірі қайталамайтын, біріне-бірі ұқсамайтын бейнелер. Осы ретте Ермекті бүгінгі ауыл ѳмірінің айнасы десек әбден орынды”, – депті жерлес жазушы Сафуан Шәймерденов қаламгердің “Қас қағым сәт” атты кітабының алғысөзінде. Өзі өмір сүрген қоғамды, боямасыз өмірді, еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігін қаз-қалпында қағаз бетіне түсіру үшін барын салған қаламгер оқырмандардың жүрегінен орын алды.

Қаламгердің ғұмырбаянына жуырда кітапханада “Туған жерге берілген талант” деген атаумен ұйымдастырылған шарада терең бойладық. Іс-шара аудан өнерпаздарының орындауындағы музыкалық шашумен ашылды. Содан кейін аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбинов сөз сөйледі. Ол жазушы мұралары жас ұрпақты қарапайымдылыққа, адалдыққа тәрбиелейтінін айта келе, аудан орталығында қаламгер есімімен аталатын көше бар екенін жеткізді.

Ермек Қонарбаев 1955 жылы Ленин орта мектебін бітіргеннен кейін қазақ әдебиеті тарихын егжей-тегжейлі зерделеу және тілді жетілдіру үшін сол кездегі республика астанасы – Алматы қаласына жол тартады. Студент достарының ортасында ол тек пән білгірі ғана емес, сонымен қатар көптеген адамдарды ортақ идеяның айналасында жинай алатын жақсы ұйымдастырушы ретінде танымал болған. Курстастарының көпшілігі оның аккордтық, барқыт, біркелкі дауыспен ән айта алатын қабілетіне тамсаныпты.

Жазушы туған жерін ерекше жақсы көрді. Кіндік қаны тамған жерден жыраққа кетпеді. Ленин орта мектебінде мұғалім болды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында Ленин ауылында шығармашылыққа құмар жандардың шоғыры қалыптасты. Белгілі қаламгер Ғалым Малдыбаевтың айналасына прозашы Ермек Қонарбаев, ақын Жарасбай Нұрқанов, әдебиетші әрі ѳнерпаз Жылкелді Мұқанов, облыстың халық ақыны Ахметжан Нұртазин топтасып, дуылдасып әңгіме-дүкен құратын болған. Ермек Қонарбаев, міне, осындай ортада сөз ѳнерінің керемет құдіретін сезініп, әдебиет теңізіне шомылып, іштей ширығып, шыңдалып, биікке қанат қомдап, талпынып толысты. Одан кейін совхозда комсомол комитетінің хатшысы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, “Новопокровка” совхозында партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарды.

Ол өз материалдарын облыстық “Ленин туы” газетінде жариялай бастады. 1969 жылы “Жазушы” баспасынан оның алғашқы “Түнгі от” атты әңгімелер жинағы жарыққа шықты. Әдебиет сыншылары қаламгердің дарынын жоғары бағалады. Ауылдағы қызмет, үйдің шаруасы өзі сүйген әдебиетіне еркін құлаш сермеп сүңгіп кетуге мұрша бермесе де Ермек қаламын қаңтармады. Шабытты шақтарда шағын әңгімелер жазып, редакцияларға жолдап жатты. “Жол басы”, “Тиек” атты тағы екі шағын кітабын шығарды.

Қаламгердің өмірінен, еңбек жолынан сыр шерткен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Оразалин, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қойшыбай Шәниев, Ысқақ Ыбыраев ауылының ақсақалы Қайролла қажы ескірмейтін естеліктерімен бөлісті.

Кітапхана сөресінде қаламгердің бірнеше кітабы бар. Олар бүгінде оқырмандардың сүйікті туындысына айналған.

Қайырбай АМАНЖОЛОВА,

Шал ақын аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp