«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қанағат қарын тойғызар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғұлама Абай айтқан “бес асыл істің” бірі – қанағат. “Қа­на­ғат қарын тойғызар”, – дейді халық даналығы. Бірақ осы сөздің мағынасына терең бой­лайтын адамдар азайып барады.

Ата-бабаларымыз қара суды талғажау еткеніне разы болған ғой. “Таңғы уақытта күннің шыққанына, кеш қарая батқанына қуанатынбыз”, – дейтін үлкендер. Қазіргілер шүкір­лікті ұмытып барады. Болған сайын бола берсін, толған сайын тола бер­сін дейді.

Қоғамның санасын жаулап ал­ған нәрсенің бірі – ақша. Адамгерші­ліктің өзі ақшамен өлшенетін болды. Туыстық байланысты нығайту үшін емес, қалтасы қалың ағайынына жа­ғыну үшін шақырысқа баратындарды да құлақ естіп жүр. Жастардың кө­кейін ақша тесіп барады. Жұмысқа орналасу туралы әңгіме бола қалса алдымен ақшасы сұралады. Біреу­мен құда болу мәселесі айтылған жерде олардың ақшалары сөз бо­ла­ды. Ақша үшін небір сорақылық­­тарға барып жатқандарды есті­генде жаның ауырады.

Біздің жас кезімізде адамдар қа­нағат етуге үйір болды. Қолдарында барына разы болысты. Жоққа жар­масқан жоқ. Ақша мен адамгершілік қатар тұрғанда адамгершілікті таң­дайтынбыз. Ақшаға бола араздасып, бір-бірін көрмей жүрген бауырлар­дың барын білгенде көңіліме мұң ұялады.

“Бәрін ақша шешеді” деген бос сөз. Ол адамға материалдық тұрғы­дан демеу болуы мүмкін, алайда рухани байлыққа жетелей алмайды. Рухани жұтаң адамның ақшаның құ­лы­на айналуы әп-сәтте. Ақшаның алдында бүгін бас исек, ертең тізе бү­гетініміз сөзсіз.

Мен қанағатсыздық деген теріс мі­нездің астарында ашкөздіктің қылаң беретінін сеземін. Адамдарды алдап-соғып, сан соқтырып, мил­лион­даған қаржысын қолды етіп жатқандардың көбі – сол ашкөздер. Олар өздерінің осындай жиіркенішті әрекеттері арқылы кеуделеріндегі қуыс бұрышты толтырғысы келеді. Ол ешқашан толмайды. Қуыс кеудені рухани байлық, дарқан мінез ғана толтырады.

Жұмаш СЕЙІТБЕКОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp