Ғұлама Абай айтқан “бес асыл істің” бірі – қанағат. “Қанағат қарын тойғызар”, – дейді халық даналығы. Бірақ осы сөздің мағынасына терең бойлайтын адамдар азайып барады.
Ата-бабаларымыз қара суды талғажау еткеніне разы болған ғой. “Таңғы уақытта күннің шыққанына, кеш қарая батқанына қуанатынбыз”, – дейтін үлкендер. Қазіргілер шүкірлікті ұмытып барады. Болған сайын бола берсін, толған сайын тола берсін дейді.
Қоғамның санасын жаулап алған нәрсенің бірі – ақша. Адамгершіліктің өзі ақшамен өлшенетін болды. Туыстық байланысты нығайту үшін емес, қалтасы қалың ағайынына жағыну үшін шақырысқа баратындарды да құлақ естіп жүр. Жастардың көкейін ақша тесіп барады. Жұмысқа орналасу туралы әңгіме бола қалса алдымен ақшасы сұралады. Біреумен құда болу мәселесі айтылған жерде олардың ақшалары сөз болады. Ақша үшін небір сорақылықтарға барып жатқандарды естігенде жаның ауырады.
Біздің жас кезімізде адамдар қанағат етуге үйір болды. Қолдарында барына разы болысты. Жоққа жармасқан жоқ. Ақша мен адамгершілік қатар тұрғанда адамгершілікті таңдайтынбыз. Ақшаға бола араздасып, бір-бірін көрмей жүрген бауырлардың барын білгенде көңіліме мұң ұялады.
“Бәрін ақша шешеді” деген бос сөз. Ол адамға материалдық тұрғыдан демеу болуы мүмкін, алайда рухани байлыққа жетелей алмайды. Рухани жұтаң адамның ақшаның құлына айналуы әп-сәтте. Ақшаның алдында бүгін бас исек, ертең тізе бүгетініміз сөзсіз.
Мен қанағатсыздық деген теріс мінездің астарында ашкөздіктің қылаң беретінін сеземін. Адамдарды алдап-соғып, сан соқтырып, миллиондаған қаржысын қолды етіп жатқандардың көбі – сол ашкөздер. Олар өздерінің осындай жиіркенішті әрекеттері арқылы кеуделеріндегі қуыс бұрышты толтырғысы келеді. Ол ешқашан толмайды. Қуыс кеудені рухани байлық, дарқан мінез ғана толтырады.
Жұмаш СЕЙІТБЕКОВ,
еңбек ардагері.