«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қарттар үйіне – инватакси

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықаралық мүгедектер күніне орай “Қазақстан халық банкі” АҚ-ның облыстық филиалы Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығына инватакси көлігін сыйлады. Аққайың ауда­нында орналасқан бұл мекемеде 245 қария күтім көріп отыр. Орталықты паналаған мүгедектер мен зейнеткерлерге екі санат бойынша қызмет көрсетіледі.

Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Андрей Сембаевтың айтуынша, ор­та­лықта көлік болғанымен арбаға таңылғандарды тасымалдауға арнал­ған инватаксиге жетпейді. Енді орталық қамқорлығындағыларды медициналық мекемелерге, мәде­ни және спорттық іс-шараларға тасымалдау жеңілдейді. 

– Бұған дейін қайырымдылық қорымен бірігіп, Петропавл қала­сындағы және Тайынша ауданын­дағы орталықтарға осындай көлік сыйладық. Аз қамтылған отбасы­лармен де тығыз байланыстамыз. Халықаралық балаларды қорғау және білім күні қарсаңында осын­дай от­басыларға барып, кішкентай­ларды қуантамыз. Яғни біздің банк әлеуметтік саланы үнемі назарда ұстайды, – дейді “Қазақстан халық банкі” АҚ СҚОФ директорының орын­басары Саида Қабжанова.

Үкімет басшысы Әлихан Смайы­лов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында биыл мүгедектігі бар адамдарға ар­налған инватакси қызметіне жергі­лікті бюджеттерден 3,5 млрд. теңге бөлінетіні туралы айтқан болатын. “2022 жылы мүгедектігі бар 19 мың­нан астам адамға инватакси қызме­ті көрсетілді. Оның ішінде 6 мыңнан астамы креслоарбамен жүреді. 2023 жылға инватакси қызметтерін көр­сету үшін жергілікті бюджет қа­ражатынан 3 503,6 млн. теңге (2022 жылы – 2735,0 млн. теңге) көздел­ген”, –  деген еді Премьер-Министр.

Жергілікті бюджеттің мүмкіндік­терін ескере отырып, инватакси қыз­меттерін алу­шылар санатын және инватакси қыз­меттерін ұсынатын объектілер мен межелі пункттер тіз­бесі кеңейтіледі. Бұл ретте жергілік­ті атқарушы ор­гандар инватакси та­сымалдарына қажеттілікті ескере отырып, шарт жасасу кезінде жұ­мыс режімін белгілей де алады.

Ал жергілікті қаржы ұйымы қайы­рымдылық істерді жалғастыра бермек. Игі бастаманы облыс әкімі­нің орынбасары Қанат Дүзелбаев атап өтіп, банк филиалына сәттілік тіледі.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp