Мен он жеті жасқа толғанша әжемнің жанында болдым. Майдан даласына аттанған атам оралмай, әжем жесір атанған. Бауырынан тараған екі ұл, екі қызын қанаттыға қақтырмай өсіріпті. Ауылдағылар оның көпке жанашыр болғанын бүгінге дейін айтып отырады. Қиын-қыстау кезеңде мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттар мен жас балаларға қолдау көрсетіп, олардың аш-жалаңаш отырмауы үшін таңалакеуімнен кеш қарайғанға дейін қырман басында жұмыс істеген.
Әжем немерелерін жастайынан еңбекке баулыды. Таң сібірлеп атқанда ұйқыда жатқанымызды әбестік көріп, оятып алатын. Біз әжеміздің төсегінен: “Е, Алла, біссіміллә, осы күнді көрсеткеніңе шүкір. Жиғанымды алсаң да жүрегімдегі иманымды алма”, – деген сөздерді айтып тұратынын жаттап алғанбыз. “Сәл жата тұрайықшы” деп еркелікке салсақ: “Көсегелерің көгергірлер-ай, жағың түспей, жамандық көрмегірлер-ай, күн ұясынан шыққанына біраз болды”, – деп айқайға басады. Ауыз үйдің оң жақ бетінде тұрған шылаушынын алып, бетін, қолын жуады да, орамалының астына жасырынған қардай аппақ шашын сипайды. Содан кейін төргі бөлмеге беттеп, ғибадатын орындайды. Әжемнің әр күні осылай басталатын.
Бір күні есік алдында топырақты шашып, алаңсыз ойнап жүр едім, әжем шақырып алды. Шаң-шаң болған киімдерімнің бәрін шешіп тастап, темірден жасалған шараның үстіне тұрғызып, басымнан су құйып, сабынмен денемді ысқылап жуындырды. Сыртының бояуы оңа бастаған, есігі жамалған ескі сандығын ашып, ішінен судай жаңа көйлек пен шалбарымды, қоңыр бәтеңкемді алып кигізді. Сандығының түбінен құрт пен кәмпит алып, қалтама салып берді. Көйлек-көншектерін жинастырып, өзі де жол жүруге қамдана бастады. Екеуіміз автобусқа отырып, қонаққа кеттік. Жол бойы әңгіме айтады. Жай әңгіме емес. Қазақтың байырғы шежіре-дастандары. Таусоғар мен Толағай туралы алғаш рет әжемнен естідім. Жиренше деген шешеннің бар екенін, Алпамыс пен Қобыланды батыр жырын алғаш рет маған әжем айтып берді. Өйткені әжем тұнып тұрған шежіре болатын. Жадының мықтылығына таңғалатынмын. Көзімен көрген оқиғалардың болмашы бір сәтін де ұмытпайтын. Тілдің майын тамызып, көркем сөйлейтін. Әжем қонақта отырғанда адалдық туралы көп айтатын. Алты жылдық қана білімі бар ол маған қазіргі ғылым докторларынан кем емес сияқты көрінетін. Айтқан әр сөзі орынды әрі нық.
“Адалдық – асыл қасиет. Бірақ ол – жас шыбық сияқты өте нәзік. Егер бағбан жерге отырғызған жас шыбығын күнде баптап, қисық өскен бұтақтарын түзеп, күтім жасамаса, ол тереңге тамыр жайып жайқала өспеген болар еді. Адалдық та сол сияқты. Ол барлық адамның бойында кездесетін табиғи қасиет болғанымен, тәлімді, тәрбиені қажет етеді. Егер өскелең ұрпақты жастайынан шыншылдыққа, әділдікке, біреудің еңбегін қанамауға, өзгенің несібесіне қол сұқпауға тәрбиелемесе, олардың бойындағы табиғи адалдықты кір шалады”, – деп тілінің майын тамызып сөйлегенде ауылдағылардың көбінің аузы ашылып, таң-тамаша болатын.
Әжем қонақты Құдайдай күтті. “Қырықтың бірі қыдыр” деген сөзді үнемі айтып отыратын. Сосын қандай да болмасын асты өзі бастап беретін. Қарнымыз шұрылдап бара жатса да тамаққа қол созбай әжемізді күтіп отыратынбыз. Біздің үйде дастарқан басынан батасыз ешкім қозғалмайтын. Әжем әр күні әртүрлі бата береді. Соның бірі былай өріледі.
“Жай қолыңды, шырағым,
Берейін саған батамды,
Аққа қойып ниетіңді,
Қадірлі бол халқыңа,
Қайырмасын бетіңді,
Арыстандай бетті бол,
Дұшпанға сөзің өтімді,
Ғұмырлы бол, бақты бол,
Тең құрбыңның алды бол,
Маңайың болсын бекімді,
Дәл өзіңнен үзілмей,
Жетсін жеті атаңа,
Қымбат қазына секілді”. Әжем бізді “арыңды аяқасты етпе, үлкеннің жолын кеспе, біреуді жамандама, бөтен адамның ала жібін аттама” деген сияқты тыйымдар арқылы тәрбиеледі.
…Колледжде оқитын кезім. Ауылдан “тез жет” деген хабар жетті. Әжемнің жұмылған көздеріне қарап, мызғып жатқан шығар деп ойладым. Аяулымның мәңгі ұйқыға кеткенін білген жоқпын.
Мұрат СМАҒҰЛ,
Петропавл қаласының тұрғыны.