«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әжемнің әңгімесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен он жеті жасқа толғанша әжемнің жанында болдым. Майдан даласына аттанған атам оралмай, әжем жесір атанған. Бауырынан тараған екі ұл, екі қызын қанаттыға қақтырмай өсіріпті. Ауылдағылар оның көпке жанашыр болғанын бүгінге дейін айтып отырады. Қиын-қыстау кезеңде мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттар мен жас балаларға қолдау көрсетіп, олардың аш-жалаңаш отырмауы үшін таңалакеуімнен кеш қарайғанға дейін қырман басында жұмыс істеген.

Әжем немерелерін жастайынан еңбекке баулыды. Таң сібірлеп ат­қанда ұйқыда жатқанымызды әбестік көріп, оятып алатын. Біз әжеміздің төсегінен: “Е, Алла, біссіміллә, осы күнді көрсеткеніңе шүкір. Жиғанымды алсаң да жүрегімдегі иманым­ды алма”, – деген сөздерді айтып тұратынын жаттап алғанбыз. “Сәл жата тұрайықшы” деп еркелікке салсақ: “Көсегелерің көгергірлер-ай, жағың түспей, жамандық көрме­гірлер-ай, күн ұясынан шыққанына біраз болды”, – деп айқайға басады. Ауыз үйдің оң жақ бетінде тұрған шылаушынын алып, бетін, қолын жуады да, орамалының астына жа­сы­рынған қардай аппақ шашын си­пайды. Содан кейін төргі бөлмеге бет­теп, ғибадатын орындайды. Әжемнің әр күні осылай басталатын.

Бір күні есік алдында топырақты шашып, алаңсыз ойнап жүр едім, әжем шақырып алды. Шаң-шаң бол­ған киімдерімнің бәрін шешіп тастап, темірден жасалған шараның үстіне тұрғызып, басымнан су құйып, са­бынмен денемді ысқылап жуындырды. Сыртының бояуы оңа бастаған, есігі жамалған ескі санды­ғын ашып, ішінен судай жаңа көйлек пен шалбарымды, қоңыр бәтеңкем­ді алып кигізді. Сандығының түбінен құрт пен кәмпит алып, қалтама са­лып берді. Көйлек-көншектерін жи­нас­тырып, өзі де жол жүруге қам­дана бастады. Екеуіміз автобусқа отырып, қонаққа кеттік. Жол бойы әңгіме айтады. Жай әңгіме емес. Қа­зақтың байырғы шежіре-дастан­дары. Таусоғар мен Толағай туралы  алғаш рет әжемнен естідім. Жирен­ше деген шешеннің бар екенін, Ал­памыс пен Қобыланды батыр жы­рын алғаш рет маған әжем айтып берді. Өйткені әжем тұнып тұрған ше­жіре болатын. Жадының мықтылы­ғына таңғалатынмын. Көзімен көр­ген оқиғалардың болмашы бір сәтін де ұмытпайтын. Тілдің майын тамы­зып, көркем сөйлейтін. Әжем қонақ­та отырғанда адалдық туралы көп айтатын. Алты жылдық қана білімі бар ол маған қазіргі ғылым доктор­ларынан кем емес сияқты көрінетін. Айтқан әр сөзі орынды әрі нық.

“Адалдық – асыл қасиет. Бірақ ол – жас шыбық сияқты өте нәзік. Егер бағбан жерге отырғызған жас шыбығын күнде баптап, қисық өскен бұтақтарын түзеп, күтім жасамаса, ол тереңге тамыр жайып жайқала өспеген болар еді. Адал­дық та сол сияқты. Ол барлық адамның бо­йын­­­да кездесетін табиғи қасиет бол­ғаны­­мен, тәлімді, тәрбиені қажет етеді. Егер өскелең ұрпақты жас­тайынан шын­шылдыққа, әділдікке, біреудің еңбе­гін қанамауға, өзгенің несібесіне қол сұқ­пауға тәрбиеле­месе, олардың бойындағы табиғи адалдықты кір шалады”, – деп тілінің майын тамызып сөйлегенде ауылдағылардың көбінің аузы ашылып, таң-тамаша болатын.

Әжем қонақты Құдайдай күтті. “Қырықтың бірі қыдыр” деген сөзді үнемі айтып отыратын. Сосын қандай да болмасын асты өзі бастап беретін. Қарнымыз шұрылдап бара жатса да тамаққа қол созбай әжемізді күтіп отыратынбыз. Біздің үйде дастарқан басынан батасыз ешкім қозғалмайтын. Әжем әр күні әртүрлі бата береді. Соның бірі былай өрі­леді.

 “Жай қолыңды, шырағым,

Берейін саған батамды,

 Аққа қой­ып ниетіңді,

Қадірлі бол халқыңа,

Қай­ырмасын бетіңді,

Арыстандай бетті бол,

Дұшпанға сөзің өтімді,

Ғұмырлы бол, бақты бол,

Тең құр­быңның алды бол,

Маңайың бол­сын бекімді,

Дәл өзіңнен үзілмей,

Жетсін жеті атаңа,

Қымбат қазына секілді”. Әжем бізді “арыңды аяқасты етпе, үлкен­нің жолын кеспе, біреуді жаман­да­ма, бөтен адамның ала жібін атта­ма” деген сияқты тыйымдар арқылы тәрбиеледі.

…Колледжде оқитын кезім. Ауыл­­дан “тез жет” деген хабар жетті. Әжемнің жұмылған көздеріне қарап, мызғып жатқан шығар деп ойладым. Аяулымның мәңгі ұйқыға кеткенін білген жоқпын.

Мұрат СМАҒҰЛ,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp