Облыстық ЖИТС (СПИД) орталығының мамандары әлеуметтік желілерде “Баға жетпес көмек” челленджін бастады. Ондағы мақсат – иммун тапшылығы вирусымен ауыратын (АИТВ) балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек көрсетумен бірге балдырғандарды жаңа жылдық сыйлықтармен қуанту.
ЖИТС орталығының челленджін “Феникс” заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Қарлығаш Ақынова, “Петропавл электротехникалық зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Ерсұлтан Шамшиев қолдап отыр.
“Біз бастамашыл, қамқор солтүстікқазақстандықтарды челленджге қосылуға шақырамыз. Игілікті істер жасауға асығайық. Бұл қайырымдылық шарасынан туыстарымыз, достарымыз бен әріптестеріміз қалыс қалмаса екен”, – дейді олар.
ЖИТС облыстық орталығы директорының міндетін атқарушы Ринат Үлмесековтің сөзіне қарағанда, бүгінгі күні өңірде иммун тапшылығы вирусы инфекциясына 14 жасқа дейінгі 12 бала шалдыққан. Ал еліміз бойынша биылғы 11 айда 126 адамның АИТВ жұқтырғаны анықталған.
Гүлнәр ҚАЛИЕВА.