«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Танысу

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің ауылда жаңалық жасырынып көп жатпайды. Эфирден тараған соңғы хабарларша сағатында құлаққа сіңіп жатады. Сондай күндердің бірінде:

– Бізге жұмысшылар кооперациясына жаңа председатель келіпті. Семьясын көшіріп те әкеліпті, – деген лақап дүр ете түсті.

Келсе кезінде көрерміз деп, күн сенбі болған соң, моншаға тарттым. Моншаның табалдырығынан аттай бергенімде, еңгезердей бір шал:

– А, жақсы келдің, іл мынаны, – деп қолыма шапанын ұстатты.

Сәл таңырқап тұрып қалсам да, шалдардың өзімсінген бір жарасты өктемдіктері болатын, бұл бейтаныс қария да сөйтіп тұрған шығар деп, айтқанын екі етпей елпеңдей жөнелдім.

– Монша екеуімізге оңаша тиді, бала, асықпай бір жуынатын болдық, опыр-топырды сұбыханым сүймейді осы, – деп қояды.

Ішке кірісімен әлгі шалым:

– Кәне, бала, ыстық-суығын араластырып су құйып жібер. Парнайын дүрілдетіп қой, бусанып қыза берсін… Мә, мына шіләпшінге ыстық су құй да, мына жапырақты малып қой, жұмсара тұрсын, – деп өзімді әбден қолбала қылып меңгеріп алды.

Көпіршіген сабынды басыма жаңа жаға бастағанымда:

– Қоя тұр оныңды кел, ту сыртымды ысқылап жібер, – деп қолыма жөкесін тыққыштап жатыр.

Бір қолымды иық тұсына салып қойып дырылдатып жатырмын. Денесі тып-тығыз, тақа күтімсіз үйдің шалы емес сияқты. “Мен танымайтын бұл кім болды?” – деген күдігімді сезгендей өзі:

– Сен осы… менің кім екенімді білемісің, шырағым? – деді.

– Жоқ, білмей тұрмын.

– Ә, ә, білмеймін де… Еліңе жаңа бастық келді дегенді естіп пе едің?

– Естіп едім…

– Ендеше мен сол бастықтарыңның әкесімін. Енді білдің бе?

– А, а, білдім, білдім…

– Солай, шырағым, біліп қой. Сонымен, бұл тегін шал болмады. Ол енді жөкесін табанына жүгірте бастағанда, енді табанымды ыс деп бүлдіріп жүрер деген күдік ойыма келе қалды. Тезірек жуынып-шайынып сыртқа тайдым.

Дүкенге тарттым. Мен жете бергенде, бір аймақ шаңды үйіріп әкеп, бір жеңіл машина қалт етіп тұра қалды. Алдыңғы орыннан көрінген жуантық сары бір әйел машинаға сәл асылып тұрғандай болды да, кенет жерге дүңк ете түсті. Өзі де бес кісілік екен. Машина есігінің жабылған жабылмағанында жұмысы жоқ, үлкен сумкасын быртық шынашағына қыса дүкенге беттеді. Іле мен де кірдім.

Жұрт біраз бар екен. Мен кезекке тұрдым. Әлгі әйел киіп-жарып алға тартты. Қазақтан сыпайы халық бар ма, тұрғандар әлгіге алдымен кезек ұсынып, бір-екі орын кейін ысырылдық.

– Индийский қағаз шайың бар ма? – деді әйел дүкеншіге.

– Кеше ғана бітіп еді.

– Қап! Әкел ендеше ана балшығыңды, – деді жуан сары, – құдай-ай, көлден кетіп, шөлге келдік пе, немене!

Дүкенші ұсынған кірпіш шайды танауын тыржита бір иіскеді де, сумкасына сүңгіте салды. Сонсын:

– Кейін есептесерміз, – деп шығып жүре берді.

Біз де кезегімізді бір-екі орынға ілгері жылжыттық.

– Әлгіміз кім еді? – деп сұрадым алдымдағы кісіден.

– Ойбай-ау, естімеп пе ең? Бұл…

Көңіліме бір түйсік келе қалды:

– Жаңа бастықтың әйелі болмаса игі еді?

– Дәл өзі.

– Імм, әйелі де.

Шаруамды бітіріп, дүкеннен шыға бергенімде, мектепте бір жұмысым бары есіме келді. Солай бұрылдым. Дүкеннен алыста еместі. Жасым қырыққа таяп қалса да, бала кезден бойға сіңіп қалған әдетім – мектеп үйінің табалдырығынан аттай бере бас киімімді қолыма аламын. Мен үшін бұл дүниенің меккесі – мектеп. Қазір де, міне, кепкемді қымқыра ұстап, залға кіргенімде, бір топ балаға көзім түсті. Соның ішінде әсіресе біреуі… кепкасын көзіне қарай бастыра киіп алған, қиғылықты салып жүр. Танауы қоңқақтау біткен екен, онысын қорс-қорс тартып қояды.

– Мұнда кел, бала, – деп саусағыммен нұсқап шақырып алдым.

Келді. Ежірейіп өзімді ішіп-жеп барады.

– Бас киіммен неге жүрсің мектепте? – дедім.

Ұсқыным мұғалімге ұқсамайтын болған соң-ау деймін, бала иығын қиқаң еткізді:

– Оны қайтесің?

– Өй, не дейді мынау, кімсің сен сонша, фамилияң кім? – деп зіркілдедім.

– Мен председательдің баласымын, – деп салды ол.

– Құдайдың баласы болсаң да шеш бас киіміңді, – деп ақырып қалдым.

Осыным ем болса керек, сұр кепке бастан қинала сырғып кеп қолға тұрды.

… Жаңа келген бастықтың өрен-жаранымен осылай таныстым. Ал өзін қай мезгілде, қандай жағдайда көретінімді кім білсін…

Ермек ҚОНАРБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp