Халықаралық мүгедектер күніне орай “Қазақстан халық банкі” АҚ-ның облыстық филиалы Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығына инватакси көлігін сыйлады. Аққайың ауданында орналасқан бұл мекемеде 245 қария күтім көріп отыр. Орталықты паналаған мүгедектер мен зейнеткерлерге екі санат бойынша қызмет көрсетіледі.
Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Андрей Сембаевтың айтуынша, орталықта көлік болғанымен арбаға таңылғандарды тасымалдауға арналған инватаксиге жетпейді. Енді орталық қамқорлығындағыларды медициналық мекемелерге, мәдени және спорттық іс-шараларға тасымалдау жеңілдейді.
– Бұған дейін қайырымдылық қорымен бірігіп, Петропавл қаласындағы және Тайынша ауданындағы орталықтарға осындай көлік сыйладық. Аз қамтылған отбасылармен де тығыз байланыстамыз. Халықаралық балаларды қорғау және білім күні қарсаңында осындай отбасыларға барып, кішкентайларды қуантамыз. Яғни біздің банк әлеуметтік саланы үнемі назарда ұстайды, – дейді “Қазақстан халық банкі” АҚ СҚОФ директорының орынбасары Саида Қабжанова.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында биыл мүгедектігі бар адамдарға арналған инватакси қызметіне жергілікті бюджеттерден 3,5 млрд. теңге бөлінетіні туралы айтқан болатын. “2022 жылы мүгедектігі бар 19 мыңнан астам адамға инватакси қызметі көрсетілді. Оның ішінде 6 мыңнан астамы креслоарбамен жүреді. 2023 жылға инватакси қызметтерін көрсету үшін жергілікті бюджет қаражатынан 3 503,6 млн. теңге (2022 жылы – 2735,0 млн. теңге) көзделген”, – деген еді Премьер-Министр.
Жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, инватакси қызметтерін алушылар санатын және инватакси қызметтерін ұсынатын объектілер мен межелі пункттер тізбесі кеңейтіледі. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар инватакси тасымалдарына қажеттілікті ескере отырып, шарт жасасу кезінде жұмыс режімін белгілей де алады.
Ал жергілікті қаржы ұйымы қайырымдылық істерді жалғастыра бермек. Игі бастаманы облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев атап өтіп, банк филиалына сәттілік тіледі.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.