Салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен пайдаланылып жүрген болса, кейбірі ұмыт қалып барады. Әсіресе жастарымыз біле бермейтін салт-дәстүрлеріміз жетерлік. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті оларды біле жүру, кей-кейде өмірде іске асыру да артық етпес.
Ақсарбас атау. Қауіп-қатерге ұшырағанында “А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!” деп мал атайтын болған. Мұндай жағдайда “Ақсарбас!” деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл-аймағын шақырып құдайы ас берген. Ақсарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл қасқа (сиыр). Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны союға тиіс.
Асату. Бұл дәстүр Сәбит Мұқановтың “Халық мұрасы” деген кітабында толық баяндалған. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанында, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретінді.
Ат тұлдау. Ер адам қайтыс болғанында мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сояды.
Аяғына жығылу. Кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тиісті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. “Аяғына жығылу” – әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі.