«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚУЫЗЫ МОЛ МАЛ АЗЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мал және құс шаруашылығында қазіргі жағдайында азық ресурстарының жеткіліксіздігі, жергілікті жерлерде өндірілетін азықтық қоспалар түрлерінің тапшылығы – өте өзекті мәселеге айналып отыр. Мамандардың пікірлеріне қарағанда, мал мен құсты қоректендіруде рационда ақуыздың жетіспеушілігі салдарынан ғана 40 пайызға дейін табыс көзінен айырылып, шығынға бататын көрінеді. Осы себепті отандық және шетелдік зерттеушілер азық базасының әлеуеттік мүмкіндігін зерделей келіп, қоректік заттарды толығырақ қамтамасыз ететін жаңа азықтық заттар мен қоспаларды табу бағытында ізденістерін талмай жалғастырып келеді. Біздің ойымызша, мұндай ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге азықтық қоспаларды кешенді түрде өндіруден бөлек, отандық өндірістің дамуына мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдікті бағдарламалар мен жобалар да қозғау салған сияқты. Соңғы жылдар бедерінде әлем бойынша биологиялық құндылығы жағынан мал мен құстың құрамажеміндегі қымбат ингредиенттерді алмастыра алатын азықтық заттар мен қоспалардың өндіріске енгізілуі де түрткі болғандай.

Солтүстік Қазақстанның жем-азық базасының құрамы бидайдың, арпаның, қарабидайдың, сұлының басымдылығымен сипатталады. Рациондардың ақуыз бөлігі негізінен өңделген күнбағыс өнімдерінен тұрады. Өкінішке қарай, теріскейдің қатал әрі тәуекелге толы табиғи-климаттық жағдайы Батыс пен АҚШ-тағыдай ақуыз бен көмір-суы жоғары мөлшердегі соя мен жүгері өсіруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан азықтық қоспалардың жаңа түрлерін жасауда, оларды өндіруде бастапқы шикізаттарды сақтау және де табиғи азықтық құндылықтарын көбейту – басым бағыттардың бірі болып саналады. Осыған байланысты өңірде орналасқан “СК-Протеин” ЖШС-ның басшылығы мен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары бірлесе отырып, “Ауыл шаруашылығы малдарының тері шикізаттары мен қалдықтарынан белоктық азықтық ұнтақ өндіру технологиясы” жобасын жүзеге асырудың бірегей әдісін таңдап алды. Тынымсыз жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде мал терілері мен олардың қалдықтарынан дайындалған ақуызды азық ұнтағы құстар мен малдарды азықтандыру технологиясы ретінде қолданылатын болады. Тері шикізаты протеиннің қолжетімділігін жоғарылату мақсатында 110-130 0С ыстық температура мен 130 атмосфералық қысымда қышқылдық гидролизделіп, ондағы ақуыз еріп, қорытылуға ыңғайлырақ күйге енеді. Осылайша түйіршікті азық ұнтағы малдар мен құстардың рациондарына азықтық үстеме ретінде қосылады. Протеин жеткіліксіз, азықтық калория төмен аймақтарда құнды құрама жем ретінде бағаланады.

“СК-Протеин” ЖШС-да ақуызды азық ұнтағын өндіру технологиясы барысында ветеринарлық инспекцияның анықтамалары негізінде ірі қара мал мен жылқы терілері сою цехтарынан сатып алынады, кептіріліп, тазаланады. Арнайы аппараттарда бидай дәнінің көлеміндей (4-5 мм) ұсақталады, қайта кептіру мен жүн қалдықтарынан арылтып, шикізаттың ылғалдылығы 10-12 пайыздан асырылмайды. Шикізат өте жоғары температура мен атмосфералық қысымда өңдеуге жіберіледі, зиянды бактериялар жойылып, 82 пайыз мөлшерінде протеині бар масса алынады, сосын ұнтақталады.

Алынған өнім “Алматы технологиялық университеті” АҚ-ның тамақ өнімдерінің сапасын бағалау мен қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу зертханасында зерттеліп, ұнтақ экологиялық таза өнім саналып отыр.

Ақуыз азық қоспасын дайындау техникасы мен технологиясын талдау нәтижелері жемдік азықтың болашағы зор деп түйіндеуге мүмкіндік берді. Өйткені экструзиялау ылғалдылығы 10-12 пайыз мөлшерінде пресс-грануляторларда өңделіп, белоктардың құрылымы айтарлықтай өзгереді. Сосын өнім 70-75 0С температураға дейін ысытылады. Осындай өңдеу технологиялары барысында сутегілік-иондық және ковалентті байланыстар төмендеп, белок молекулаларының физика-химиялық қасиеттері өзгереді. Целлюлоздық-лигниндік қосылыстардың реакциясы арқасында шикізаттың азықтық құндылығы жақсарады. Бұл жағдайда крахмал мөлшері 12 пайызға дейін азайып, декстриндер (крахмал гидролизінің бастапқы өнімдері) 5 есеге ұлғаяды. Ал қант құрамы 14 пайызға дейін өседі. Сонымен қатар дәндердің санитарлық жағдайы да жақсарып, патогендік микрофлора мен көгергіш саңырауқұлақтар толықтай жойылады.

Тері шикізатынан алынған ақуыз ұнтағы мен бидай кебектері концентраттарының жоғары биологиялық құндылықтарына орай болашақта азық шикізаттарын және оларды байытқыштардың сапасын жақсартушы ретінде қолданылады деген сенім мол. Бір сөзбен айтқанда, мал мен құсты азықтандыруда және осы заманғы ақуызы азықтық қоспа ретінде сапалық қасиеті өте жоғары.

Ақан ЖҮНІСОВ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp