Бескөл ауылының тұрғыны Әлібек Қозымбетовті қоғамдық талқылауға түскен бірыңғай уақыт белдеуіне көшу жайы қызықтырады. Ол редакцияға жолдаған сауалында жақсыға жаттық жоқ екенін айта келіп, адам денсаулығына зиян келтірмей ме деген қаупін жасырмапты.
Жұртшылықты қызықтырып, біржағынан түрлі күмән тудырып отырған мәселеге қатысты құзырлы органдардың ұстанымдарын топтастырып, газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.
Сарапшылар мен ғалымдардың айтуларынша, бұған дейін елімізде UTC+5 және UTC+6 деген екі түрлі уақыт белдеуі қолданылып келген. Елдің көп бөлігі (батыс өңірлерді қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан. Олардың UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді және биологиялық ритмдер мен адам денсаулығына кері әсері бар деген ойлары қисынсыз емес. Осы мәселені кешенді пысықтау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі жанынан Парламент депутаттары, ғылыми институттар, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен тиісті жұмыс тобы құрылған.
2023 жылғы 1 желтоқсандағы жұмыс тобының отырысында шешім бекітіліп, елімізде UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуін енгізу ұсынылып, осы нұсқаны дұрыс әрі қолайлы көрген. Осыған орай Үкімет қаулысының жобасы әзірленген. Құжат 22 желтоқсанға дейін қоғам талқысына шығарылмақ. Сөйтіп, 2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа шегереді. Осылайша еліміздің барлық аймағы 5-інші сағат белдеуіне көшеді.
Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев бұл мәселенің ұзақ уақыт талқыланғанын айтады.
“Бәріміз де таңғы сағат 9-да жұмысқа барамыз. Ол уақытта дала қараңғы болып тұрады. Әрбіріміздің отбасымыз және балаларымыз бар. Олар мектепке барады. Балалар мен жасөспірімдердің ұйқысы қанбаса, олардың сабақ оқуға қабілеті қайдан болады? Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу осы жағынан тиімді. Өзгерістің басқа да оң әсері мол. Мысалы, адамның денсаулығы жақсарса, бұл экономикаға да оң септігін тигізеді. Өңірлер арасында өзара байланыс артады. Еліміздің батысы басқа сағат белдеуінде, Астанамен салыстырғанда бір сағат айырмашылық бар. Өзгеріс болса, көліктер де бір уақытпен барып, бір уақытпен келеді”, – дейді комитет төрағасы.
Сондай-ақ ол UTC+5 уақыт белдеуінің қандай артықшылықтары бары және еліміздің тыныс-тіршілігіне қайта оң өзгерістер болатынын да жеткізді. Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу, десинхроноздың болуына жол бермейді. Десинхроноз дегеніміз – биологиялық ырғақтың бұзылуы. Оған шаршау, депрессия, ұйқысыздық, әр-түрлі жүрек-қан тамыр аурулары себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ ұйқының қанбауы, шаршау, созылмалы аурулардың объективті алғышарттарының қалыптасуына жол бермейді. Қазір әлемдегі 175 мемлекет – бірыңғай уақыт белдеуінде. Сондықтан мұндай шешім дер кезінде қабылданғалы отыр және ғалымдардың пікірімен сәйкес келеді. Бұл өзгеріс бизнеске де қолайлы, мемлекеттік органдар мен шұғыл қызметтер арасындағы өзара іс-қимыл үйлесімді болады.
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесі тек бүгін көтеріліп отырған жоқ. Әр өңір тұрғындары өтініш-тілектерін жіберіп, ғалымдармен бірге қарастыруды сұрап, ұсыныстар жасаған. Жұмыс тобының құрамына түрлі саланы зерттейтін ғалымдар, астрофизиктер, онкология ауруларын емдейтін дәрігерлер, биоритмді зерттейтін ғалымдар, белсенді азаматтар кірген.
Сарапшылар елдегі табиғи уақыттың сәйкес келмеуі адам ағзасына теріс әсерін тигізетінін алға тартады. Сондықтан тұтас ел бойынша уақытты бір сағатқа ауыстыруды жөн санайды. Осыған орай Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау министрліктерінің алаңында ғалымдардың қатысуымен мәселе бірнеше рет талқыланған. Ғалымдардың консенсусына сәйкес, экономика және адамның денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін ең дұрысы бірыңғай уақыт белдеуі болмақ.
Парламент Мәжілісі депутаттарының пайымынша, сағаттық белдеудің бірізділігі көптеген салаға оң әсер етеді. Елімізде Шығыс Қазақстан облысы болмаса, қалғанында уақыт айырмашылығы бар. Қостанайдың кейбір аудандарында 2 сағатқа жақын айырмашылық байқалады. Мысалы, бұл өңірде жазда 11-ге дейін күн батпайды.
Көпшілік уақыттың Астанамен әртүрлі белдеуде болғанына қарсы. Бұған қатысты медициналық зерттеу кейінгі 10 жылда ғана мүмкін болған. 2017 жылы осы тақырыпты зерттеген бір топ ғалым Нобель сыйлығын алған соң (тәуліктік ритмдердің зерттеуі туралы) бүкіл әлем осыған баса назар аудара бастаған. Мұны ғылымның жаңа саласы деуге болады. Оның ішінде АҚШ-та, Еуропада зерттеулер жасалып жатыр. Бұрын Қазақстан бірыңғай белдеуде болса, кейінгі 30 жылда Гринвич уақытынан 6 сағат айырмада қалып қойған. Астананың территориялық орналасқан жері бойынша табиғи уақыттан 1 cағат 20 минуттай айырмашылығы бар.
Бүгінде комиссия өзінің ұсынысын берді. Үкімет бұл мәселені қарап, арнайы қаулы шығаруға тиіс. Қолданбалы хронобиология мамандарының айтуларынша, уақыт алға жылжымайды, тек бұрынғы уақыт жүйесі тездетіледі.
Дайындаған
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.