«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮСТЕМЕАҚЫНЫ ЗАҢСЫЗ АЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Соның бірі – Тимирязев ауданының жергілікті атқарушы органдарында қызметтік тәртіпті нығайту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлықтың және әдеп нормаларын бұзудың алдын алу жайы. Аталған мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмысты Тимирязев ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қанат Иманжанов баяндады.

Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің сыйақы алу кезіндегі құқықтарын сақтауына талдау жүргізіпті. Талдаудың нәтижесінде екі заң бұзушылық анықталған. Соның бірі Мамлют ауданында тіркелген.

– Мамлют ауданы әкімі аппаратының басшысы шектен тыс үстемақы алғаны белгілі болды. Сома оның еңбекақысының 30 пайызына сәйкес келмейтіні анықталды. Профилактикалық бақылау жұмыстарының нәтижелері бойынша артық ақша жергілікті бюджетке қайтарылды, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Дархан Ермеков.

Сондай-ақ кеңесте әлеуметтік кепілдіктерді сақтау мәселесі де талқыланды. Өңірде кейбір мемлекеттік органдар еңбек демалысына шыққан қызметкерлеріне тиісті қаржыны аудармаған және іссапар шығындарын дұрыс төлемеген. Яғни 7 миллион теңгеден аса қаржы тиісті мақсатта жұмсалмаған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Әсемгүл Бегалинаның айтуынша, 362 жергілікті атқарушы орган мен орталық мемлекеттік органдардың 112 бөлімшесінде талдау жүргізілген. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын бұзудың 436 фактісі анықталды. Сондай-ақ іс-сапар шығындарын төлеуге қатысты 163 заң бұзушылық тіркелді. Бүгінгі күні заңсыз істердің салдары жойылып, мемлекеттік органдар тиісті соманы толық көлемде өтеген.

Кеңестің отырысында келер жылдың жұмыс жоспары да бекітілді. Ендігі жылы 23 профилактикалық мәселе қаралмақ.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp