Өңірлік коммуникациялар қызметінде сауда қызметін реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде баспасөз конференциясы өтті. Оған облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ләзім Мияшева мен облыс бойынша кәсіпкерлер және тұтынушылар құқығын қорғау бірлестігінің төрайымы Надежда Дубовая қатысты.
Алғаш болып сөз алған Ләзім Мияшева бүгінде Мәжіліс депутаттары тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі заңды қарап жатқанын жеткізді. Өйткені соңғы жылдары ел бойынша тұтынушылар тарапынан түсетін шағымдар көбейген. Мәселен, 2022 жылы департаментке 491 шағым түссе, биылғы 11 айдағы шағымдар саны былтырғыға қарағанда 8,4 (бөлшек саудаға көңілі толмағандар саны – 41, электрондық саудаға қатысты 46, тұрмыстық қызметке қатысты 3 пайыз) пайызға артқан. Бұл – бір жағынан тұтынушылық мәдениеттің артқанын көрсетсе, екінші жағынан кәсіпкерлердің жауапсыз жұмысының айғағы.
– Заң жобасы тұтынушыға өз құқықтарын қорғау үшін таңдау беруді қарастырады. Яғни тұтынушы өз шағымын бірден сотқа немесе жауапты органға жолдай алады. Сонымен қатар аталған салада тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі обдусмен тағайындау да қоғам белсенділерінің жұмысын ширатады. Туризм, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, көлік қызметі, байланыс, мәдениет салаларында да тұтынушылардың құқығына мән беріледі. Заң жобасында зардап шеккен тұтынушы пайдасына кәсіпкер есебінен айыппұл төлету ұсынылған, – деді Ләзім Мияшева.
Соңғы кезде онлайн-сауданың етек алуына байланысты сату платформаларына қатысты түсетін шағымдар көбейген. Жыл басынан бері департаментке осы салаға қатысты 246 өтініш түскен. Департамент мамандары “Wildberries” маркетплейсінің 72 сатып алушысына жалпы көлемі 2,7 млн. теңге ақшасын қайтарып алуға көмектескен. Онлайн сауда барысында басқалардың қалтасын қағатын алаяқтық жағдайлар да кездесіп жатады екен. Мұндайға ұрынбау үшін департамент басшысының орынбасары тауар сатып аларда сатушының парақшасын мұқият қарауға, сенімсіз адамдарға ақша аудармауға, жеке деректерді бермеуге кеңес береді.
Соңғы жылдары тұтынушылардың шағымдарының көбейіп келе жатқанын Надежда Дубовая да растап отыр. Ол жетекшілік ететін ұйымға жыл басынан бері жалпы құны 14,6 млн. теңге болатын 231 өтініш түскен. Оның 80 пайызы сотта, сотқа дейін, медиаторлардың қатысуымен шешілсе, 28-і соттың қарауында жатыр.
– Түсетін шағымдардың 40 пайызы тұрмыстық техника, 35 пайызы жиһаз, 10 пайызы азық-түлік, 3 пайызы коммуналдық қызметтер, 2 пайызы косметика мен парфюмерияға қатысты. Электронды саудаға көңілі толмайтындар да көп. Кей жағдайларда құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істейміз. Онлайн сауда жасайтын кей сатушылардың әрекетінен қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері байқалып қалады. Интернет арқылы тапсырыс берген тауарды курьер немесе пошта арқылы алған кезде бірден тексеріп, қабылдау актін толтыру керек, – дейді Надежда Дубовая.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.