«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕНІ САУ БАЛА — ЕЛ ЕРТЕҢІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұрпақ саулығын сақтау міндеті жүктелген облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылғанына биыл қырық жыл толды. Емдеу мекемесі халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіп, ел ықыласына бөленіп келеді. Бұл – Петропавл қаласы мен облыс ауылдарының 18 жасқа дейінгі балаларына жоспарлы, шұғыл стационарлық, консультациялық көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым.

Бүгінгі таңда көпбейінді облыстық балалар ауруханасында 370 орынға есептелген 12 бөлімше жұмыс істейді. Жыл сайын стационарда 14 мыңнан астам бала емделеді. Амбулаториялық оңалту бір ауысымда 125 баланы, консультативтік-диагностикалық орталық 250 сырқатты қабылдай алады.

Бас корпустың қабылдау бөлмесі тәулігіне орта есеппен 120-дан 150-ге дейін, ал инфекциялық корпустың қабылдау бөлмесі 60 шақты сырқатты қабылдайды. Өткен жылы ауруханаға балаларға эндоскопиялық рино-хирургиялық оталар жүргізуге мүмкіндік беретін ЛОР аппараты сатып алынды. Мұндай операция ел бойынша бұрын Алматы және Астана қалаларының клиникаларында ғана жасалған.

Жарақат бөлімшесінде де жаңа әдіс енгізіліп, енді жалпақ вальгус деформациясына ота жасалады. Сонымен қатар бөлімде церебральды сал ауруы бар балаларды емдеу әдісі игерілді. Дәрігерлер иық сүйегінің сынуы кезінде жабық ота жасап, металл құрылғымен бекіте алады.

Хирургиялық бөлімше негізінде урологиялық профиль жұмыс істейді, ол туа біткен гидронефроз және несепағар-бүйрек рефлюкс мәселелерін жояды, заманауи препараттар мен емдеу әдістерін қолдана отырып, бейнецистоуретроскопия және эндоскопиялық түзету жүргізеді. Бұл емдеу түрі ашылғанша дейін урологиялық патологиясы бар сәбилерге Астана қаласындағы “University Medical Center” корпоративтік қорының “Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы” базасында жедел ем көрсетіліп келген.

Ауруханада соңғы 1,5 жылда 5 мыңнан астам компьютерлік томография зерттеу жоспарлы және шұғыл түрде жүргізілді. Былтыр магнитті-резонанстық SIGNA томографы сатып алынып, желтоқсан айынан бастап МРТ кабинеті өз жұмысын бастады. Күніне орташа есеппен стационарлық және амбулаториялық науқастарға 12-14 зерттеу жасалады.

“Емдеу мекемесінде пациентке қолдау көрсету қызметі жұмыс істейді, ол халықпен белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, науқастардың шағымдарын болдырмау, көпбейінді облыстық балалар ауруханасында медициналық көмектің сапасын басқару бойынша іс-шараларды ұйымдастыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында тәулік бойы қоңыраулар қабылдайды”, – дейді Нұрлан Айманов.

Осыдан төрт жыл бұрын травматология, ортопедия, хирургия, оториноларингология және нефрология бөлімшелері күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Былтыр “Сәби” қайырымдылық қоры жобасының арқасында қабылдау бөлімшесі мен операциялық блок жөнге келтірілген. Аурухананың қабылдау бөлімшесі барлық заманауи талаптарға жауап береді. Операциялық блокта үш операциялық бөлме бар, олардың әрқайсысы ламинарлы ауа ағыны жүйесімен қамтамасыз етілген.

“Ауруханамызда көрсетілетін медициналық көмектің түрі көбейді: тәулік бойы стационарда қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, балалар урологиясы, балалар гинекологиясы сияқты бейіндер қосылды. 2020 жылдан бастап сәбилерге стационарлық көмектің балалар инфекциясы деп аталатын жаңа түрі көрсетілуде, бұл кешенді түрде емдеу стандарттарын сақтай отырып жұқпалы аурулары бар кішкентай пациенттерді емдеуге мүмкіндік берді. Консультациялық-диагностикалық орталық сондай-ақ, арнаулы дәрігер мамандармен толықты, биыл штатқа балалар неврологтары, кардиологтар, эндокринологтар және балалар аллергологы алынды”, – дейді Нұрлан Айманов.

Маманның айтуынша, аурухана қызметкерлерінің еңбекақысы жыл сайын өсуде, 2018 жылы кәсіпорындағы дәрігердің орташа жалақысы 250 мың теңгені, орташа медицина қызметкерінің жалақысы 108 мың теңгені құрады. Сол уақыттан бері дәрігердің орташа еңбекақысы 3 есеге өсіп, биыл 758 мың теңгеге жетті, орта медицина қызметкерінің орташа жалақысы түнгі кезекшілікті қоса атқарғаны және демалыс, сауықтыру ақысын ескере отырып, 328 мың теңге болды.

Медициналық көмекті дамыту, аурухананы нормативтерге сәйкес қосымша жарақтандыру, моральдық және физикалық жағынан тозған медициналық жабдықтарды жаңарту мақсатында жыл сайын аурухананың материалдық-техникалық жарақтандырылуы жақсарып жатыр. Анестезиологиялық және реанимациялық жабдықтар, рентген аппараттары, ультрадыбыстық стационарлық диагностикалық жүйелер, операциялық, эндоскопиялық, хирургиялық, оториноларингологиялық және басқа да құрылғылар жаңартылып, толықтырылып келеді.

Заманауи медициналық жабдықтарды сатып алу медициналық көмек көрсету сапасын жақсартады, пациенттің стационарда болу ұзақтығын қысқартады, облыстан тыс жерлерге шықпай-ақ, барлық қажетті медициналық, оның ішінде балалар ауруханасында диагностикалық көмек алуға мүмкіндік береді.

Аурухана ұжымы емдеу мекемесінің дамуына бар ғұмырларын сарп еткен аға буын өкілдерінің ізін жалғастыруды міндеттері санайды. “Бейнеттерінің зейнетін көріп отырған әріптестеріміз түрлі қиындықтарды бастан өткергендерін, жарықсыз, сусыз ота жасағандарын айтқанда бұл әңгімелерді ертегідей қабылдайтынымыз жалған емес. Емдеу мекемесіндегі қазіргі жағдайды тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы кезеңмен салыстыра алмаймыз. Ауруханамыз қажетті мамандармен толығып жатыр. Бүгінгі таңда біздің медициналық ұйым дәрігерлермен 100 пайыз қамтылды”, – дейді дәрігер.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp