Назарбаев зияткерлік мектебінде танымдық-зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Оның мақсаты – өскелең ұрпақтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Яғни, сұрақтар қаржы төңірегінде болды. Білім жарысына 150-ге жуық оқушы мен студент қатысты.
М.Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің оқушысы Жансұлу Әбілтаева бұл сайысқа тиянақты дайындалыпты. Тіпті мектеп бағдарламасынан сұрақтарды қызу талқылаған.
– Жарыста мектеп намысын қорғайтындықтан бізге зор жауапкершілік жүктелді. Дайындық барысында мұғалімдеріміз көп көмектесті. Түрлі деңгейдегі жарыстарға жиі қатысқандықтан сайыс талаптарын қатаң сақтауға машықтанғанбыз, – дейді “БЭСТ” мектеп-гимназиясының оқушысы Дильназ Бектұрова.
Ойын 7 кезеңнен тұрады. Әр кезеңде 7 сұрақ қойылды. Ең көп ұпай жинаған команда жеңімпаз атанды.
Ұлттық банктің Солтүстік Қазақстан филиалының директоры, қазылар алқасының мүшесі Диас Мэлстің айтуынша, осындай шаралар балалардың қаржылық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.
– Қазір қаржылық сауаттылықтың маңызы артты. Қоғамда алаяқтар жиі кездеседі, қаншама адам алданып жатыр. Бұл – қаржылық сауатсыздықтың салдары. Осы орайда білімді ұрпақ қалыптастыру үшін танымдық-зияткерлік шараларға баса мән берген жөн, – дейді ол.
21 команда қатысқан білім жарысында Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының командасы үздік деп танылды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.